Жаңалықтар

Рекең айтқан екен…

Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетіне алғаш келген жылдары Үмітай (Мүбарак) Жармағанбетов, Махмұд Жарылғап, Амангелді Советұлы, Надежда Ақбаева, Сәбила Нұржановалар жұмыс істейтін. Мен келердің алдында ғана кезінде облыстық, республикалық басылымдардың меншікті тілшісі болып қызмет еткен белгілі қаламгер, КСРО Журналистер одағының мүшесі Рымбек Мәмбетов ағамыз зейнетке шығыпты. Рекең қаламы қарымды, негізінен көбіне-көп фельетон жанрын қаузаған қаламгер. Жазған фельетондарының барлығы есте қалмапты. Тақырыптары негізінен «Қоймаға тон келіпті, тонды тең бөліпті», «Төбелес төрт сағатқа созылыпты» деген сыңайда нысанасына дөп тиіп жататын. Рекең «бұқа бұзаулапты» десең, «ааа» деп сеніп қалатын өте аңқау, аңғал кісі. Редакция ішінде Рекең туралы не бір күлдіргі әңгімелер желдей есетін…

«ЕШКІМГЕ АЙТПАҢДАР»

Бірде ерігіп отырып, Үмкең бастаған әріптестері Лермонтовтың Абай аударған өлеңін Рекеңе беріп, «Реке мына бір өлең туралы ойыңыз қалай?» деп пікірін сұрапты. Ойында ештеңе жоқ Рекең әлгі өлеңді жерден алып, жерге салып «осы да өлең бе, мына жазған қандай ақымақ өзі» деп сыншының оброзна кіріп кеткен ғой. Сол кезде Үмкең: «Ау-ау, Реке сап, сап бұл орыстың ұлы ақыны Лермонтовтың қазақтың ұлы ақыны Абай аударған әйгілі өлеңі. Мына сөзіңізді ана жақтағылар естімесін. Естісе құрисыз» деп сұқ саусағын жоғары шошайтыпты. Жоғары қарап Рекең зәресі ұшып, сасқалақтап «Ойбай жігіттер, менен бір қателік кетті. Ешкімге айтпаңдар. Мен қазір келем» деп дүкенге ұшып, екі шөлмек ауызбастырық әкеп, құтылыпты.

«КӨПІРУІН-АЙ…»

Тағы бірде шөл қысып отырған әріптестері Рекеңе «Сары шал, ресторанға свежый сыра келіпті. Барып кел. Қаскең сенен күдіктене қоймайды» деп сыраға жұмсапты. Рекең қалбалақтап, қолына шелегін ала салып ресторанға тартады. Шелегіне сыраны шүпілдетіп кері ұрып келе жатқанда тура қарсы алдынан газеттің редакторы Қасжан Ағеділов шыға келіп «Әй, Рымбек мынауың не?» десе, Рекең беті былш етпей: «Сұйық май ғой. Жаңа келініңіз звандап дүкенге сұйық май келіпті. Бір бедіресін ала кел дегесін…» деп міңгірлепті. Қаскең сыраға қарап тұрып: «Жарықтықтың көпіруін-ай, дұрыс, келіннің тілін баз-базда алып тұру керек» деп жайына кетіпті. Осылайша, аяқ асты тығырықтан жол тауып, жігіттерді сыраға қарық қылыпты.

Жазып алған Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button