Бас тақырып

ОТБАСЫЛЫҚ СОТ Балаға қатысты дау жанжалсыз шешілуі тиіс

Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің жыл сайынғы Жолдауларында сот шешімдерін мұқият талдау жұмыстарын жолға қою қажеттілігін айтып келеді. Сәйкесінше, тиімді сот жүйесін құру бағытында біршама тыңғылықты реформалар жүзеге асырылуда. Осы орайда, дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу мақсатында 1-қаңтардан бастап сотқа дейінгі хаттаманы жүргізуге түзетулер енгізілген болатын.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты татуластыру рәсімін және сотқа дейінгі хаттаманы жүргізу кезінде судьяның процессуалдық әрекеттерінің қадамдық алгоритмін әзірледі. Алгоритм бойынша сотқа келіп түскен істердің барлығы бітімгершілік жолымен іс жүргізуге маманданған судьяға беріледі. Айта кету керек, негізгі сөз бітімгершілік болғанымен де, бұған бұзылған құқықтарды қорғау және қалпына келтіру сот шешімі негізінде мүмкін болатын немесе іс бітімгершілікпен аяқталмайтын, тіпті қысқартылған тәртіппен қаралатын істер де кіреді.

Ерекше өндірістегі істерден басқасының барлығы бітімгер судьяға жіберіледі. Одан әрі «Төрелік» ақпараттық жүйесінде сотқа дейінгі хабарлама үлгісі әзірленеді де, ол автоматты түрде сот кабинеті арқылы тараптарға жіберіледі. Егер тараптардың жеке сот кабинеті болмаса, онда шақыру талап-өтініш түскен күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жазбаша хабарлама гибридтік электрондық хатпен немесе тараптардың электрондық поштасына жіберіледі, – дейді Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Динара Мутубаева.

Төрағаның айтуынша, егер талап-өтінішке шара қолдану туралы өтінім қоса берілсе, судья тараптарға шақырту жібереді және талапты іс жүргізуге қабылдайды. Бұл ретте тараптар сотқа дейінгі хаттаманы әзірлемесе де болады. Істерді сот талқылауына дайындау Азаматтық іс жүргізу кодексінің 16-тарауының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Шақырту мазмұнына да қойылатын талап бар. Мәселен, дауды реттеуде медиаторлардың, адвокаттардың, нотариустардың жасаған келісімі, өкілдердің қатысуы, сондай-ақ, тараптардың құқығы көрсетіледі. Тараптар болса, татуласу кезінде екі жақты татуластыруға көмектесе алатын басқа да адамдарды тарта алады.

Динара МУТУБАЕВА, Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Тараптармен бітімгершілік әңгіме Азаматтық іс жүргізу кодексінің 17-тарауына сәйкес, 10 жұмыс күні ішінде, ал, егер сотқа дейінгі хаттама жасалса – 15 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Ал, тараптар, оның ішінде қысқартылған іс жүргізу бойынша бітімгершілік рәсімдер шеңберінде келісімді 10 жұмыс күні ішінде бекіту туралы өтініш білдірсе, онда 15 жұмыс күні ішінде тараптар сотқа дейінгі жасалған хаттаманы, құжаттарды және дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, келіп түскен талап-өтініштердегі 20 іс бойынша тараптар татуласқан, ал, 4-і қайтарылса, 14 іс қараусыз қалдырылған. Ал, биылғы бірінші тоқсанда бітімгершілікпен шешілген даулардың жалпы саны – 20%.

Жоғарыда атап өткендей, тараптар дауды 15 жұмыс күн ішінде сотқа дейінгі хаттама жасау арқылы шеше алады. Бұл ретте сотқа дейінгі хаттамаға сәйкес, құжаттар мен дәлелдемелер қоса тіркеледі. Мысал келтіретін болсақ, балалардың тұрғылықты жерін анықтау туралы дауларда табысы, мүлкі және тағы да басқа құжаттар қоса беріледі. Балалармен қарым-қатынас тәртібін анықтау кезінде ата-ана баланың денсаулығы туралы мәліметті, қосымша спорттық секцияларға және үйірмелерге қатысатыны туралы дәлелдемелерді қоса береді.

Тәжірибе көрсеткендей, «Отбасылық сот» пилоттық жобасы бойынша даулардың дені бітімгерлік жолмен шешіледі. Психологтың балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған ұсыныстарын ескерген ата-аналар алдағы уақытта соттасудан бас тартады.

«Келіссөздер процесі, ата-ана құқығын даусыз жүзеге асыру ең алдымен кәмелетке толмаған баланың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын ата-ана құқығын жүзеге асыруды жанжалсыз шешуге мүмкіндік береді. Ювеналды сотта дауларды шешу ең алдымен, кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған», дейді Динара Маратқызы.

Салтанат ІЛИЯШ. 

Басқа материалдар

Back to top button