Махамбет ауданында Президент Жолдауының негізгі міндеттеріне арналған кездесу өтті
Атырау облысының Махамбет ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге арналған кездесу өтті.

«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен жиынға аудан тұрғындары, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Мұса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев және Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев қатысты.

Кездесуде ел экономикасын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру мәселелері қозғалды.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев Жолдауда айқындалған экономикалық басымдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, халықтың нақты табысын арттыру, инфляцияны тежеу, баға тұрақтылығын сақтау және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға назар аударды.

Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін көтерді. Оның ішінде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және балаларды оңалту жүйесін жетілдіру бағыттары қамтылды.
Жиында ауыл шаруашылығын қаржыландыру, өнімді сақтау мен өткізу тетіктерін жетілдіру, агрологистикалық орталықтардың шағын шаруашылықтарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Бұдан бөлек, Атырау өңірі үшін маңызды су ресурстарын тиімді пайдалану және су тапшылығының алдын алу жайы сөз болды.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



