Бас тақырып

Түйткілді мәселелер талқыланды

Кеше ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ Қарағанды қаласында болып, халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуде қатысушылар білім саласының түйткілді мәселелерін көтеріп, көкейдегі сұрақтарын қойды. Ұсыныстар да айтылмай қалмады.

  Президент тапсырмасына сәйкес барлық министрлер өңірлерде осындай есептік кездесулер өткізуде. Қарағанды қаласында өткен кездесуде министр Асхат Аймағамбетов білім беру саласының басым бағыттарына тоқталып, педагог мәртебесі, мектепке дейінгі білім беру, орта білім, балалар қауіпсіздігін қорғау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде халыққа есеп берді.

Жыл сайын педагогтердің жалақысы өсіп келеді. Келесі жылы мұғалімдердің жалақысы тағы да 25%-ға өсіру жоспарланған. Оқу-ағарту министрі білім саласының әр деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.

Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – оқушыларға тілдерді оқыту жүйесінің бірізге түсуі.

Мектеп оқушылары 1-сыныпта тек ана тілінде оқиды. 2-сыныпта орыс тілі қосылады, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. Бұл – оқыту әдістемесіне негізделген. «Мұнда ешқандай саясат жоқ» деп ескертті министр. Сонымен қоса, мектептерде еңбекке баулу және бейнелеу өнері екі бөлек оқытылатыны тілге тиек етілді. Ал, асхана мәселесі бойынша ас мәзірін ата-аналарға қолжетімді ету қажет деді.

Мектептердегі орын тапшылығы мәселесі де айтылды. Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін бұл мәселе шешімін тауып, әр өңірде мектептер салынады.

– Өткен жылы Қазақстанда 277 жаңа мектеп ашылды, оның үстіне мемлекеттік, жекеменшік, сондай-ақ модульдік мектептер де ашылуда. Биыл елімізде 225-ке жуық мектеп ашылмақ. 2025 жылға қарай миллионға жуық оқушы орнын құру керек, өйткені жыл сайын балалар саны артып келеді, – деді министр.

Сонымен қоса, мектептердің жаңа типтік жобалары дайындалып жатқанын айтты. Қазіргі кезде мектептерде спорт залына қатысты мәселелер шешімін таппай келеді. Дене шынықтыру пәнінің сағаты өскен кезде барлық сыныптарға бір спортзал жеткіліксіз екенін айтып өтті.

Министр Асхат Аймағамбетов білім саласындағы басқа да өзгерістерге тоқталды.

Кездесу барысында қатысушылар министр Асхат Аймағамбетовке түрлі тақырыптар бойынша сауал жолдады. Мәселен, қарағандылық журналист, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі және республикалық ата-аналар одағының өкілі Анастасия Машнина «Атамұра» баспасының 9-сыныпқа арналған биология оқулығында балалардың баласыз болашақ туралы түсінігін қалыптастыру үшін жыныстық қатынас туралы, контрацепция және оны зарарсыздандыруға қатысты тақырыптар бар екенін айтып, шағымданды. Бұған дейін ата-аналар министрлікке осы мәселе бойынша өз шағымдарын жеткізгенде Мектепке дейінгі және орта білім комитеті бұл қалыпты жағдай деп жауап берген. Біздің елімізде халық санын қысқарту емес, көбейту маңызды болып отырғанда, балалардың жас санасына мұндай ақпараттарды берудің қажеті қанша деп министрге сауал жолдады.

– Оқулық авторларын шақырып, осы тақырыпты талқылаймыз. Бұл баласыздықты насихаттау деп ойламаймын, бірақ біз міндетті түрде мәліметтердің берілуін мұқият тексереміз. Егер қарама-қайшылықты ұсынысқа көз жеткізсек, біз оны тез арада түзетуіміз керек. Біздің мамандардың жауабын біз де зерттеп, талдаймыз: оның қалай берілгені маңызды. Баласыз болашаққа деген көзқарасқа келетін болсақ, мен оған теріс қараймын. Мұндай насихатқа жол берілмейді, – деп жауап берді Оқу-ағарту министрі.

Кездесу барысында қатысушылар арасында Министрге ұсыныс айтқандары да болды.

Мәселен, Жақыпбек Жылқыбайұлы есімді азамат Білім-инновация лицейі жанынан қыздар жатақханасын салу мәселесін көтерді.

– Тәрбие мектептен басталады. Қыздар лицейінде болашақ аналар білім алуда. Біз балалардың болашағына жауаптымыз. Сол себепті, мектеп жанынан қыздарға арналған жатақхана салып бергіміз келеді. Бұл мәселені әкімдікке де, білім басқармасы басшысына да жеткіздік. Алайда, басшылар бюджеттен қаражат қарастырылмағанын айтып, түсіндірді. Енді, біз осы жатақхананы өзіміз салсақ дейміз. Бірақ, жер алу мәселесі шешілмей тұр.

Заңда оқушылар үшін мектеп қабырғасы жанынан жатақхана салуға рұқсат етілмеген. Заңға толықтырулар мен өзгертулер жасау керек. Білім-инновация лицейі жанында бос жатқан жерді іске асыруға көмектессеңіз, – деп қолқа салды.

Министр бұл бастаманы қолдады. Әкелердің тәрбиеге көңіл бөлгені өте орынды. Алайда, бұл бірден шешіле салмайтынын жеткізді. Қаржы министрлігімен бірлесіп шешілетінін, Заңға өзгерістер енгізуді қолдау керек. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде осы тетікті енгізу бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.

Халық алдында есеп беру кездесуінде талқыланған мәселеде есеп жоқ. Енді білім саласының түйткілді мәселелері Министрлік тарапынан шешімін тапса деген үміт зор.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button