Адам жаны үшін арпалыс немесе фельдшердің 24 сағаты

Сағат түнгі 02:00-ден асқан уақыт. Диспетчерден шақырту түсті. «Пышақтан жарақаттанған адамға тезірек жету керек». Мекенжайды анықтасымен «жедел жәрдем» көлігінің дабылын қосып, бар жылдамдықпен оқиға орнына жеттік. Жер үйдің дарбазасынан ішке енгенде, анадай жерде орындықта шалқалай жатқан ағаны көрдік. Жасы шамамен елулерде. Әйелінің безек қаққанына қарамастан төрге ұмтылдым. Қасына келіп, жейдесінің қанға боялғанын көріп, тез арада жараның орнын таптық. Мұрнымен алған дем өкпеден кіріп жатыр. Пышақ өкпені тескен екен. Не істеу керек мұндайда?
Бар эмоцияны өшіріп, «басты суытып, қолды қыздырып» әрекетке көшу керек. Әр секунд – санаулы.

7 МИНУТ: ӨЛІМ МЕН ӨМІР

– Тез арада системалық пакеттің бірін алып, жараның аузын тазалап сүртіп, пакетті жараға пластырьмен жапсырдым. Бұл – өкпеде пайда болған тесік арқылы ауа етпен тері арасына өтпеуі үшін. Егер етпен тері арасына ауа өтсе, ол – клетка өліп қалады. Сондықтан, соның алдын алу – мақсат. Осыны жасаған соң әлгі кісіні зембілге жатқызып, ауруханаға апардық. Ақыры аман алып қалдық. Қазір сол кісі әлі күнге дейін кезіге қалса, жаны қалмай құшақтаса амандасады. Дән риза. Осылайша, біздің де бұл өмірде белгілі миссиямыз барын білгенде кеудеме әлдебір сенім ұя салғандай болады, – деп сөзін бастады Абай қаласының алғашқы медициналық-санитарлық көмек фельдшері Бағдат Төреқұлов.

Фельдшер – осы бір мамандықтың бізге жеткен қарапайым түсінігі медициналық орта білімі бар, науқасты қарауға, диагноз қоюға, емдеуге немесе ауруын анықтап дәрігер маманға жолдай алатын дәрігердің бір түрі.

Өзіне берілген анықтамадан анағұрлым зорғысын атқарған қарапайым жан сақтаушыларының арамызда жүргенін білеміз бе?!
Бағдат Сегізбайұлының бұл жұмысқа келген 7 жыл ішіндегі жан түршігерлік оқиғаларын естігенде бойды әлдеқандай үрей билегені жасырын емес.

– Жалпы, бұл жұмысқа ата-анасының ақылын тыңдап, қаламай келгендер де кездеседі. Ондайлардың көбі алғашында-ақ қан көрсе немесе ауырған адам көргенде өзі нашар хәлге түсіп, емдеуге емес, емделуге қашты. Қазір солардың біразы шахтада жұмыс істеп жүр. Медициналық білімі болса да…

Біздің жұмыста ең басты қағида – нендей жағдайда эмоцияға берілмеу, мейлінше салқын қанды әрекет жасау. Уақыт ешқандай қателікті кешірмейді. Өлім мен өмір арасында жатқан жан үшін 7 минут уақыт ол – ең қымбат сәт. Осы кезеңде фельдшер дер кезінде әрекет жасамаса, бәрі кеш, – дейді фельдшер маман.

Расында, дәрігердің айтуынша белгілі бір қанды оқиға болғанда, қатты зардап шеккен адам – өмір мен өлім арасында 7 минут аялдайды екен. Міне, сол 7 минут аралығында оның жүрегін қайта соқтырып үлгермесе, одан арғысы өліммен аяқталуы әбден мүмкін.

ХӘЛ ҮСТІНДЕ ЖАТҚАН ЖАННЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Біз өмірімізде кісі өлімін көрдік пе? Қанша рет?

Түрлі апаттардың куәсі, оның ішінде, пышақтан, мылтықтан, өрттен, жол-көлік оқиғасынан зардап шегушілердің қасынан бірінші табылатын жедел жәрдем қызметкерлері. Осы бір ең өзекті түйінді тарқатпас бұрын біз Бағдаттың қандай жағымсыз әдеті (темекі, шақша, алкогольдік сусындар ішу) барын сұрадық. Жұмыстың оңайы жоқ. Дегенмен, мына қызметті екінің бірі алып жүре алмас еді. Ол – анық.
– Әуелден темекі, араққа қарсы едім. Күнделікті жұмыстың қанға сіңгені сонша адам жанына араша түскенде бар болмысыңды ұмытасың. Тек ажалмен арпалысқан жанды аман алып қалу ойда. Кейін біз жасаған шипа боп, науқастың жағдайы қалыпқа түскенде, туған-туыстарының бір ауыз жылы лебізі жаныңды елжіретіп жібереді. Осы маған бар уайым мен стрессті жоюға көмек.
– Тағы бір жедел шақырту түсті диспетчерден. «Жол-көлік оқиғасы, жас жігіт хәл үстінде» деген. Жол-көлік ережесін бұза-мұза оқиға орнына жеттік. Барсақ, жүргізуші орындығында жас жігіт жиырмалар шамасында. Оң жақ аяқ морт сынған, бас сүйек зақымданған, «тірі қалады» деген белгі аз. Сатурациясын өлшедік. 60-қа түсіп қалған. Сатурация дегеніміз – қанның оттегімен қанығуы. Эритроциттерде кездесетін гемоглобин оттегінің тасымалдануына жауап береді. Яғни, қаншалықты жоғары сатурация болса, адамның қанында оттегі көп деген сөз, сәйкесінше, соғұрлым ол денедегі әр ағзаға таралады. Қалыпты жағдайда оның өлшемі 99 болуы керек. Ауырған жағдайда 93-тен түспеуі тиіс. Түскен жағдайда «науқас хәл үстінде» деп есептеледі.

Әлгі жігіт өзіне не болғанын білмейді. Қозғалмауын өтініп жатсақ та, құлақ асар емес. Тұруға әрекет қылады. Басынан аққан қан көзін жауып жатыр. Есте қалғаны қасымдағы көмекшіге қарап, аман қалуы екі талай деп, кислород пен керек жарақты алып келуін бұйырып жатқанымда, жігіттің маған айтқаны «Не алсаңыз да алыңыз, жанымды аман алып қалыңыз, мені өлтірмеңіздерші» деп жалынғаны болды, – деп сол күнгі кезекшілігін тағы еске алды Бағдат Төреқұлов.

Әрине, мұндай жағдайда адам өзінің хәл үстінде жатқанынан хабарсыз болады. Фельдшердің сөзінше тіпті, аяғы сынып жатса да жүріп, жүгіріп кететіндер де болады. Десек те, көп өлім аузындағылар биологиялық өліммен, яғни, өмірінің соңғы сәттері тек қырылдаумен ғана аяқталатынын да жеткізді. Оны аман алып қалу мүмкін емес…

– Мүмкін жағдайларда жоқ емес. Бір күні біз Абай орталық ауруханасына құлағынан құлағына дейін бауыздалған жігітті жеткіздік. «Барғанша тірі қалмайды» деп ойладық. Өйткені, күре тамырдан қан атқылап жатты. Тек зардап шегуші тамағын көтерсе болды бар бойындағы қаны ағып кеткелі тұр. Түнгі кезекте жас хирург дәрігер Бегалы Үсенбеков еді. Оның салқынқандылығы, оқиғаны қалай бар, солай қабылдайтындығы – жеке тақырып. Нағыз маман. Бәріміз «өледі» деген әлгі кісінің күре тамырын бір саңылау қалдырмай тігіп бергенде, тіпті, дәрежелі дәрігерлер таң қалысты. Бүгінде ол онкологиялық ауруханада қызмет атқарады. Сонда біздің жұмыс жапа шегушіні дер кезінде нағыз маманға жеткізу еді. Осылайша тағы бір жанның амандығына себепші болдық, – деп тағы бір оқиғаның басын шалды фельдшер Бағдат Сегізбайұлы.

ӨЛІ ДЕНЕ МЕН ТІРІ АҒЗАНЫҢ АЙЫРМАСЫ НЕМЕСЕ «МЫСЫҚ КӨЗДЕНУ» ДЕНЕГЕ ДАҚТЫҢ ЖАЙЫЛУЫ

Біз білетін, естіген мағлұматтар мысалы өлген адамның денесі аппақ болады, көзі айналады дегеннен басқа да адам жанының шыққанынан хабардар етер медициналық белгілер бар. Мұны нағыз маман дәрігерлер бірден анықтауы тиіс.

Кейде жедел жәрдем шақырылғаннан бұрын науқас жан тапсыруы мүмкін. Бірақ, отбасы, туған-туысы жақындарының әлдеқашан жан тапсырғанын білмей, не мойындағылары келмей жатады.
Мұндайда нағыз дәрігердің іс-әрекеті қандай болмақ? Маманға жүгінсек:

– Ең бастысы – сабырлылық. Мен оқиға орнына нендей жағдай болмасын, мейлінше сабырлы кіремін. Неге? Өйткені, мен зардап шегушіні көріп алаңдаулы кірсем, не таң қалып, эмоциямды көрсетсем, ол жердегі қарапайым жандардың халі не болмақ?! Осыны ойлаймын.

Бірде тағы бір жедел шақырту түсті. Тез арада жетсек, туғанына төрт күн болған сәбиді анасы емізіп жатып, ұйықтап кетіп, тұншықтырып алыпты. Баланы қарау барысында оның әлдеқашан жан тапсырғаны анықталды. Себебі, балада жан белгісі жоқ. Көзін ашып қарағанда көздері «мысық көзденіп», яғни, көздің қарашығы кішірейіп мысықтың көзіндей сызықша болып қалған. Сондай-ақ, жүрек, ми толығымен жұмысын тоқтатқан. Денедегі қан ұйып, даққа айналып арқаға тарап кеткен. Осы белгілерді көрісімен, сол уақыттағы ең қиыны – сәбидің шетінегенін ата-анасына жеткізу. Қанша айтып түсіндірсем де, әлгі кісілердің тыңдағысы жоқ. «Баламыз жаңа ғана тірі еді» деп безек қағады. Осындайда фельдшердің өзгермес қағидасының бірі – өзін тыңдата білу һәм айтқанына сендіру, – деп Бағдат Төреқұлов біз білмейтін енді бір медициналық сырдың басын ашты.

НАҒЫЗ МАМАН БЕЙНЕСІ

Асылында, білмейтініміз көп. Біз фильмдерде көретін халық мақтаныштары, батырлары ортамызда жүр. Өлім мен өмір үшін арпалысып, жанға сауға сұрағандардың бары қуантады. Мұны жалпақ жұртшылық білуге тиіс.

– Елден алған алғысқа масайрап, масаттанып қалатынымыз рас. Дегенмен, «мен батырмын» немесе «мен болмасам» деген ойдан адамын. Бізді де бұл жағдайға жеткізе тәрбиелегендер бар. Бағыт-бағдар ұсынған. Тіпті, алғаш жас маман болып келгенде әкесін жерлеп жатқан жерінен менің науқасыма телефон арқылы көмек берген ұстазымды әлі ұмытқам жоқ. Ол – 30 жылдық тәжірибесі бар Светлана Истомина. «Көмек керек болса, бірдеңені білмесең кез келген уақытта хабарлас, қолымнан келгенше көмектесем» деген еді. Осы бір ауыз сөзі бар жұмыс тәжірибемде мені алға жетелеп келеді. Кейінгі іс-тәжірибеден өтуші іні-қарындастарыма бар білгенімді үйретіп, бөліскім келеді. Кейде дәл іс-тәжірибеден өтуші жастар келгенде шақырту аз болады. Содан ішімнен ойлаймын «Қап мына балалар ештеңе үйрене алмады-ау!», деп. Болмаған соң жоқ дегенде «ине салып үйренсін» деп, өз қолымды ұсынамын. Витаминдерді салып, тамырға тура түскендеріне мәз-мейрам болып жатады. Бұл да менің ойымша бір жетістік қой. Бәрі кішігірім үйренуден басталады емес пе?! Біздің де аяқ аспаннан салбырап түспеген шығар, – деп сөзін тәмамдады фельдшер.

Кезекшілік келді. Бағдат Төреқұлов сақадай сай. Қолына ұстаған қобдишаның ішінде сан препарат, сан медикамент бар. Диспетчерден келген шақыртудың артында басы ауырып, балтыры сыздағандар ғана емес жаны мұрнының ұшына таяп, арашаны ақ халаттыдан сұрағандар тұр. Жанға араша түскеннің жаны сау болсын!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»