Кездесу

«Абай арқылы қазақты танытамын» деген мұратына жетті

Қарағанды шәріне ғалым, алаштанушы әрі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, жазушы, профессор Тұрсын ЖҰРТБАЙ келді. Кеше Достық үйінде өткен кездесуде қадірлі қонағымыз М.ӘУЕЗОВТІҢ «Абай жолы» роман-эпопеясындағы өмірлік және көркемдік шындық турасында дәріс оқыды. Біз ұйып тыңдадық. Айта кетейік, рухани шараға ұйытқы болған М.Әуезов атындағы қалалық мемлекеттік кітапхана болса, демеушілік көрсеткен белгілі меценат Ерлан ӘШІМ. 

Абайтанушы Тұрсын Жұртбай өз дәрісінде Мұхтар Әуезовтің 1934 жылы жарияланған «Абайдың ақындық өмірі» атты туындысынан асқан еңбек жоқ екенін айтады. Кітаптың ішінде өзінің барлық айтайын деген ойларын, айта алмай жүрген және айтқысы келетін шындықтары жазылыпты. Бір парасын дәрісте дәйектеп тұрып айтып берді.

Көркем шығарма оның ішінде «Абай жолына» қатысты принциптердің негізгі жағдайларына тоқталып кетейін. Негізі көркемдік шындыққа 7 түрлі шарт бар. Мәселен географиялық шарт. Абайда физикалық қасиет бар. Оның өмір сүрген қоғамын өзгертуге болмайды. Абай феодализмнің ең соңғы дәуірінде өмір сүрген. Сол кездегі ғылымның жаңалықтарынан асып кетуге болмайды. «Абай арқылы мен дүниежүзіне идеал болатын ұлы ақынды өмірге әкелгім келеді. Сол үшін барлық жазушылық құқығымды пайдалана отырып, қоғамдық шындық пен кейіпкерімді ашу үшін көркем шығарманың заңдылықтарын пайдаланып, өз шығармамды жаздым. Мен өзімнің Қодар мен Қамқаға байланысты оқиғаны Құнанбайдың өскен тәрбиесінен, қоғамдық ойларынан, таптық көзқарасынан барып шығарып әділдікке жеттім,» – деп Мұқаң жазады. Бұрын оған жөнді назар аудармаппын. Неге десеңіз? «Абай жолында» Қодар мен Қамқа оқиғасын алмасаң, Абайдың бүкіл ішкі дүниесі, көзқарасы туралы басқа ой қалыптасып кетеді. Бұл – коллизия. Бұл – өткен мен жаңа өмірдің арасындағы байланыс. Бұл шығарманы жазудағы М.Әуезовтің ұлылығы, – деп ерекше атап өтті абайтанушы.

«Менің есептеуімше, (жаңылысуым да мүмкін) Қодар мен Қамқа оқиғасы–1834-1836 жылдары Абай тумастан он жыл бұрын өтіп кеткен жағдай. Екінші мәселе ол оқиға өмірде болған. Сол кезде «бұл екеуінің күнәларын қара жер де қабылдамайды», – деп олардың бейіттерін өртеп жібергені, Қамқаның шешесі қызының бетіне түкіріп, теріс бата бергені де рас. Сол жерде тас үйіп қоршап, ортасын өртегені әлі де бар. Шәкәрімнің қыстауынан 3000 метрдей жерде, өзеннің арғы бетінде, жартастың түбінде сол үйінді тұр. Бұл – өмірдегі шындық. Абай қоғамдық іске араласқанда Мұсақұл соғысына қатысып, Бөжей, Тәкежанның, Бөкей мен Майбасардың ортасындағы ділгір адам болып билік айтуы мүмкін емес. Ол Алпамыс, Ер Төстік сияқты күн сайын, сағат санап ер жетсе де ол мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені Мұсақұл соғысы 1946 жылы 16-17 қыркүйекте өткен», – дейді жазушы Тұрсын Жұртбай.

Ғалым А.Янушкеевич өзінің күнделігінде: «Құнанбай әлдене нәрсеге ағайындарымен араздасқан екен, ширығып кеше кетті. Біз Айбике болыстығына Қарқаралыға, Тәттімбеттің ауылына кеттік»,– дейді. Ал, сол жолы Мұсақұл соғысы басталған. Абай ол кезде бір жаста. Кішкентай бала соғыс майданында қай арада билікке араласып, үкім айтады? Абайдың сол күннен бастап, сахараға тарап, қазақ даласы Құнанбайдың жетілген, ақылды жөн білетін, жүйрік ұлы Абай бар екенін білді. Абай деп қазақ даласына таралды деп суреттелетін Бөжей оқиғасына да Абай қатыса алмайды. Себебі, Бөжей асы 1850 жылы өтті. Абай ол кезде шамамен бес немесе алты жаста болғанын болжайды жазушы.

Біз қазір тарихи және көркем шығармаларға өзіндік талап қойып жатырмыз. Шығармада ең бастысы идея болуы керек. «Абай арқылы қазақты танытамын» – деген мұратына жазушы Мұхтар Әуезов жетті. Сол үшін қандай да болса құрбандыққа барды. Сол себепті, Құнанбайды терең құзға батыра отырып, Құнанбайдың иығына Абайды шығара отырып, өз шығармасын жазды. Біз осыны өмірлік шындық Абайдың өмірі еді деп қараймыз. Бірақ, ақын Абайдың өз шындығы бөлек. Расында жүрегің у сепкендей ашиды. Өйткені, Абайды күйінген, сүйінген, сүйіндірген етіп сезінеміз. Бұл – көркем шығарма мен өмірдің ортасындағы жай. Сондықтан оқырман жазушының идеясын түсіну керек, – деді кездесу қонағы.

Сөз соңында Тұрсын Жұртбай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бүгінде тарихи романдар топтамасына кіріп, қазақтың тұңғыш эпопеясына айналғанын, қазақтың көркем прозасын биік деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіндегі биік эстетикалық талғамы бар, көркемдік қуат әкелген үздік туынды болып қала беретіндігін жеткізді.

Дәріске қатысқан қонақтарға, өлең оқыған бүлдіршіндерге ризашылығын білдірді жазушы ағамыз. Уақыттың тығыздығы ғана кедергі етті, әйтпесе Абай әлеміне терең бойлап бара жатқанбыз…

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button