«Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп…»

«…Өлуші ме ед ер шіркін!

Сілкінді ол бір дүркін,

Келе жатты аралап,

Өзі туған ел-жұртын», – деп жырлаған Қасым АМАНЖОЛОВ қазақ тұрғанда өлмейтіні анық. Тірісінде аңызға айналған ақынның жалынды да дауылды, нәзік те сыршыл поэзиясының ғұмыры ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Осыдан 10 жыл бұрын бастау алған «Қасымның әндері-ай» ән кеші бүгінде дәстүрге айналған. Жерлесіміз, әнші Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА жобаның тізгінін ұстап, бүгінде биік дәрежеге жеткізіп отыр. Кезекті кеш Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында өтті.Концертте ақынның сөзіне жазылған 20-дан астан әні шырқалды. Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева «Сайра, сандуғаш» әнімен кеш шымылдығын ашты.

Биыл Гүлбаршын шақырғанда бірден келістім. Бүгінгі концерт шымылдығын түргендіктен, бойымда қатты қобалжу болды. Әрине, бұл қалыпты жағдай ғой. Халықтың қошеметін көргенімде бәрін ұмыттым. Әрі Қасым ағамыздың туындылары жүрекке тиеді ғой. Әнші де сол образға кіріп кетеді екен. Алайда, ән қоржынымда Қасым ағаның сөзіне жазылған ән жалғыз. Өзім опера әншісі болғандықтан, осы бағытта бір ән орындау ойым бар, – деді Нұржамал Үсенбаева.

Қасымның талантының жарқырап көрінген шағы Оралдағы педагогикалық институтта оқып жүрген кезі еді. Жас ақын өлең жазумен қатар домбыра, сырнай, скрипка мен фортепианода жақсы ойнайтын. Кейін театр тобын ашып, өзі жетекшілік етеді. Ал, ол топ аз уақыт үшінде театр болып құрылып, біраз белестерді бағындырған. Сол кездері ақынның әншілік, әртістік қыры көпшілікке кеңінен таныла бастайды. Жастық шағының куәсі Оралда туған өлеңдерінің бірі – «Жас дәурен» жыры. Арқа ән мектебінің белді өкілі Сержан Мұсайын осы әнін шырқап, көрермен ықыласына бөленді.

Қасым «Өзім туралы» өлеңінде: «Күніне мың ойланып, жүз толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деп жырлайды. Ал, артында елі тұрғанда ақын мұрасы ешқашан өшпейді деп айтуға толық негіз бар. Олай дейтінім, «Бақыт күйін шертемін» өлеңіне күні кеше Кентау Назарбеков ән жазып, қазақтың аяулы қызы Гүлмира Ақүрпековаға берген еді. Әнші ақынның осы бір туындысын Арқада тұңғыш рет орындады.

Мен бұл концертке алғаш рет қатысып отырмын. Бұған дейін Гүлбаршын хабарласып, шақырған. Қатыса алмаған себебім, Қасым ағамыздың әндерін орындап жүрген әншілерден тартып алмайын дедім. Сөйтіп, Гүлбаршынға «Мен Қасым ағаның бұрын-соңды айтылмаған әнін айтқым келеді» деп қолқа салдым. Былтыр Кентау Назарбековтің әніне жазылған «Бақыт күйін шертемін» өлеңі ән қоржынымды толықтырды. Осы туындыны Қарағанды сахнасында бірінші рет орындап тұрмын. Халық та жақсы қабылдады. Сазгерлер тағы да Қасым ағаның сөзіне ән жазып берсе, қуана-қуана алар едім. Себебі, ол кісінің өлеңдері әр қазақтың жүрегінде, – деді Гүлмира Ақүрпекова.

Қасым өзі ақын, өзі аудармашы әрі композиторлық қабілеті де бар. Бірақ, ол өзінің бұл қабілетіне аса мән бере қоймаса керек. Тіпті, әнін жазған өлеңдерінің ішінде тек «Дариға сол қыз» әні ғана нотаға түскен көрінеді. Ақынның осы бір туындысын әнші Дәуренбек Әркенов тамылжыта шырқады.

Ақынның туған жерге деген махаббаты – ерекше. «Туған жер» өлеңін бүгін де жас ұрпақ жатқа айтып жүр. Ал, осы туындыға ән жазып, ең алғаш қазақ сахнасына алып шыққан Баян Сағымбаева еді. Композитор Мұрат Ыбыраев ақынның сөзіне ән жазып, арнайы Баянға берген екен. Қарағанды шаһарына Баян апамыз Семейден арнайы келіп, Арқа жұртына әннен шашу шашты.

Кешке келген көрермендер өнер көрсеткен әншілерге қошемет көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді.

Өзім Қарқаралыданмын. Қазір Қарағандыда тұрамын. Балаларым концертке күні бұрын билет алып берді. Сөйтіп, ұлым һәм келініммен келдім. Теледидарда көретін әншілерімді сахнада көрдім. Әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ақынның туындыларын жақсы білеміз. Ал, сондай дәрежедегі ақынның сөзіне жазылған әнді орындау – көптің қолынан келе бермейді. Осы концертте өнер көрсеткен әншілер бірінен-бірі асады, – деді зейнеткер Рабиға Ілиясова. Ал, Ғалия есімді қала тұрғыны:
– Концерт болатынын естіп арнайы келдім. Гүлбаршын өзімнің жерлесім әрі құдағиым. Алматыдан келген Айбек те өзімнің баламдай. Күнделікті күйбең тірліктен бір демалып қалдым. Осындай концерттерді сағынады екенсің. Керемет әсер алдым, – деп әсерімен бөлісті.
Тарихтан 1949 жылы ақынға Алматы қаласы, Виноградов көшесінен пәтер бергенін білеміз. Ал, сол үй бертін келе көпшіліктің қарсылығына қарамастан бұзылған еді. Ақын Жүрсін Ерман осы бір келеңсіздікті өлең жолдарымен өріп, ән де жазды. Бүгінде бұл өлеңді қалам ұстаған жанның бәрі біледі десек, артық айтқандық емес. Әнші Азамат Амантайұлы Жүрсін ағамыздың әні мен өзіне жазылған «Ақынның үйі» өлеңін жоғары деңгейде орындап, елдің ыстық ықыласына бөленді.

Осы шараның өтуіне мұрындық болып, қолдау көрсеткен барша аға-апаларыма алғыс айтамын. Осыдан 10 жыл бұрын шараны қолға алғанымда қатты қиналып едім. «Қалай ұйымдастырамыз? Ақынның сөзіне жазылған 7-8 әнімен қалай өткізбекпіз?» деген сауалдарға қалай жауап берерімді де білмеп едім. Қазір, міне, өздеріңіз көріп отырғандай дәрежеге жеттік. Алғашқыда бәрі қолғабыс етіп, көмегін аямады. Композиторлар ақынның өлеңдеріне ән жазды. Ал, әншілерді өзім арнайы шақыртып, әнді ұсындым. Бірлесіп істеген жұмыстың нәтижесінде концертіміз дәстүрге айналды. Орындаушылардың басым бөлігі – жастар. Осындай талантты жастар барда ақын мұрасы мәңгі өлмейді, – деп атап өтті Қазақстанның мәдениет қайраткері Гүлбаршын Тергеубекова.

Біз әлі күнге дейін Қасымның ерекшелігін, даралығын айтып тауыса алмай келеміз. Иә, қазақ барда ақынның есімі мәңгі ұмытылмайды.

Ербол ЕРБОЛАТ.