Руханият

Кеншімен сырласу

Қарағанды – кеншілер қаласы. Біздің басылым өндірісті өндіріп жазып келеді. Қарағандының қазба байлығын, кеншілердің ерен еңбегін тасқа басуда елеулі еңбек сіңіріп жатыр десек те болады. Аузы дуалы ақын-жазушылардың осымен үндес әңгіме-жырларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Газет тігіндісін ақтарып отырып, ақын Қалижан БЕКҚОЖИННІҢ «Кеншімен сырласу» атты өлеңін кездестіріп қалдық. 1960 жылдың 20 наурызында жарық көрген аталған өлеңді қайта бір жаңғыртып қойғанды жөн санадық.

РЕДАКЦИЯДАН.

 

Білемін, базынаң бар жырға сенің,

Іздейсің жүрегіңе жыр әсемін.

Кешіктім, кенші досым, кешір мені,

Сенімен үндес едім, сырлас едім.

Найзадай бұрғың тауды алқымдаса,

Шағылып тастардан от жарқылдаса,

Білемін, жанарыңнан ұшқындар шоқ,

Жыр шалқып, күй тербеліп тартылмаса.

Жатқанда жеті қатпар тау ұрылып,

Күркіреп жердің асты жаңғырығып,

Разысың – гулерді жарып өтсе,

Нөсердей өлең тасып, ән құбылып,

«Алшаңдап Алматының гүл бағында,

Іздедің сұлулықты жырларыңа.

Дейсің сен – ақын досым, тыңда даусын,

Бұрғының әсем күй бар ырғағында».

«Жаныма бөлеп жырла дастаныңды,

Тағы да тербел ақын, баста жырды!»

Деп бұрғы дабылымен толғандырып,

Шақырдың кенге жыршы достарыңды.

Түсінем сырыңды мен кенші досым,

Өлеңде үлесі көп еншілесім.

Кен сөзден асылыңдай жыр атпаса,

Қалайша жыр жасығын менсінесің?!

Ақын да бұрғышы ғой сөз кенінде,

Шарықтап жыр шахтасын кезбедім бе?

Жоқ, тастың шаңқылы емес, мен ынтықпын.

Жаныңа, жалын жырды сезгеніңе.

Құмармын құдіретіңе, келбетіңе,

Жайнаттың кен асылы жер бетінде.

Сап құрсын жауынгердей өлеңдерім,

Кенші дос жүрегіңді тербетуге.

Қуаты бұрғышының қыза бойда,

Қаламым жарқылдасын кең забойда.

Болаттай, көмір тастай, мырыш мыстай,

Ақын да жалындаса сөз қызбай ма?!

Тас орда жер астында – шатқал шахта,

Табынып айбатыңа жатқан шақта,

Жырлаймын сенің жеңіс маршыңды,

Тұрып бір өзің алға тартқан сапта.

Жыршыңмен ұққан сырды тас дабылдан,

Өзгеше бұл әуенім басқа жырдан.

Өзің сез – өрен, қатқыл даусыңды,

Жырлаған сені қайта дастанымнан.

Шырқалсын жер астының кеңісінде,

Кірейін өлеңдетіп кен ішіне.

Кел кеншім, қосыл маған, жебе жырды,

Жыр керек сен үшін де, мен үшін де!

Қалижан БЕКҚОЖИН.

20 март, 1960 жыл.

Басқа материалдар

Back to top button