Облыс әкімі

Облыстың даму болжамы қайта бекітіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканың сапалы дамуы мен халықтың әл-ауқатын артыруға бағытталған жүйелі және салалық шаруалар кешенін айқындап берді. Бүгінгі бастама келешекті айқындайтыны да қадап айтылды. Бұл өз кезегінде аймақ басшыларының да жауапкершілігін арттыра түсетіні анық. Облыста Жолдауда белгіленген тапсырмаларды іске асыру барысы қандай? Президент тапсырмалары қалай орындалады? Осы және өзге де мәселелер облыс басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен аппарат жиналысында айтылып, сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Қарағанды облысы

Жол жонделіп, кәсіпкерлікті қолдау жалғасады

Экономика және басқару саласындағы реформаларды іске асыру шаралары бойынша облыстық экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева облыстағы инженерлік желілердің тозу деңгейі бүгінгі таңда 60 пен 70 пайыз аралығында екенін айтады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында биыл 238 шақырым су және кәріз құбырлары желісін салу және қайта құрылымдау жоспарда. Бұл өз кезегінде 98,5% қала тұрғындары мен 92,4% ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Одан бөлек, жылу желілері де қайта жаңғыртылатынын да жеткізді басқарма басшысы. Автомобиль жолдары да назардан тыс қалмаған. Мәселен, жол сапасы құрылысы мен сапасын қамтамасыз ету үшін биыл 470 шақырым жол қамтылған. Бұл республикалық емес, жергілікті маңыздағы жол екенін айту керек.

– Келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 3,9 млрд. теңгеге 152 шақырым ауылішілік жолдарды жөндеуден өткізу жоспарда бар. 2023 жылға дейін жергілікті маңыздағы жолдар 94%-ға дейін нормативтік жағдайға келтіріледі, – дейді Татьяна Аблаева.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында облысымыз үшін 13 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілгенін де жеткізді Татьяна Юрьевна. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Бизнестің 483 жаңа жобасына 15 млрд. теңге несие берілген. Тіпті, несиелеуді кеңейту мақсатында кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленіп, облыстық бюджеттен 250 млн. теңге бөлу жоспарланған. Бағдарлама келесі жылдан іске қосылады.

Инвестицияға тартымды облыс

Қарағанды – инвестиция үшін тартымды облыс. Мысалы, биылғы жылдың жеті айының өзінде ғана өңір экономикасына 320,2 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 90%-дан астамы жеке инвестициялар.

2022 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңде 1,3 трлн. теңгеге 55 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, оның 16-ы – шетелдік. Биыл 12 жоба іске қосылады, олардың ішіндегі ең ірілері – ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлескен автомобиль шиналарын өндіру зауыты, Балқаштағы күн электр станциясы, агломерациялық фабриканың екінші кезеңі, катодты мыс өндіру зауыты және тағы сол сияқтылар, – дейді өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков.

Мұрат Есетұлы болашаққа да бағдар жасады. Айтуынша, облыс тұрмыстық техника, жезден жасалған бұйымдар, еден жабындары мен басқа да өнімдер шығаруды жолға қоюға ниетті. Бұл өндіріс пен шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

«Әкімдердің жауапкершілігін анықтау маңызды»

Аппарат жиналысында көтерілген мәселелердің тағы бірі – ауылдық медициналық мекемелерді дамыту, ауыл тұрғындарын МӘМС жүйесінде сақтандыру, сондай-ақ жаңа нысандар салу.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова Мемлекет басшысы Жолдауында денсаулық сақтауды дамытуға және адамдардың мүгедектігі мен өлім-жітімінің себебі болып табылатын ең көп демографиялық зиян келтіретін ауруларды диагностикалауға баса назар аударғанын еске салды.

Облыстағы ауыл халқының үлесі – 19,3%-дан төмен. Ауылдар бір-бірінен, сондай-ақ аудан орталықтары мен қалалардан едәуір қашықта орналасқан, ал автожолдар желісі мен елді мекендер арасындағы көлік қатынасы нашар. МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандардың арасында фермерлер, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Сонымен қатар, азаматтарды тіркеудің қиындықтары медицина қызметкерлеріне жүктеледі, ал жергілікті атқарушы билік бұл жұмыстан «бастарын ала қашты» деуге болады. Сондықтан, бұл мәселеде әкімдіктердің жауапкершілігін анықтау маңызды, – дейді Бибігүл Төлегенова.

Қалай болғанда да, облыста алдағы 2 жылда аудандар бойынша 92 нысан салынады. Бұл 11 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт, 47 медпункт. Бибігүл Төлегенова олар тез тұрғызылатын ғимараттардың жаңа технологиялары бойынша салынатынын айтады. Өңірде ауданаралық ауруханалардың жобасы да жұмыс істейді: Осындай 2 аурухана Балқаш пен Теміртаудағы көпбейінді аурухана базасында құрылатын болады. Онда жақын маңдағы ауылдық аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетіледі және инсульт орталығы, аз инвазивті кардиологиялық орталық, медициналық оңалту, травматология, ортопедия, хирургия, реанимация, қарқынды терапия бөлімшесі, перинаталдық орталық, қабылдау бөлімшесі бар. Бұл өз кезегінде шалғай аудандардың тұрғындары үшін қолжетімді, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті қамтамасыз етеді.

Мектеп саны артады

Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру басталды. Яғни, үш жыл ішінде 17 мектеп салу жоспарлануда. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, 2023 жылы Қарқаралы ауданының Талды ауылында 200 орындық мектеп пайдалануға берілуі тиіс. 2024 жылы Қарағанды, Шахтинск, Приозерск, Бұқар жырау және Шет аудандарында 10 мектеп құрылысы қарастырылған. 2025 жылға арналған жоспарда тағы 6 жоба бар.

Жаңа балабақшалар да салынады. 2025 жылға дейінгі мектеп жасына дейінгі балалар үшін 9 мыңға жуық орын ашу жоспарлануда.

Техникалық және кәсіптік білім беруде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға баса назар аударылады. Колледждерде дуальді оқыту дамытылып, құзыреттер орталықтарын және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қызметтерін ашады. Сонымен қатар, көптеген студенттер мемлекеттік тапсырыстың арқасында тегін оқуға мүмкіндік алды.

Айта кететін тағы бір жаңалық, облыста 894 жаңа нысан бойынша аттестаттаудан өтіп, нәтижесінде жалақылары 30-дан 50 %-ға дейін өскен.

Цифрлық карта – қызмет көрсетудің белсенді форматы

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова Қарағанды облысында отбасының цифрлық картасы енгізілгенін, ол қызмет көрсетудің белсенді форматы болатынын айтты. Осылайша, мемлекет ақпараттық жүйе арқылы адамның әлеуметтік мәртебесіне байланысты тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдау түрін алуды ұсынады.

Қазірдің өзінде отбасылардың әл-ауқатының деңгейін және оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын анықтау бойынша жұмыс жүргізілді. ХҚКО деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы анықталған жағдайда әлеуетті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім беру үшін СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алынған кезде әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейіннен банк шотына аударылады, – дейді Әсем Айтжанқызы.

Спикер сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімінің ұзартылғанын еске салды. Жұмыс істемейтін ата-аналар немесе бала туғанға дейінгі соңғы 2 жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар адамдар жәрдемақы мен төлемдерге тек мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады. Егер балаға күтім жасайтын ата-ана еңбек қызметін қайта бастаған болса, бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу тоқтатылуы тиіс, алайда отбасының мұндай санатын қолдау үшін қазір төлемдер тоқтатылмайды, бірақ республикалық бюджеттен жәрдемақы мөлшерінде төленеді.

Бұдан басқа, 2020 жылдан облысымыз қоныс аударушыларды қабылдау үшін өңірлер тізіміне енгізілген. Ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға дейін 655 адамды көшіру көзделген. Биыл 21 адамға квота бекітілді, қазір Нұра ауданына Түркістан облысынан 2 отбасы келді – олардың мүшелері жұмысқа орналастырылды. Облысқа қоныс аударуды ынталандыру жөніндегі арнайы өңірлік бағдарлама да әзірленуде, – деп қосты Әсем Жүніспекова.

Мүлік иелері бірлестігі ретінде құрылады

Тұрғын үй қорын сақтау облыстағы басым мәселелердің бірі. Осыған байланысты 2011-2022 жылдары облыста көпқабатты 444 үй мен 215 жеделсаты жөнделген. Биыл қанша үй мен жеделсаты жөнделетіні жайлы облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбеков мәлімдеді.

Келесі жылы Абай, Саран, Шахтинск, Балқаш және Қарағанды қалаларындағы 6 көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жоспарлануда. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жалпы жыл сайын 10-15 үйді жөндеу жоспарлануда. Биыл жоспарланған 51 жеделсатының 39-ы жөнделді. Жыл сайын 50 жеделсатыны жөндей аламыз, – деді Нұржан Нақыпбеков.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек басқармаға өңірдегі саябақтар мен скверлерді, алаңдар мен аулаларды абаттандыруға көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Бұл тұрғындардың әлеуметтік желілерде қоғамдық орындардың жай-күйіне шағымдануынан туындаған тапсырма.

Сонымен қатар, Нұржан Нақыпбеков облыстағы бірқатар қарапайым серіктестіктердің МИБ (мүлік иелері бірлестігі) ретінде қайта құрылатынын да жеткізді. Облыста қазір мүлік иелерінің 174 бірлестігі және 5 971 қарапайым серіктестік бар.

– МИБ және ҚС-ларды тұрғындар өздері құруда. Жалпы, басқарудың 6 145 жаңа нысаны құрылған, бұл үйлердің жалпы санының 100%-ы. Дегенмен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде 30-дан астам пәтері бар үйлерді МИБ-ке ауыстыру бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды, облыста мұндай 3 мыңға жуық тұрғын үй бар, олардың басым бөлігі Қарағанды мен Теміртауға тиесілі, – дейді Нұржан Нақыпбеков.

Жиын соңында облыс басшысы Жеңіс Қасымбек Жолдауда айтылған мәселелерге байланысты сала басшыларына тапсырма беріп, нақты және үйлесімді әрекет етуге шақырды. Сонымен қатар, облыстың әлеуметтік және экономикалық даму болжамы жобасын өзектілендіру мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарын ескере отырып қайта бекітілуі тиіс екенін айтты.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button