«Көк тудың желбірегені…»

Дүние назарын аударған Қытайдағы XXIV Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатына ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ арнайы қатысты. Президенттің келуі біздің спортшылардың сенімін күшейтіп, жеңіске деген күш-жігерін арттырғаны сөзсіз. Қазақстандық құраманың ел алдына Көк Байрағымызды көтеріп шығуы елден ерекше көрінді. Себебі, Екатерина АЙДОВА мен Абзал ӘЖІҒАЛИЕВТІҢ киім үлгісі сонау тарих төріне жетелеп, бүтін әлемге қазақты жаңа қырынан танытқандай болды. Олар сақ патшайымы Тұмар мен қазақ баһадүрінің бейнесін сомдап, ұлт рухын асқақтатып салды.

Төрткүл дүние көк жәшікке үңіліп, жерлестерге жанкүйерлік етер уақыт та алыс емес. Жалпы, қазақстандықтардың намысын әлемдік аренада барлығы 34 спортшы қорғамақ. Ал, алғаш болып Көк Байрағымызды көкке қос спортшы көтеріп шықты. Олар: шорт-трекші, Қазақстан командасының көшбаcшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькиден төрт бірдей құрлық чемпионы Екатерина Айдова. Бір айта кететіні, осыжолы Көк Байрақты алаңға алып шығу бақыты біздің жерлесімізге бұйырғандығы. Қарағандыдан небары екі ғана спортшы қатысып, оның біріне осындай бақ бұйырғандығы көңілге қуаныш ұялатары анық.

– Қысқы Олимпиаданың ашылуында еліміздің Туын желбіреткен алғашқы қазақстандық спортшы болғаныма мақтанамын. Көптеген спортшылар бұл Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысып отыр. Ал, олардың кейбірі – әлемдік спорт додаларында бақ сынап жүрген тәжірибелі саңлақтар. Алайда, бақ пен бап қатар шаппауы да мүмкін. Дегенмен, Бейжіңде туған елдің үмітін ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз, – деді қарағандылық спортшы Екатерина Айдова.

Екатерина Айдова – төрт құрлықтың чемпионы. 30 жастағы спортшының мансабында бұл төртінші Олимпиада ойыны. Оның олимпиадалық дебюті 2010 жылы Ванкуверде басталды. 2014 жылы Сочиде, ал, 2018 жылы Пхенчханда өткен Олимпиадаға қатысуымен толықты. Сондай-ақ, қарағандылық биатлоншы Владислав Киреевті де атап өткен жөн. Жалпы, қазақстандық спортшылар Қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алған. 4 мыңдай спортшы қатысатын дүбірлі додада 109 медаль жиынтығы сарапқа салынатынын айта кету керек.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.