Көкейкесті

Жайылым тозып, байлар озып барады

Ел экономикасының күретамыры – ауыл. Дегенмен, жайылым мұң болып тұр. Сарапшылар «латифундистік облыстар» деген бейресми рейтинг құрыпты, оған Қарағанды, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары жатады екен. Дегенмен, бос жатқан жерді байлардан қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Мәжіліс депутаттары ел аралап, шаруалардың проблемасымен танысуда. Әкімдіктегі жиындарда да осы жайылым мәселесі сөз болуда.

Әлемдегі 9-шы территорияны иеленген Қазақстанның аумағы 2 млн. 724,9 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл – 272 млн. 490 мың гектар. Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында жерді өзі де пайдаланбайтын, өзгеге де бермейтін жер иеленушілерді «шөп қорыған итке» теңегені мәлім. Ол бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, ауыл тұрғындарына беруді тапсырды. Бұл жұмыс әлі күнге жалғасып келеді. Жер мәселесі – мемлекеттің, тұтас алғанда бүкіл қоғамның және жеке алғанда елдің әрбір азаматының мүдделерін қозғайтын ең өзекті және күрделі мәселенің бірі. Қарағанды облысында да жайылымдық жер тапшы. Ал, кейбір ауылда біреудің иелігіндегі жер игерілмей бос жатыр. Осыған байланысты ондай жерді мәжбүрлі түрде тартып алу басталды. Дегенмен, олқылықтар да жоқ емес. Кейбір шаруалар өз жерлерін негізсіз алып қойып жатыр деп дабыл қағуда. Сонымен қатар, екі облысқа да тиесілі жер телімі бар болып шықты. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Нұра ауданы, оның ішінде Қараой және Жарасбай ауылдары тұрғындарымен кездескен болатын. Сол жиында Эльдар Жұмағазиев: «Жайылымдық жерлердің жетіспеушілік проблемасы бұрыннан бар және осы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді. Халықтың қолындағы мал басы фермерлік ұжымдарымен салыстырғанда көп, алайда оларға бөлінген жайылым көлемі аз.

«Жайылым туралы» заң нормаларының орындалмағаны – күні бүгінге дейін қордаланған мәселе. Соның кесірінен жергілікті ауыл тұрғындары жайылымдарды қажетінше пайдалана алмай келеді. Елімізде «Жер реформасы» жөніндегі комиссия жұмыс жасап жатыр, оның құрамына Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің депутаттары кірді, жалпы мәселе тікелей Үкіметтің, «AMANAT» партиясының бақылауында және оң шешімін табады, – деді.

Пайдаланылмаған жердің тоз-тозы шығады. Оған ауыл халқы куә. Ал, латуфиндист – жер иеленушілер қайтарып бергісі келмей отырғаны тағы бар. Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 2020 жылмен салыстырғанда былтыр 1 млн. 696 мың гектарға ұлғайып, 18 млн. 37 мың гектарға жетті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемінің ұлғаюы босалқы жерлерінен конкурс арқылы берілген жерлер есебінен болған. Айта кету керек, 2021 жылы шағын және орта бизнесті дамыту үшін 41 аукцион өткізіліп, онда коммерциялық мақсатта көлемі 148,6 гектар болатын 193 жер учаскесі сатылды. Өткен 2021 жылы халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында Нұра ауданында 178 мың га, Осакаров ауданында 7,8 мың га алқапты бірлесіп пайдалану туралы меморандумдарға қол қойылған. Әрине, шаңы шығып жатқаннан көпжылдық шөп егіп, шаруаға оңтайлы қылса, жақсы болар еді. Сонымен қатар, жайылымдық жері болса, ауылдағы ағайын мал басын көбейтеді. Оған шүбә жоқ. Тек қана бұл жұмысты аяқсыз қалдырмасақ екен…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button