Жаңалықтар

Қаңғыған мысықтан қауіп көп

Жасыратыны жоқ, бұл күні қаңғыған ит пен мысық ерекше қорғауға алынған. Оларды ветеринария мамандары бұрынғыдай аулай алмайды. Себебі, Заңмен ресми түрде шектеу қойылған.

Соның салдарынан биылғы жылдың өзінде-ақ көшедегі қаңғыған ит-мысықтың қарасы екі-үш есе артқандай көрінеді көзге.

Әр аулада, әр подъездің алдында, тіпті аялдамалардың жанында топталған мысық. Көшені көлденең кесіп өтуші иттер. Міне, қала ішіндегі қазіргі көрініс.

Қаңғыған ит қауып алар деген қауіптің бары сөзсіз әркімде. Жаз мезгілінде алаңсыз ойнайтын балалар үшін тіптен алаңдайсыз. Күні кеше «Сәрсенбаев көшесіндегі бір тұрғынды өзінің иті талап тастап, ер адам жансақтау бөліміне жатқызылды» деген хабарды естідік. Оның жанында иесіз жүрген иттен келер қауіпті өзіңіз саралай беріңіз.

Ал, қаңғыған мысықтан адамға жұғатын вирустардың түрлерін оқып білгенімізде еріксіз жағамызды ұстадық. Бала күнімізде «мысықтан бүрге жұғады» дегенді ғана естіп өстік қой. Сөйтсек…

Мәселен, «құтыру ауруы» мысықтан жұғуы ықтимал. Адам ағзасына құтыру вирусы қан арқылы тарайды. Бұл аурудың емі жоқ. Дертке шалдыққан адамның денесі тырысып, судан жиіркеніп, сал болып, шөліркеп және жағдайы күрт төмендейді. Құтыруға шалдыққан адамға ең мықты дәрігер де көмектесе алмайды екен.

Хламидиоз вирусы да адам ағзасына мысықтан жұғады. Көз жанарына қауіп төндіретін ауру.

Адамның терісін, шашын зақымдап, ұзақ уақыт емделуді қажет қылатын дерматомикоз дерті де осы жануардан жұғады екен.

Тіптен, бауырыңызды зақымдауға дейін баратын гельминттер де ағзаға мысық арқылы жұғады.

Адам ағзасына түссе, ауыр дертке бастайтын фелиноз вирусы да қаңғыған мысықтарда көп кездеседі екен.

Дәрігер емеспіз. Төрт-бес мысал ғана келтірдік. Әйтпесе, мысықтан жұғатын аурулар түрі мұнымен шектелмейді.

Бір әттегені, «киік көбейіп кетті» деп шулағандар «мысық көбейіп кетті» деуге асығар емес. Керісінше, аула-аулада қаңғыған мысықтарды қоректендіретін «қамқоршыларға» қой дейтін қожа табылмай тұр.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button