Жаңалықтар

Әбжекеңнің әзілдері

Белгілі сатирик-жазушы, қарымды қаламгер, көп жыл «Орталық Қазақстанның» Қарқаралы ауданындағы меншікті тілшісі болған Әбжан ОМАРБАЕВ ағамыздың ел аузында жүрген әңгімелері көп.

«АУЗЫМНАН ҚАҒЫНЫП…»

(Қарқаралы қаласында тұрған Сұңғат НЫҒМЕТЖАНОВ ағамыз айтқан әңгіме) Әбжекең біздің үйге жиі соғып, шай ішіп кетіп жүретін. Бір күні түс кезінде келе қалды. Қашанғы әңгімешіл әдетімен шай үстінде қалжыңдап отырды да:

– Япыр-ай, – деп таңдайын қағып, таңданып қалды. «Не айтар екен?» деп бикеміз екеуіміз аузына қарап отырмыз.

– Япыр-ай, осы заман не болып барады? – деді Әбжекең әлден уақытта кішкене тоқ самаурынның үстінде тұрған үлкен аққұманды көрсетіп.

– Әйелі – семіз, ері – арық, құманы – үлкен, самаурыны – кішкентай… Мына теңеу бикеміз екеуімізді меңзегені ғой. Мен оған мәз болып күліп жатырмын. Бұлқан-талқан болған бикем, үстел үстіндегінің бәрін жинап әкетті. Сол кезде Әбжекең:

– Ой-бу, қарап отырмай аузымнан қағынған екем ғой, – деп санын соғып өкінді де қалды. Содан, көпке дейін Әбжекең біздің үйге келмей жүрді…

«ҚАЛПАҒЫМ ЕКЕН ҒОЙ»

(Балқаш қаласында тұрған Кәукербек СҮЙІМБЕКОВ ақсақал айтып берген әңгіме) Әбжекең Балқашта да көп жыл тұрды. Қалалық «Балқаш жұмысшысы» газетінде істеді. Қарқаралыға көшер алдында қалалық радиода қызметтес болдық. Ақкөңіл ағамыздың үйіне сол кезде жиі барушы едім. Бір күні түскі асқа келдік. Жаздың күні. Есік ашық тұр. Жеңгеміз үшеуіміз әңгімелесіп шай ішіп отырғанбыз. Кенет Әбжекең есікке қарады да, айтып отырған сөзін кілт тоқтатып:

– Әй, кір, – деді.

Жеңгеміз екеуіміз де есікке қарадық, ешкім көрінбейді.

– Кір дедім ғой, мен саған, – деп Әбжекең дауысын кішкене қаттырақ шығарды.

Ешкім кірген жоқ.

– Ей, кіресің бе, жоқ па?! – деп айқай салған Әбжекең орнынан атып тұрды да, есікке жетіп барды. Содан соң өзі аңырап тұрып қалды да:

– Е, өзімнің қалпағым екен ғой, – деп есіктің тұтқасында ілулі тұрған қалпақты босағадағы орындықтың үстіне тастай салып, орнына келіп отырды. Жеңгей екеуіміз күлкіге кенелдік те қалдық. Сөйтсек, Әбжекең үйге кірерде қалпағын есіктің тұтқасына іле салыпты. Енді, соны есіктен сығалап тұрған біреудің қалпағы екен деп қалған ғой.

Жазып алған Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button