ҚарағандыРеспублика күніСпорт

Қарағанды спорты: 30 жылдағы олжа қандай?

Тәуелсіздік жылдарында елімізде әсіресе, спортты дамыту жолға қойылып, толайым табыстарға қол жеткіздік. Материалдық-техникалық база нығайтылып, спортшыларды дайындау жүйелі жүзеге асты. Содан бері спорт саласы қарыштап дамып, небір саңлақтарымыз төрткүл дүниеге Қазақстан атты ел барын танытып, әлем аспанында көк байрағымызды желбіретті. Әлбетте, оның ішінде, қарағандылық спортшылар да халықаралық додаларда, әлем чемпионаттарында қара үзді. Бұған, қалың оқырман куә…

Еліміз жеке мемлекет ретінде алғаш рет Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бастап қатысты. Атлантадағы ХХVI жазғы Олимпиада ойындарында жерлесіміз Василий Жиров алтын алып, Көк Туды көкке көтерген-тін. Бұған қоса, техникалық шеберлігі ең жоғары боксшыға берілетін «Вэл Баркер» кубогін де жеңіп алды. Міне, осыдан бастап тәй-тәй басқан жас мемлекеттің үлкен спорт алдындағы тұсауы кесілді. Одан кейін, Афинадағы 2004 жылғы Олимпиада ойындарынан боксшы Генадий Головкин (күміс) мен Серік Елеуов (қола) олжалы оралса, жеңіл атлет Дмитрий Карпов онсайыс бойынша Қазақстан мен Азия рекордын жаңартты. 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарында Серік Сәпиев алтын медальді иеленді. Жерлесіміз – «Вэл Баркер» кубогін ел қоржынына салған екінші боксшы.

2016 жылы Рио-де-Жанейро ойындарында әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова ел қоржынына қола жүлде салды. Боксшы Абылайхан Жүсіпов, самбошы Бейімбет Қанжанов, дзюдошы Жансай Смағұлов, «Қазақстан Барысы» атанған Ержан Шынкеев, конькимен жүгіруші Екатерина Айдова сынды жүйріктер – өңіріміздің мақтан тұтар спортшылары.

Өткенге көз жүгіртсек, Тәуелсіздік жылдарында Қарағанды өңірінен 85 спортшы жазғы және қысқы олимпиада ойындарында бақ сынапты. Өткен жылғы деректер облыста спорттың 100-ге жуық түрі қарқынды дамығанын көрсетеді. Оның 44-і – олимпиадалық спорт түрі. Осы спорт түрлерінен ұлттық құрамаға облыстан 1471 спортшы мүше. 30 жылда қарағандылықтар әлем чемпионаттарында 1010 жүлдеге ие болған.

Облыста 42 спорт мектебі және Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат колледжі, олимпиадалық резерв даярлау орталығы, жоғарғы спорт шеберлігі мектептері бар. Онда бүгінгі таңда 30 мыңнан астам адам дайындалады. Сондай-ақ, өңірде 4000-ға жуық мүгедек жан спортпен айналысады. Қазіргі таңда аймақта мүгедектерге арналған спорттың 29 түрі кең насихатталған. Ал, ұлттық құрама сапына 100-ге жуық спортшы кіреді. Сурдлимпиадашылар Аян Әбдіраш, Валентина Антоненко, Елена Салмина, шахматшы Виктор Максименко – ел мақтанышы.

Бұдан бөлек, Қарағанды өңірі кәсіби клубтардың да жетістігімен мақтана алады. Қазақстанның екі дүркін чемпионы «Шахтер» футбол клубы Еурокубоктардың топтық кезеңінде үздік атанған, «Қарағанды Сарыарқа» хоккей клубы да бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы атанып, «Братина» және «Петрова» кубогінің иегері болды.

Былтырғы деректерге сүйенсек, аймақта 3155 спорт ғимараты жұмыс істесе, оның 1230-ы ауылдық жерлерде екен. Егемендік алғалы өңірде 67 ірі спорт кешені бой көтерген. Олардың қатарына облыс орталығындағы «Tennis center», «Saryarqa table tennis center», «Қарағанды арена» мұз сарайы, «Серік Сәпиев атындағы бокс кешені» және облыстың басқа қалалары мен аудандарында 10-нан астам дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар.

Сондай-ақ, өңірде 366 спорт алаңдары мен 262 көпфункционалды хоккей корты ашылған. Бұлардың барлығы Қарағанды спортының Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button