Бас тақырып

Жарлы жарылқауы тиіс

«Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету.

Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қарқаралы қаласы тұрғындарының Telegramm парақшасын ашып қалсаң, «Әлиханов көшесінде су жоқ», «Сатыбалдина көшесіне су қашан беріледі?» сынды қаптаған сауалдан көз сүрінеді. Қала әкімдігінің «пәлен көшеде су құбырының жарылуына байланысты жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген жаттанды жауабы дайын үнемі. Иә, бұл – қаланың бүгінгі жайы. Сан жылдан бері көтеріліп келе жатқан Қарқаралы қаласының су мәселесі шешімін тапты. 2023 жылы қаланы «Жарлы» жарылқамақ.

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 16 желтоқсандағы санында «Жарлыдан» су тартылмай қала жарымайды» атты мақала жарияланды. Қала басындағы су мәселесін қозғай келе, тозығы жеткен құбырды жамап-жасқағанымен тұрғындарды толыққанды сумен қамтамасыз ету мүмкін емес екендігі көтерілген болатын.

Былтырдан бері сең қозғалды. Жарлыдан су тартылмай, қала тұрғындарының мәселесі шешілмейтіндігі дәлелденді. Оған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қолдау көрсетті. Зерттеу, сараптау жұмыстарының нәтижесінде жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, шешімін тапты. Екі жылға жоспарланған кешенді жобаның жалпы құны – 2 млрд. 120 млн. теңге. Жоба мердігері – «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС. Құрылыс республикалық бюджет есебінен жүзеге аспақ.

Ауыз су шынымен түйткілді мәселе еді қала тұрғындары үшін. Күнара жарылатын құбыр, тәуліктеп болмайтын су, сағаттап сыздықтап ағатын су… Тіпті көпқабатты үйлерге судың көтерілуі мүмкін емес, тек екпінмен ағатын түнгі уақыттарда сарыла тосқан халық бос ыдысты суға толтырып әлек. Оның өзі арнайы сорғы құрылғысы арқылы жүзеге асады. Дегенмен, 9 мың тұрғыны бар қаланы қамтамасыз ете алмай отыр. Жергілікті тұрғындарды тіршілік нәрімен толық қамтамасыз ету үшін тәулігіне 300-350 текше метр су қажет. Қыс уақытында су деңгейі төмендеп кеткен кезде бар болғаны 180-200 текше метр ғана су бере алады. Бұл әрине жеткіліксіз.

Кейде тәуліктеп су болмайды. Ондай кезде «колонкадан» тасимыз. Көпқабатты үйде тұратындарға тіптен қиын. Судың әуресі әбден өтті, – дейді қала тұрғыны Әсем Талғатова.

Қала ішіндегі су құбырының 75-80 пайызы тозып тұр. Оны ауыстырғанымен қаланы сумен толық қамту мүмкін емес.

Жарлыдағы судың мөлшері Қарқаралы халқын толық қамтамасыз етуге жетеді. Биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард 700 миллион ақша бөлініп жатыр. Сол бөлінген жағдайда біз негізгі жұмыстың 60-70 процентін бітіруге толық мүмкіндігіміз бар. Яғни жоба бойынша 3 сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын 3 бірдей су қоймасы салынып, 38 шақырым құбыр тартылмақ. Бұл мақсатқа шамамен 2 миллиард 400 миллион теңге қажет. Бұған қоса қалаішілік су жүйесі де жаңартылады, – деді Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Талғат Омаров.

Құрылыс 2023 жылы аяқталуы тиіс. Сол кезде Қарқаралыға тәулігіне 4 мың текше метр су беруге мүмкіндік болады. Бұл тұрғындарды қысы-жазы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге жеткілікті. Мамандардың зерттеуінше, игі жоба таулы аймақтың экологиясын жақсартуға да оң серпін бермек. Себебі, ормандағы жерасты су қорының азаюынан қарағайлардың қурап қалу қаупі бар.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button