Бас тақырып

11,5%: кімдерге қатысты?

Жыл басынан Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі көтеріліп, өзгерістер енгізілген болатын. Сәйкесінше, бұған дейін басқа банктермен салыстырғанда пайыздық мөлшерлемесі төмен болып келген Отбасы банкінің де жылдық мөлшерлемесі 1 қазаннан бастап 7,5%-дан 11,5%-ға артады. Бұл өзгерістің пәтер алу үшін депозитке ақша жинап жүргендерге қатысы жоқ.

Өңірдегі Отбасы банк мамандарына хабарласқанымызда бұл туралы ешқандай мәлімет айта алмайтындығын жеткізді. Жылдық мөлшерлемеге қатысты ақпаратты Ұлттық банк берді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,0 пайыздық төлемақы дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме – 15,5%-ды, өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 13,5%-ды құрады. Бұл өзгеріс – логистикалық қызметтер құнының өсуінен, сауда әріптесі болып табылатын елдердегі жоғары инфляциядан және теңге бағамының рубльге қатысты әлсіреуіне тікелей қатысы бар.
Сәйкесінше, басқа банктердің де жылдық базалық мөлшерлемесі артты. Бірақ, көрсеткіш Ұлттық банктің жылдық мөлшерлемесінен аспауы қажет.

Енді Отбасы банктегі жаңа өзгерістерге тоқталсақ. Мәселен, сіздің белгілі бір мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алмақ ойыңыз бар. Сол мақсатта депозит ашып, ай сайын ақша салып отырсыз. Олай болса, бұл өзгерістің сізге ешқандай қатысы жоқ. Қажет қаржыңызды жинап, баяғы 7,5%-бен баспана ала аласыз. Ал, бұл өзгеріс тек аралық тұрғын үй несиесіне сараланған пайыздық мөлшерлемелерге қолданылады екен. Сонда қалай? Мысалы, сізде 2 бөлмелі үй бағасының 50%-ы бар. Бірақ, депозит ашып, тұрақты ақша салмай бірден үй алғыңыз келеді. Онда банк сізге жаңадан іске қосылған бағдарламамен, яғни, 11,5%-бен береді екен. Ел дұрыс түсінбей жүрген өзгеріс – осы. Банк басшылығы бұл өзгеріс арқылы ел тұрғындарын жинақтау жүйесіндегі белсенділігін арттыруды көздеп отырғанын алға тартады.

– Егер салымшылар «Менде әлі уақыт бар. Қолда тұрған үй бағасының 50%-ын 6 айға дейін депозитке салып, күте тұрамын» десе, онда олар бұрынғыдай 7,5% немесе 5%, 8,5%-дық несиеге іліге алады. Жалпы, қолыңда үй бағасының 50%-ы тұрғанымен бағалау көрсеткішін кемі 5 баллға толтыру керек. Және депозиттің ашылғанына 6 ай уақыт болуы шарт. Айта кетейік, салымшы депозитін неғұрлым ұзақ уақыт жинаса, соғұрлым несие мөлшерлемесі төмен болады, – деді Отбасы банк менеджері.
Қолыңызда үй бағасының 50%-ы бар. Бірақ, сіз күте алмайсыз. Осы тарапта белгілі экономист Дәулет Төлеутайұлы әлеуметтік парақшасында оқырмандарына мынандай кеңес берді:

– Жинаған ақшаңызды шотқа
салғаныңызда бағалау көрсеткіші 16 баллға толмай жатады. Мұндай жағдайда банк толық үйдің сомасын өзі беріп, ақшаңыз бен үйді кепілге қояды. Және тағы да мынандай нұсқалары бар. Егер сізде үйдің 50%-ы болса, біреудің жинаған депозитін сатып ала аласыз. Сонда айлық төлеміңіз де азаяды. Депозит сатып алу – қиын емес. Ешкіммен кездеспей-ақ, банк сайты арқылы барлық процесті жүзеге асыруға болады. Бірақ, мен қайда жүрсем де оқырмандарыма «Ақша жинаңыздар» деп айтып жүремін. Сонда екі тараптан да ұтылмайсыз. Депозитіңізге тұрақты ақша салып отырсаңыз, бағалау көрсеткіші де өседі. Жалпы, «ОП»-ны түсінген адам опық жемейді, – дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш өзгеріс 1 қазаннан іске қосылады. Егер сол уақытқа дейін үйдің 50% ақшасын жинаған болсаңыз, 7,5%-бен алуға үлгересіз.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button