Бас тақырып

Елорда ауыз тиген елдің дәмі

Демалыс күндері дала дастарханы Астанаға жетті. «Астана-Арена» стадионы жанындағы алаңда өткен жәрмеңкеде қанаттас Қарағанды мен Ұлытау облыстарының фермерлері өнімдерін сөреге қойды. Арзан бағадағы табиғи, таза өнімге ала дорбасын толтырған елордалық ағайын дән риза. Қарағандылық шаруалар да бар өнімін саудалап үлгергендеріне бек қуанышты.

Дәл қазір қаладағы ағайын қысқа қамданатын уақыт. Соғымды да, күздікті де жәрмеңкеден таңдап жүріп алуға дағдыланған. Әсіресе, Арқа даласында жайылған малдың етін ерекше күтеді екен елордалықтар. Осыны білген біздің шаруалар 138 тонна ет жеткізіпті. Жылқы етінің келісін – 2500 теңгеден саудаласа, сиыр мен қой етін 2300 теңгеге өткізіпті. Ал, жәрмеңкеге апарған ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 700 тоннаға жуықтайды.

Астықты өлке Осакаров, Нұра алқаптарынан 430 тонна картоп, 95 тонна көкөніс жеткізілген. 13 тонна сүт өнімі, 5,5 тонна балық, 200 мың жұмыртқа және 16 тонна өзге де өнім сөреге қойылып, саудаланған. Бағалары да нарықтағыдан 10-20 пайызға арзан. «Қалтаға қолайлы», дейді тұтынушылар. Қолдың сары майының бағасы 3700 теңгеден сатылыпты. Ал, негізгі бағасы 5000 теңгеңізден кем емес. Картоп пен сәбіз – 120, пияз бен қырыққабаттың құны – 100 теңге. Қол қаймақтың келісі – 1500 теңге болса, Қарқаралы, Шеттің қымызы 1200 теңгеден өтіпті.

Иә, Қарағанды дәмі астаналық ағайынның дастарханынан үзілген емес. Жылда дәстүрге айналған жәрмеңкедегі тауардан бөлек, «Нәтиже», «Ren milk», «Евразиан фудс», «Апрель – Кулагер», «Дедов» сынды компаниялардың өніміне сұраныс жоғары. Мұнымен қоса, елордаға іргелес ел болғандықтан, көкөністеріміз де, ет өніміміз де, қымыз-құртымыз да үнемі базар сөресінде тұрады.

Кенді өлкенің астық толы керуенінен біраз жұрт қысқа азық жинап алды. Қазір бағаңыз күн санап өсіп тұрған шақта, осындай жәрмеңкелер өте тиімді болып тұр. Делдалға ұрынбау үшін фермерге де, халыққа да қолайлы.

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы өнімдердің барлығы өткенін жеткізді. Енді, Алматыдағы жәрмеңкеге ат басын бұру үшін қам жасап жатыр. 29-30 қазан күндері қарағандылық жәрмеңке керуені оңтүстікке барып, арқа дәмін ұсынады.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button