БАҒА – АСПАНДА, ХАЛЫҚ – ЖЕРДЕ Мектепке қамданыс қанша тұрады?

Баланы мектепке дайындау қыркүйек жақындаған сайын ата-ананың бас ауруына айналады. Жылдағы шаруа, халық үшін өзекті. Әсіресе, биыл – киім-кешек те, оқу құралы да қымбаттаған шақта. 12 беттік дәптер бағасы 40 теңгеден асып, түрлі-түсті қарындашыңыз 2 мың теңге қазір. Шарықтаған бағаны статистикалық мәліметтерінсіз-ақ аңғару қиын емес…

Коллаж: Марал Әйнекова

СТАТИСТИКА: «ҚЫМБАТТАДЫ» ДЕЙДІ

Десе де санмен сөйлейік. Ұлттық статистика бюросы биыл кеңсе тауарларының күрт қымбаттағанын келтіріп отыр. Былтырмен салыстырғанда айырмашылық әжептеуір. Сонда дәптер мен түрлі-түсті қарындаш – 12,1%-ға, қалам – 13,2%-ға, сурет альбомы 14,1%-ға өскен. Сатушы компания өкілдерінің айтар уәжі бір – бағаның шарықтауына инфляциялық процестермен қатар, валюта бағамындағы өзгерістер мен тасымалдау құны тікелей әсер етті.
Бүгінде бір баланы мектепке дайындау үшін кемі 83 865 теңге қажет. «АMANAT» партиясы жанындағы қоғамдық саясат институтының өзі осылай деп отыр. Зерттеуге ABDI, Glasman дүкендерінің онлайн және бөлшек саудадағы киімдері мен оқу құралдарының бағасы алынған. Институт оқушыға ең қажетті кеңсе тауарларының бағасы 13 885 теңге болатынын есептеген. Мұның ішіне 22 зат кіреді. Оның ең қымбаты – рюкзак, ол 6 800 теңгеден басталады, ал, ең арзаны – қарындаш-желім мен ұштағыш 50 теңгеден басталады. Бұл сомаға мектеп формасы мен туфлиін, спорттық костюм мен аяқ киімін қосамыз. Институт есебінше бұған 69 980 теңге кетеді. Қыздардың киімі сәл қымбаттау – 71 980 теңге. Нәтижесінде, бір баланы мектепке дайындау үшін 83 865 теңге керек. Бұл зерттеудің өткен айда жасалғанын ескерсек, ондағы бағаның да өзгергені анық.

БАЗАРДА БАҒА ҚАНДАЙ?

Қазіргі баға қандай? «Алтын арба» фермерлік сауда орталығы алындағы мектеп тауарлары базарына бардық. Сатушының барлығы келісіп алғандай, дәптер жеке сатылмайды. «Сыйлыққа» деп жазылып тұр. Ол «сыйлықты» алу үшін кемі 10 мың теңгеге сауда жасауыңыз керек. Жеке алсаң, дәптер құны – 45 теңге. Күнделіктің арзаны – 1000 теңге. Қоғамдық саясат институты желім-қарындашты 50 теңгеге қайдан тапқанын білмейміз, біздің кездестіргеніміз, кішісі – 280 теңгеден, үлкені – 600 теңгеден болды. Мектеп сөмкелері 7-8 мыңнан басталады. Бірақ, оның матасы мен суреттері сапасыз. Арқасы қатты ортопедтік рюкзактар 9-10 мыңнан жоғары.

Киімнің бағасы – сапасына қарай. Мәселен, қыз балаға мектеп формасы – 5500 теңгеден жоғары, фартуктің бағасы – 2000-2500 теңге аралығында. Ұл балалар костюмінің бағасы – 20 мың теңге, жейде 4 500 теңгеден басталады. Ал, галстуктер – 1000-1500 теңге аралығында. Спорт костюмдерін 4 мыңнан 9 мың теңгеге дейін алуға болады. Әлбетте, мұның барлығы қырғыздар мен қытайлардың тауары. Ресейлік, түркиялық киім бұдан әлдеқайда жоғары.

Жеңілдік қарасаң, сатушы атаулы бағаның биыл өскенін, өздері де осындай бағаға алып тұрғанын, үстінен сәл ғана көретіндерін айтып зар жылайды. Доллар мен рубльдің өскені қарапайым халыққа сор болды. Киерің де, ішіп-жемің де қымбат. Айтатыны жаңағы. 1 сынып оқушысында күнделік, дәптер, қалам мен қарындаштан басқа сурет салатын альбом, акварель, түрлі түсті қағаз, картон, қайшы, желім, сызғыш және дәптер мен кітапқа арналған мұқаба болуы тиіс . Бұл рюкзакты есептемегенде орташа есеппен 12 мың теңге тұрады. Іздегенге 70 теңгенің де, 700 теңгенің де қаламы бар. Алайда, көпшілік сапасына емсе, қалтасына қарай сауда жасауда.

«З5 МЫҢ ТЕҢГЕ» 

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов журналистерге баласының мектеп формасын 35 мыңға алғанын айтатын видеоны бәрі көрген болар.

«Осы демалыста баламды ертіп дүкенге бардым. Бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм, галстук алдық. Бағасына келсек, 35 мыңға жуық ақша кетті. Қайдан десеңіздер, «Glasman» атты дүкенге барып, жұртпен бірге кезекке тұрып, 36 өлшемді киім алып қайттық», – дейді министр. Тіпті, алынған заттың чегін де көрсетеді. Қайсыбірі баға расымен солай десе, біреулер «министр деп жеңілдікпен алған болар» десті. Қарағанды тұрғындары қаншаға және қайдан алды екен?

– 2-ші сынып баласына костюм-шалбар – 16 мың теңге, жейде – 9500 теңге, туфли 9 мың теңгеге шықты. «Алтын арбаның» 2-ші қабатынан бөліп төлеуге алдым. Былтырғы спорттық киімі мен аяқ киімін киеді, – дейді Алма есімді тұрғын.

– Еңбек демалысымда Нұр-Сұлтанға барғанда «Glasman» дүкенінен алдым. Бағалар министр айтқандай, шалбарды 7 мыңға, жейдені 6 мыңға сатып алдым, – деді Шынар есімді тұрғын.

– «Ескі» «Корзинаның» 2-ші қабатынан екі балама алғаным 150 мың теңге көлемінде шықты. Қымбаты, костюм түркиялық – 26 мың теңге, туфли – 17 мың, спорттық киім – 13 мың, кроссовкиі – 15 мың теңге. Тағы ұсақ-түйек киімдері бар.

Біз оқу құралын, киім-кешек алу үшін жыл сайын Алматыға барамыз, – дейді Индира есімді ата-ана. – Мектепке баратын 3 балам бар. шұлығынан бастап, күздік киім мен аяқ киімдеріне дейін аламыз. Арзан. Бірақ, биыл баға былтырғыдай емес екен. Көтеріліпті.

КӨПБАЛАЛЫҒА ҚАНДАЙ КӨМЕК?

Жан-жақтан қысқан қымбатшылық көпбалалы отбасыларға ауыр соғатыны айтпаса да түсінікті. Бірнеше баласын мектепке дайындайтын отбасылар екі-үш есе шығындалады. Дегенмен, мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мектеп жарағын алуға көмек көрсетеді.

– Биыл өте маңызды екі шешім қабылдадық. Бұл мәселені ата-аналар үш жыл бойы көтерген еді. Біріншіден, оқушыларға шақ емес, жеңі салбырап тұратын мектеп формалары таратылатын. Бұл мәселені шешу үшін формаға қажетті қаражатты ата-ананың жеке шотына аударуды ұйғардық. Бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екіншіден, мысалы Солтүстік Қазақстанда былтыр бір оқушыға 17 мың теңге ғана бөлінетін. Кей өңірлерде 20 мың, 25 мың теңге беріліп келген. Енді биыл қаражаттың ең төменгі деңгейін 37 мыңға дейін көтердік. Бұл шешімдер 475 мың баланың мәселесін шешуге көмектестеді, – деген болатын Асхат Аймағамбетов.

Облыста 13 мың оқушысы Жалпы білім қорынан көмек алады. Яғни, оның әрқайсына 37 мың теңге бөлінеді. Әрине, барлық шығынды өтемесе де, бір жыртықты жамауға болар. Бірқатар ата-аналар үнемдеу мақсатында оқу құралдарын шақтап, бірінші, екінші тоқсанға жететіндей ғана алады екен. Кейбірі оқу басталып, қарбалас біткенде «сезоны өтті» деген жаппай сатылымды күтетін көрінеді. Сабақ аяқталысымен оқу құралын да, форманы да алып қоятын ата-аналар бар екен. Кітапқа тыс сатып алмай, метрі 500 теңге болатын кленканы алып, келтіріп қиып, үтікпен бастырып «лайфхак» деп бөлісіп жатқан ата-аналар видеосы да жүр әлеуметтік желіде. Мектепке дайындықты әлі бастамаған ата-аналар осы сенбі, жексенбі күні «Global City» сауда үйінде өтетін мектеп құралдары жәрмеңкесіне бара алады. Білім басқармасы, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері бұл шараға ерекше мән беріп отыр. Алайда, аспандап кеткен бағаның жердегі қарапайым халыққа жетуі қиындау сияқты. Арасында жылт еткен акциялар мен жеңілдіктерді аңдымасақ…

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»