Жемқорлық тәуекелі картасы әзір
Облысқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий МАЛАХОВ келді. Оның қатысуымен облыс әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Жұмыс сапары барысында агенттік төрағасының бірінші орынбасары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меткомбинатында болып, экология саласындағы проблемалық мәселелер бойынша дөңгелек үстел өткізді. Сонымен қатар, өңір кәсіпкерлерімен де кездесті.
– Бүгін біз жұмысқа деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Өңірдің ерекшелігін ескере отырып, агенттік әрбір облыс және республикалық маңызы бар қала үшін Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Бұл құжатта процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілердің және заңнаманың жетілдірілмеуіне байланысты проблемалар бар өзекті мәселелердің тізбесі көрсетілген, – деді Дмитрий Малахов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының отырысында. Ол ең бастысы – алдын алу шаралары, яғни, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары болып табылатынын атап өтті.
Карта туралы толығырақ Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев айтып берді. Оның айтуынша, өңірде төрт негізгі сала анықталған: жер қатынастары, жол құрылысы және жөндеу, инфрақұрылымдық жобалар, экология. Сонымен қатар, олигополия нарығы назарда – ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың айналасындағы ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері.
Әрбір сала бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірленді. Проблемалық мәселелердің шешілуіне қарай карта жаңартылады.
– Біз тәуекелдерді жою үшін тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтін боламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – бұл мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Сыбайлас жемқорлық көріністері мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді, іскерлік ахуалды нашарлатады, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Кәсіпкерлермен кездесуде Дмитрий Малахов бизнес-қоғамдастықтың мәселелерін талқылады. Ол бизнеске заңсыз араласудан қорғау шаралары туралы айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары кәсіпкерлерді адалдық пен парасаттылыққа шақырды.
«АрселорМиттал Теміртау» басшылығы мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі Жол картасының орындалуы және ауаға шығатын зиянды заттарды азайту шаралары талқыланды.
Дмитрий Малахов сондай-ақ, Теміртаудағы автожолдарды жөндеу жобалардың іске асуымен танысты. Сонымен қатар, Қарағандыдағы жер мәселесіне қатысты сұрақтар жиі туындайтын «Күнгей» шағынауданына барды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.