Байқау

Бала қиялы – кенепте

Қарағанды қаласы ғарышкерлер әлемімен тығыз байланысты. Қаладағы «В.Терешкова», «Космонавттар» көшелері мен «Восток-1», «Восток-2», «Восток-3», «Восток-5», «Орбита» ықшам аудандары, «Космонавт», «Чайка» қонақ үйлері һәм «Ю.Гагарин» алаңы – сол әлемнің өшпес белгілері. Өйткені, әлемнің Тұңғыш ғарышкері Валентина ТЕРЕШКОВАНЫ ғарыштан Қарағанды облысы аумағында күтіп алған. Исі қазақтың мақтанышы, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар ӘУБӘКІРОВ те Арқа топырағынынан. Бұл туралы Ғарышкерлер күні мен Балалар жылына арналған «Ғарыш кенеп бояуында» облыстық балалар бейнелеу шығармашылығы байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында кеңінен айтылды. Байқауға қосымша білім беру ұйымдары, көркемөнер мектептері және бейнелеу студияларынан 200-ден астам оқушы өз жұмысын ұсынған.

Ауқымды іс-шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы һәм облыстық білім басқармасының қолдауымен «Сарыжайлау» кинотеатры ұйымдастырған.

1013 жас аралығындағы өнерлі балалар бірнеше аталымда өзара бақ сынасты.

Алдын ала келіп түскен жұмыстарды елімізге танымал кәсіби мамандар бағалап, жеңімпаздарды іріктеді.

Алдымен, қонақтар «Сарыжайлау» кинотеатрының кіреберісіндегі тұтас қабырғаларға ілінген өнерлі балалардың жұмыстарымен танысты. Балалардың қолынан шыққан туындыларды көріп, таңдай қақтық. Ғарыш әлеміне деген махаббаттары тұнып тұр.

Жұмыстарда бейнеленген ғарышкерлер, планеталар, зымырандар, жерден тыс өркениеттер – балалар қиялының шексіздігін көрсетті.

Сондай-ақ, ғарышкерлер әлемі жөнінде тағылымды бейнежазба жұрт назарына ұсынылды. «Домисоль» тобы «Біз» әнін шырқаса, «Аяла» үлгілі хореграфиялық ансамблі «Роботы» биін биледі. Кейін қазақтың Тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің қатысушыларды құттықтап жолдаған хаты оқылды және әр қатысушыға Халық Қаһарманының құттықтауы табыс етілді. Бұдан бөлек, тәрбиеленушілерін байқауға тағайындаған жетекшілер де Алғыс хатпен марапатталды. Байқағанымыз Шахтинск қаласының көркем-өнер мектептерінен өте көп қатысушы болған және олар көптеген жүлделі орындарды иеленді.

– Қатысушылардың байқауға деген қызығушылықтары қуантты. Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Шахан, Приозёрск, Саран қалаларының балалары өз өнерлерін көрсетті. Бірде-бір бала назардан тыс қалған жоқ. 200-ден астам баланың қатысуы – үлкен дәреже. Бұл бауқаудың сәтті ұйымдастырылғанын аңғартады, – деді «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Рымбала Омарбекова.

Үш номинация бойынша Шахтинск қаласынан Әубәкір Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері I орынды жеңіп алды. «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясын Мария Тишкова ( жетекшісі – Елена Нивиденская), «Графикада» – Валерия Кытманова (жетекшісі – Шахмурат Әбдіхалықов), «Кескіндемеде» – Наргиз Башанова (жетекшісі – Жаңабек Жұмабеков) жеңіске жетті. Қарағанды қаласының № 2 Балалар өнер мектебінің оқушысы Сафина Бакирова (жетекшісі – Ирина Ласеева) «Композиция» аталымы бойынша I орын алды. «Мүсін» санатында жеңімпаз болған жоқ.

Мен бұл жұмысымды 4 күнде жасап бітірдім. Ғарышкердің әуе кеңістігінде жүргенін, оны айналып планеталардың ұшып жүргенін көрсеттім. Байқауға алғаш рет қатысуым. Көңіл-күйім тамаша. Қуанып тұрмын. Болашақта тағы да қатысамын. Бұл жұмысыма сабын, жүн, зеленка және түрлі бояуларды пайдаландым, – дейді Мария Тишкова.

Ал, теміртаулық 11 жасар Алиса Маслова 6 жылдан астам уақыт бойы сурет салумен айналысып келеді.
– Менің жұмысым «Ғарыш» деп аталады.
Онда екі ғарышкер мен итті бейнеледім. Адамдардың бірі өсімдікті ұстап тұр және бәрі әрі қарай не болатынын бақылайды. Мен бұл суретті гуашпен алты сағат бойы салдым,деді суретші қыз.

Жеңімпаздар сертификатпен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button