Бас тақырып

Ата Заң – баба аманаты

Азат рухты, айбарлы еліміздің еркін өркендеуінің ерен тетігі – Ата Заңымыз. Неліктен Ата Заң? Өйткені, ол бір күнде пайда болған жоқ. Бұған дейін бірнеше мың жылдық тарихы бар Ұлы Далада заң болмады дейсіз бе? Болды, әрине. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы сынды заңдар жиынтығы елімізді осы күнге аман-есен жеткізіп отыр. Демек, Конституциямыздың Ата Заң аталуы тегін емес. «Сөз қадірі – өзі қадірім» деп, бір ауыз сөзбен ел тоқтатқан қарға тамырлы қазақ баласы қашанда «Атам қазақ» деп сөйлеген. Яғни, қандай іс қылса да өткенге сүйеніп, болашаққа бағдар жасаған. Сондықтан, Ата Заңымыз – ата-бабамыздан келе жатқан бұлжымас сара жолдың жаңа заманғы нұсқасы, жалғасы. Қазақстанды демократиялық, зайырлы және құқықтық ел ретінде айқындайтын басты құжат. Барлық құжаттың қайнар көзі, бастауы.

Әруақты ата-бабаларымыз тағдырдың сан тараулы сынағын, қиындығы мен тосқауылын бастан өткерсе де, болаттай берік ерік-жігерінің арқасында ұзақ уақыт бойы армандап, аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. 1991 жылы егемен еліміздің туы зәу биікке көтеріліп, байтақ Отанымыздың Тұңғыш Президенті сайланып, дербес ел екенімізді растайтын мемлекеттік рәміздер бекітілді.

Конституция – латынның constitutio сөзінен алынып, «құрылғы, құру, орнату» деген мағынаны білдіреді. Ол – мемлекеттің негізгі заңы, жоғары заңдық күші бар ерекше нормативтік-құқықтық акт. Жалпақ тілмен айтсақ, бейбіт әрі еркін өмір сүруіміздің кепілі бола алатын басты құжат. Яғни, кез келген мемлекеттік орган, мекеме, ұйым өз қызметін Конституцияны басшылыққа ала отырып, жүзеге асырады.

1993 жылы 28 қаңтарда қабылдаған Конституциямыздың кейбір тарауларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 1995 жылы 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз бекітілді. Кеңестік дәуірде Конституцияны өкілетті органдар қабылдаса, біздің негізгі құжат халықтың жалпы дауысымен референдумда қабылданды. Бұл күн еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан күн ретінде тарихқа таңбаланды. Осылайша, қазақ халқы өзінің егемендік құқығын әлем жұртшылығына паш етіп, мемлекет тамырының тереңге тартылып, буынының бекуіне, өсіп-өнуіне, халықтың әл-ауқатының артуына, дамуына жол ашты.

Бұдан кейін де Ата Заңға Парламент арқылы барлығы бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ел дамуында жетекші рөл атқарып келеді.

Атап айтсақ, 1998 жылы – 19 бап өзгерсе, 2007 жылы – 30 түзету енгізілген. Ал, 2011 жылы – 1 бапқа, 2017 жылы – 19 бапқа 26 өзгерту енсе, 2019 жыл – 1 бап өзгерген. Ал, биыл 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда халықтың 70 пайыздан астамы Ата Заңға өзгерістер енгізу қажеттігін мақұлдады. Мұндағы ел дамуына әсер ететін басты қағида – күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін үкімет. Енді, референдум нәтижесі негізінде Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілмек. 2 бөлімнің атауы өзгереді. Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді һәм Конституциялық сот құрылады.

Бұл өз кезегінде қазақстандықтар, тұтас қоғам күтіп отырған үлкен тарихи өзгеріс болмақ. Өйткені, Жаңа Қазақстан – жаңа бастамалар мен жаңа мүмкіндіктер десек, осы өзгерістер арқылы жаңаша дамуға жол ашылмақ.

Қарап отырсақ, Ата Заңымыз халқымыздың бірнеше ғасырлық тарихы, дүниетанымы, наным-сенімі, салт-дәстүрі, тілі мен ділі сынды ұлттық ерекшеліктерінің барлығын қамтиды. Бірақ, елімізде өмір сүретін кез келген өзге этнос өкілдері емін-еркін өсіп-өнуге құқылы. Конституция да өз кезегінде байтақ өлкемізде өмір сүретін барлық қазақстандықтың қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз етеді.

Ата Заңның I бөлім, 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген.

30 тамыз - Конституция күні
фото: Ашық дереккөз

Яғни, елдің әр тұрғынының өмірі, бостандығы, амандығы – бәрінен қымбат. Осы орайда сөз басындағы әңгімеге қайта оралсақ. Бабалар кемеңгерлігі – бізді адастырмайтын темірқазығымыз. Десек те, дәл қазір өзіміздің кім екендігіміз маңыздырақ. Әр қазақ сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, заңға жетік болуы – заман талабы.

Мәселен, қазақ танымында айтуынша, қазақ даласында 500-ге жуық би болған. Халқымыз тентегі мен ұры-қарысын тезге салып, заңсыздықты сол билердің, қазылардың қара қылды қақ жарар әділдігінің арқасында тыйып отырған. Жоғарыда біз атаған заңдар жиынтығын да жасаған осы от ауызды, орақ тілді билер.

Сонымен қатар, біз ақын, философ, композитор ретінде білетін жазба әдебиетіміздің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы орыс тіліне һәм заңға өте жетік болыпты. Бұл туралы дерек баршылық. Оны М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан, ақынның өлеңдерінен де аңғарамыз.

Дерекке сүйенсек, хакім 160-қа жуық баптан тұратын «Шар ережесі» дейтін заңдар жинағын да жазған. Ғаламторсыз, байланыссыз дәуірде оның осындай алғыр әрі сауатты болғанына амалсыз таңдай қағасың. Байқасақ, Абай атамыз өзіне дейінгі қазақ тарихында елеулі орын алатын заңдарды бойына әбден сіңіргені анық. Демек, біз Ата Заң деп аталатын басты құжатымызға осындай тарихи тұрғыдан қарап, оны бағалап, қадір-қасиетін ұғынып, санамызға сіңіріп, соның негізінде өмір сүруіміз керек. Сондай-ақ, Ата Заңға құрмет ата-баба әруағына, олардың бізге мұра еткен даналығына деген құрмет болуы тиіс деп білеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button