Руханият

Қаламгер – Қарашаңырақта

Әр адамға алғашқы жұмыс орыны ыстық. Осы қағидатты берік ұстанған белгілі журналист, жазушы, бірнеше кітаптардың авторы, В.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәмила ҚҰДАБАЕВА қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газетіне деген өткен күндер естелігі мен сағынышын ала келді.

Әлқисса, Кәмила апай 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, дипломын қолға алып, партияның жолдамасымен Қарағанды қаласына жол тартады.

– «Социалистік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетіне имене кірдім. Басында қиналдым. Бірақ, алдыңғы толқын ағалар мен апайлар жол сілтеп, үлкен өмірге араластым. Өмірге шыңдаған да осы қарашаңырақ. Қыз болсақ та ыстық пен суыққа қарамай іссапарға да шықтық, бір мақала жазу үшін ат-арбамен жүрген күндер де болды. Қали Садықов, Қанат Жойқынбеков, Тілектес Арыстанбекова сынды аға буын журналистердің сын тезінен өттік. Кейін Жезқазғанда, Қаражалда журналистік еңбек жолымды жалғастырдым, – дейді Кәмила апай.

Қарағандыдан түлеп ұшқаннан кейін республикалық «Жалын» баспасында, Жоғары Соттың «Тура би» журналында жауапты қызметтерде, «Ару жан» әйелдер журналында бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеген Кәмила Құдабаева көркем аударма саласында қарақалпақ жазушысы Т.Қайыпбергеновтің жасөспірімдерге арналған повестерін, орыс жазушысы Г.Немченконың балаларға арналған повестері мен әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған.

Қазақ жазушылары арасында детектив жанрына алғаш қалам тартып, түрен салған да осы Кәмила апай. Кездесу барысында сөз алған «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков «Ұйқысыз түндер» кітабын екі-үш қайтара оқығанын айтып, жазушы мерейін асыра түсті.

Жазушының «Ұйқысыз түндермен» бірге «Қызыл көйлекті қыз», «Раушан гүлдер», «Ең сұлу әйел», «Бидайшы бабаның арғы аталары мен кейінгі ұрпақтары» жинақтары оқырмандар қолында.

Қызықты да тағылымды кездесуге «Орталық Қазақстан» газетінің ардагерлері Аман Жанғожин, Сүйіндік Жанысбай, Кәмила апайдың рухани сіңілісі бола білген, телерадио саласында 35 жыл жұмыс істеген Нұрғайым Әліпбекқызы келіп, өткен күндерден сыр шертісті.

«Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Қамбар Жұмағалиұлы ұжым атынан қадірлі қонаққа сый-сияпат жасап, иығына алтын зерлі шапан жауып, Қарағандының бас газетінің 80 және 85 жылдығына арналып шығарылған естелік кітапты тапсырды.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button