Бас тақырып

Отандық өнімге өріс кең

Қарағанды облысы – өндірістің қайнаған ортасы. Мұнда өнімдерін экспорттап жүрген ірі кәсіпорындар жетерлік. Тіпті, кәсібін енді ашқан жас кәсіпкерлер де бәсекеге қабілетті. Себеп – өңірдегі кәсіпорын бәсекелестерінің саны артқандығы. Сонымен қатар, бизнес саласында аяғыңнан тік тұрып кеткеніңше көрсетілетін қолдаудың бары. Осының бәрі талпынған жанға үлкен көмек. Сондай көшелі кәсіпорындар С.Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен «Қазақстанның үздік тауары-2022» көрме-байқауында бақ сынап, республикалық кезеңге жолдама алды. Арнайы тағайындалған номинациялардан бөлек, облыс әкімінің жүлдесін «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауыты еншіледі. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Ермек АЛПЫСОВ қатысып, жеңімпаздарға жылы лебізін білдірді.

Көрмеге азық-түлік, киім-кешек, сәндік бұйымдармен қатар бал өнімдері және тіл үйіретін түрлі тәттілер қойылды. Әрі өңірге танымал ірі кәсіпорындар да қатардан көрінді. Сонымен қатар, байқауға қатысушылардың ішінде бастаушы өндірістік кәсіпорындармен бірге танымал өндіріс орындары да бар.

Көрменің маңыздылығы – жоғары. Қолда бар әлеуетті көрсетіп қана қоймай, өнім сапасын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Және жоғары технологиялық өндіріс құруға ынталандыратыны һақ. Өңірде отандық, сапалы әрі қолжетімді өнімдердің барын көріп қуанып отырмын. Енді өзара тиімді ынтымақтастық орнатып, нарықты кеңейтуге, әрі әлеуетті бизнес-серіктестер табуға үлкен мүмкіндіктеріңіз бар, – деді Ермек Амантайұлы.

Байқауға қатысуға «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша 70-тен астам кәсіпорын өтініш білдірген. Оның ішінде, 9 тауар өндіруші кәсіпорын үздік деп танылды.

Бұл байқау жыл сайын өткізіліп тұрады. Алайда, былтыр пандемияның салдарынан үзіліп қалды. Биыл байқауға қатысушылардың қатары көбеймесе, азайған жоқ. Тіпті, Ұлытау облысынан қатысып жатқан кәсіпкерлер де бар. Байқауға қатысқан кәсіпкерлер бұған дейін түрлі кезеңдерден өткен. Елдегі тауар өнімінің сапасын арттыру үшін осындай байқаулардың алатын орны ерекше. Енді осы байқаудан топ жарған кәсіп иелері облыс намысын респубикалық байқауда қорғайды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша 19 кәсіпорын бақ сынаған. Олардың ішінен «Казцентрэлектропровод» ЖШС, «ДиАКиТ» ЖШС, «Драйв индастри» ЖШС кәсіпорындары үздік деп танылды.

«Казцентрэлектропровод» – көп жылдық тәжірибесі бар компания. Кәсіпорын телекоммуникация, электр энергетикасы, темір жол автоматикасы және телемеханика желілері үшін Қазақстандағы ең ірі өнім өндіруші ретінде халыққа кеңінен танымал. Ал, «ДиАКиТ» ЖШС биохимиялық зерттеулер үшін сұйық тұрақтандырылған диагностикалық реагенттердің жалғыз отандық тауар өндірушісі. Қазіргі уақытта компания диагностикалық жиынтықтардың 23 атауын әзірлеп, тіркеген. Қазіргі уақытта еліміздің 400-ден астам медициналық мекемелері осы өнеркәсіппен тығыз қарым-қатынаста.

«Драйв индастри» ЖШС-да сапалы өнімін ТМД елдеріне саудалап жүрген ірі кәсіпорындардың бірі. Бүгінде өнімін шетел асырып жүргендеріне 11 жылдан асқан. Әрине, мұндай алып өнеркәсіптің өңірде дамуы тек аймақтың ғана емес, елдің де дамуына қосар үлесі мол екенін ел жақсы біледі.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «Сантехпром» ЖШС, «Қарағанды металл бұйымдары зауыты» ЖШС мен «Фортуна тігін фабрикасы» ЖШС үздік атанды.

Бүгінде «Сантехпром» ЖШС зауытын тұрмыста кеңінен қолданылатын санитарлық-техникалық мақсаттағы өнімдерді шығаратын ірі компания ретінде жақсы біледі. Сонымен қатар, Орта Азия аумағында осындай өнім шығаратын жоғары технологиялы жалғыз өндіріс орны екені де көпке аян.

Ал, «Қарағанды металл бұйымдары зауыты» балалар велосипедін, манеждерді, металл ыдыстарын, балалар мен ересектерге арналған жиналмалы төсемдерді, құрылысқа арналған бұйымдарды, жиһаз фурнитурасын, сондай-ақ ауладағы ойын алаңдарын салумен айналысатын мекеме. Ел игілігін көріп отырған аталмыш өнеркәсіп орнына осындай құрмет көрсетіліп жатса, құба-құп.

«Фортуна тігін фабрикасы» ЖШС өнеркәсібінің де еңбегі орасан зор! Іргетасы 2000 жылдары құрылған өнеркәсіптің өніміне бүгінде ел сұранысы жыл сайын артуда. Аталмыш өнеркәсіп әскери және балалар киімін, спорт және классикалық киімдерді өндіріп, ел аумағына экспорттайды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясын иелену үшін облыстың 17 кәсіпорны қатысқан. Солардың ішінен «ТД QAZ DELIKATES» ЖШС, «Қарағанды балық питомнигі» ЖШС, «ЭФЕС Қазақстан» компаниялары үздік деп танылды.

«ТД QAZ DELIKATES» ЖШС-нің негізгі қызметі шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірісін шығарады. 2009 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан өндіріс орны күні бүгінге дейін даму үстінде.

«Қарағанды балық питомнигі» – өңірдегі ең ірі балық шаруашылығы. Кәсіпорынның тарихы 1975 жылы басталады. Бүгінде аталмыш кәсіпорын нарықта өз орнын алған алпауыт кәсіпорындардың қатарында. Ал, «ЭФЕС Қазақстан» компаниясын Efes Kazakhstan сыра өндірісі бойынша көш бастап тұрған компания.

Үздік шыққан аталмыш кәсіпорындар ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button