Бас тақырып

АШЫҚ ҚАЛҒАН АРЫҚ, АШЫНҒАН ХАЛЫҚ

Теміржолшылар мекені саналатын Сұрыптау кентіндегі көшеде арықтар ашық күйінде жатыр. Не арық дейсіз ғой? Су құбырын жүргізбекші болған. Алайда, мердігерлер шаруаларын аяқсыз қалдырған. Жарайды, жобаны қаржыландыру немесе аяқтау мерзімі биылғы жылға ауысқан шығар. Десек те, қазылған арықтарға не ескертпе белгі қоймай, не қоршамағаны мердігердің де, жергілікті биліктің де салғырттығын танытады.

Ол аз десеңіз, Лермонтов көшесінде тау-тау болып үйілген қоқыстың жатқанына да 10 жылға жуықтапты. Не керек, сол жаққа өз аяғымызбен бардық, көрдік, тұрғындардың базынасын тыңдадық.

Сұрыптау кенті қаладан қашық емес. Іргесінде. Бірақ, бұл жақта әлі де ауыз су мәселесі өзекті дегенде бас шайқадық. Әне-міне ауыз суға жаримыз дегеннің өзінде жұрттың санаулысына ғана су тиіп, біразының аңқасы кеуіп отыр. Ал, қоршауы жоқ арықтың жабусыз күйінде жатқанына жазда жыл толады. Өзге де проблема жетерлік.

Суды келесі көшедегі бір үйден тасып ішеміз. Үй шаруасының өзіне су жоқ. Мұнда зейнеткерлер көп тұрады. Суды дүкеннен тасып ішеді. Шығын. Бірақ, тартып, қазып алған кісілер бар. Дегенмен, денінде су жоқ. Енді, бағдарламамен су тартамыз дегенде шаруаларын шашып кетті. Арықтың беті жабылған жоқ, не белгі қойған жоқ. Және он жыл бойғы қордаланған қоқысты шығарта алмай келеміз. Үйіліп қалды. Балаларға обал. Ауа ластанады. Қоқысты шығарып беріңіздер деп шулап бақтық. Ешкім құлақ аспады, – дейді тұрғын Күлшаш Сағынбай.

Менің осы жерде тұрғаныма он жылдан асты. Үй шаруасына деп үш метрлік құдық қазып алдық. Ауыз суды тасып ішеміз. Осында жер қазып жүрген жігіттер су тартамыз дегенде қатты қуанған едік. Бірақ, үлгере алмай қалды ма, әйтеуір, түк бітпеді. Бітіргендері жерді қазды да оны қоршамай кетті. Қалай тастады, солай кетті. Оның өзін ретімен қазбай, секіріп-секіріп өтеді. Әкімдік тексеріс жүргізіп, қарау керек қой. Ертең, бетін аулақ қылсын, біреудің баласы арыққа түсіп кетсе, кім жауап береді? Арыққа су толып қалған. Дәл Қарағандының іргесінде осындай мәселенің бары қынжылтады бізді, – дейді Лермонтов көшесінің тұрғыны Әбілқайыр Төлепберген.

Лермонтов көшесінідегі жұрттың шағымы – осы. Тек, бұл екі тұрғын ғана емес, бірнеше кісі мұңын шақты. Алаңдайтындары – ауыз су мәселесі. Ашынатындары – ашық қалған арықтар. Шыр-пыр болатындары – балаларының қауіпсіздігі. Ал, бұған бас ауырып, балтыры сыздаған құзырлы органды байқамадым. Неге десеңіз, осы салаға жауапты Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары Сәтбек Әбдіхалықовқа телефон шалып, мән-жайды жеткіздім де, жауап беруін сұрадым. Бірден келіскенімен жауапты созып жүрді. Есінен шығып кеткен болар деп кешкілік «Whatsapp» желісі арқылы қайыра есіне салдым. Маған сілтеме жіберді. Онда есеп үшін салынған фото мен ақпарат қана тұр. Тағы да сұрадым: «Ауыз су мәселесі қашан толық шешімін табады?», «Неге қоршалмаған? Қауіпсіздік қамтамасыз ету шаралары қайда?» және «Он жыл бойғы қоқысты қашан шығарасыздар?» деп сауалды нықтап, қайыра жолдадым. Алайда, әкім орынбасары сұрақтан жалтарды ма, кім білсін, тағы да сұрағыма толыққанды жауап ала алмадым. Жекеме төмендегідей жауаптарды жолдапты. Қаз қалпында берейік. Себебін төменде түсіндіре кетемін…

«2021 жылы мердігер ұйым («Дәнекер» ЖШС) Лермонтов көшесі, Новая, Рабочая және Урановый тұйық көшелері бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтады, шамамен 8,9 км желі өткізілді. Су құбыры желілерінің құрылысы 2022 жылы жалғастырылады.
Су құбыры құрылысы бағдарламасының әкімшісі «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ болып табылады».

«Ағымдағы жылға аудан бойынша рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша 009 «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша бюджеттік қаражаттар бөлінді.
Бүгінгі күні электрондық мемлекеттік сатып алулардың конкурстық рәсімдері жүргізілуде, қорытындылар шығарылып, қызметтерді жеткізушімен шарт жасалғаннан кейін Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданы бойынша, оның ішінде жоспарда көзделген рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындарын уақтылы жою жоспарымен космомониторинг нәтижесінде анықталған қоқыстарды жою бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою мәселесі аудан әкімі аппаратының тұрақты бақылауында».

Сіз мұндай жауапқа қанағат етер ме едіңіз? «Мен не деймін, домбырам не дейді?». Түсінікті тілмен 2-3 мәрте жолдаған едім сауалымды. Ол кісінің жауабы – осы болды. Әкім орынбасарына бір қызметкері жолдаған болуы керек. Ол соны маған жібере салып, оңай құтылған сыңайлы. «Whatsapp» арқылы келген хабардың төбесінде «пересланное сообщение» деген жазу тұр. Сондықтан, осы мәселеге тікелей жауапты басшы тілшінің сауалына, тұрғындарды толғандырған мәселеге жүрдім-бардым қараса, бізде шынымен қадір қалмаған екен…

Ал, ашық қалған жыра мен тау-тау болған қоқыстан жергілікті тұрғындар зардап шегіп отыр. Күні кеше ғана осы Сұрыптау кентінде тоғыз жасар баланың арыққа құлап, көз жұмғаны естеріңізде болар. Дәл сол қайғылы оқиға қайталанбасына кім кепіл?!

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button