Бас тақырып

Қалың елі Кәкімбегін еске алды

Елордада көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек САЛЫҚОВТЫҢ 90 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Салтанатты жиынға Алматы, Петропавл, Көкшетау, Мәскеу және басқа қалалардан келген өнер және мәдениет қайраткерлерімен бірге Қарағанды облысының делегациясы да қатысты. Іс-шаралар легі бас қаладағы Бөгенбай батыр даңғылы, 36 а мекенжайындағы үйге орнатылған ескерткіш тақтаны ашу рәсімінен басталды. «Жезкиік ақын» атанған қаламгер бұл үйде 2002-2013 жылдар аралығында композитор Еркеғали Рахмадиевпен көрші тұрған екен. К.Салықовтың ескерткіш тақтасы өмірде де, өнерде де қанаттаса жүріп, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан Е.Рахмадиевке қойылған белгінің қатарынан орын алды.

Салтанатты рәсімді белгілі ақын, Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп, ескерткіш тақтаның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов, жазушы, журналист Жабал Ерғалиев біртуар тұлғаның мәні терең шығармалары бүгінде халқымыздың қымбат қазынасына айналғанын тебіреніспен атап өтті.

Сонымен қатар, жиында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтауы оқылды.

Кәкімбек Салықұлы Жезқазған-Ұлытау өңірінде қызмет пен әдебиетті құстың қос қанатындай қатар ұстап, ұлт руханиятын байытуға айрықша атсалысқаны белгілі. Ол мәтінін жазған әндер бүгінде халқының қымбат қазынасына айналды. Әсіресе, ол Сарыарқаның кербездігі мен кеңдігін паш еткен «Жезкиік» әнімен ұлт руханиятында өшпес қолтаңбасын қалдырды.

Арқа жұртының атынан ақжарма лебіз жолдаған Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын елорда төріндегі салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жеткізді.

«Кәкімбек ағамыз өзінің жалынды жырларымен, әсем әндерімен халқымызға үлкен рухани ләззат сыйлаған өнер иесі еді. «Қазақ поэзиясының жезкиігі» атанған қаламгердің шығармалары мен жинақтары қалың оқырманның жан дүниесін байытуға, көңіл көкжиегін кеңейтуге қызмет етуде. Жезқазған өңірінде қызмет атқарып жүрген жылдарында кеншілердің ерен еңбегін жырға қосты. Жауапты басшылық қызметті абыроймен атқара жүріп, шығармашылық жұмыспен де белсене айналысты.

Ол қандай жоғары лауазымда қызмет етсе де, адамдық қалпынан айнымай, поэзия мен мемлекеттік қызметті қатар ұстап, елі үшін аянбай еңбек еткен дара жан. Бүгінгі іс-шараларыңыз жаңа толқын қаламгерлердің шабытына шабыт қосып, руханиятымыздағы дәстүр сабақтастығын жалғастырады» делінген облыс басшысының құттықтау хатында.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов бастап барған делегацияның құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Сағадат Дүйсебеков, Жезқазған қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазанбаев, ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Жайық Мұңсызбаев, мемлекеттік қызмет ардагері Сәттібек Қорғанбеков, белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков, AMANAT партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков, жазушы, журналист Батырбек Мырзабеков, «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Қамбар Ахметов және басқа да азаматтар болды.

Ақын үйіндегі тақтаның ашылуынан соң мәдени шара «Астана» концерт залында қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмеде жалғасын тауып, одан әрі жұртшылық К.Салықов шығармашылығын өзек еткен концертті тамашалады.

Ілияс МҰҚАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button