ЖАҢА ЗАҢНЫҢ «ЖЫЛЫМЫҒЫ» қалалық жерде қаңғыған ит көбейіп кетті
Иесіз ит қаладағы жұрттың құтын қашырып тұр. Қарағандыдағы, Балқаштағы жағдайды көрген көзде жазық жоқ. Көшеде төбет-қандені ұйлыға өріп жүр. Әлеуметтік желі гу-гу. Үйір иттің шапқаны, бұралқының қапқаны туралы хабардан көз тұнады. Адамның досы деп әспеттеген жануар әп-сәтте қасына айналды. Бала тұрмақ, ересек адам жалғыз жүруден тайсақтайды қазір.
«Халық алаң күйге түскенде құзырлы органдар қайтіп қарап отыр?» деген сауал бізді де мазалады. Мәселеге індете үңіліп көрдік. Мәнісін тапқандай болдық: қаңғыбас иттің қаптап кетуіне «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң «кінәлі» екен… Жаңа заңның «жылымығы» итке жағып тұр…
КІСІГЕ ШАПҚАН, БАЛАНЫ ҚАПҚАН…
Қаңғыбас итке қатысты шағым тұрғындардан көптеп түсуде. Әріге бармай, әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, көзіңіз жетеді. Көпшілік жүретін көшені қойып, балалар ойын алаңдарына да иелік еткен иттер. Бұл уәжімізді балқаштық Көптілеу Мақашаева есімді желі қолданушысының сөзі қуаттай түседі.
– Сәтбаев шағын ауданындағы №5 үйдің алдындағы балалар алаңында да иттер толып жүр. «Балалар жылында» балаларға емес, төрт аяқтыларға арналып жасалған ба?» деген ой түйесің. Алаңда иттер топталып жүр… – дейді қала тұрғыны.
Сорақысы – бұл иттердің кісіге шабуы туралы деректер де күн санап көбейіп келеді. Қарағанды қаласының тұрғыны Сәуле Әбжанқызы екі иттің қыз баланы талағанына куә болғанын айтады.
– Оңтүстік-шығыстағы Теннис орталығының алдындағы аялдамада автобусқа мінейін деп тұрған едім. Екі ит қыз балаға тұра жүгіріп, талай бастады. Баланың жан дауысы шықты. Айқайлап араша түсіп едім, біреуі маған атылды. Құдай сақтап, қыз бала жолға қашып үлгерді. Әлгілер көліктерден қорқып қалып қойды. Менің өзім Байкен Әшімов көшесі, №26 үйде тұрамын. Үйдің алдында тағы бір үй салынып жатыр. Сол жердегі қоршаудың ішінде күшігі бар, ересегі бар, қара ит қаптап жүр. Құрылысшылар өздері әкеліп, тамақ беріп, асырайды ғой деймін. Маңайдағы балалар арғы беттегі Оқушылар сарайына бара алмайды. Немерем бұрын тікелей жүретін жолын қойып, «Магнум» жақпен айналып жүр. Сөйтсем, иттен қорқып, қыр айналады екен. Қоқыс төгуге де шығудан қалдық. Маңай толған бұралқы, – дейді Сәуле апамыз.
Мұндай деректер облыс бойынша күніне ондап тіркеледі. Ақпарат құралдарына көз жүгіртсеңіз, республика көлеміндегі жағдайдың да мәз емес екеніне көзіңіз жетеді.
ИТКЕ ТИІСКЕН – БӘЛЕГЕ КЕЗІККЕН
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға былтыр желтоқсанда қол қойылды. Биылғы 2 наурыздан бастап негізгі баптары күшіне енді. Алдағы екі-үш жылда енетін баптары да бар. Әзірлеуші – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Міне, осы заңға сәйкес, жыл басынан бері көшеде қаңғып жүрген итті атпақ түгілі, қол көтеруге болмайды. Әйтпесе, заң алдында жауап бересіз, айыппұл төлейсіз… Қысқасы – итке тиіскеніңіз – бәлеге кезіккеніңіз.
Облыстың ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков заңда көрсетілген талаптарды жүзеге асырудың тетіктері әзірленіп жатқанын айтты.
– Гуманизм тұрғысында дұрыс. Бірақ, қазір тұрғындар тарапынан шағым көп түсіп жатыр. Күніне 40-50 шағым түседі. Жаңа заң қабылданғанымен, бірқатар бабы күшіне енгенімен міндеттерді орындау механизмдері дайындалу үстінде. Қаржыландыру тетігі жоқ. Бізге жануарлардың көзін жоюға тыйым салды. Ал, келешекте жұмыс принципі хабарлануы тиіс. Халық тарапынан арыз-шағым көп болғандықтан жаңа жұмыс механизмі дайын болғанша бұрынғыдай жұмыс істеуге Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне өтініш білдірдік. Комитет бұл мәселені Бас прокуратура, басқа да құрылымдармен келісуі қажет, – дейді Қайырбек Серікұлы.
Қазіргі уақытта облыстағы қалаларда иттерге арналған вольерлер жұмыс істеп тұр. Балқашта – 10, Жезқазғанда – 10 вольер бар. Ветеринария мамандары мұнда иттерді уақытша қамап, иесі табылса, беріп жібереді. Көбінесе, бұл жерлерде асыл тұқымды тазы, төбеттерді ұстайды.
Қазір ветеринарлар тарапынан қаңғыбас итке қарсы дәрмен жоқ. Тек, тұрғыннан нақты шағым түссе ғана көзін құрта алады.
– Жапа шеккен адам полицияға, әлде ветинспекцияға жазбаша шағым түсіруі тиіс. Сонда полиция қызметкері, ветеринария мамандарынан құралған комиссия шешім шығарып, итті атуға нұсқау береді. Әйтпесе, кез келген адам ит атушыны прокуратураға сүйреп, әлек қылады. Бүгінде прокуратурада ветеринарлар үстінен түскен арыз жеткілікті, – деген басқарма басшысы мәселені шешуге жануарлар жанашырлары да қатысуы тиіс деп есептейді. – Бізге иттерді ұстау, күту бойынша дайын жоба ұсынған бір де бір ұйым, бір де бір табиғат жанашыры жоқ. Көбісі сөзден әрі аса алмай отыр. Егер, жануарларды қорғау ұйымдары нақты жоба ұсынса, бюджеттен қаржыландыруға әзірміз.
Иә, әлеуметтік желіде байбаламдап, шу көтеру жеңіл екені белгілі. Жануарларды қорғаушы белсенділер жиі дабыл қағып жатады. Жаңа заңның қабылдануына, қоғамдық резонанс тудырып, мұрындық болған да белсенділер екені анық. Біздіңше, ит үшін алаңдаған осынау жанашыр жандардың енді аталған мәселені шешуден де қалыс қалмауы керек-ті…
ҚАҢҒЫБАС ИТТІҢ ҚҰНЫ
Жаңа заңға сәйкес, итті өлтіруге ешкімнің құқы жоқ. Бұрын ветеринарлар көше кезген итті атып, өлексесін өртеп, көметін. Жаңа тәртіп бойынша ветеринарлар иесіз итті аулап, арнайы панажайда ұстауы керек. Панажай қыруар ақша тұрады. Қайырбек Тұрсынбеков былтыр 510 итке арналған панажай сметасы дайындалғанын айтты. Былтырғы бағамен – 327 млн. теңгеге шыққан. Ал, биыл құрылыс материалдарының құны еселенгенін ескерсек, бұл соманың қайда барып жығыларын ішіңіз сезіп тұрған болар…
Міне, жаңа заң бойынша ит миллиондаған қаржыға тұрғызылатын панажайда күтілуі тиіс. Ұсталған ит алдымен стерилденеді. Яғни, жуылып, тазаланып, химиялық өңдеуден өтеді. Қаншықтың жатыры алынады, еркегі қыстырылады. Бұдан кейін ит панажайда 60 күн тұрады. Егер, екі ай ішінде қожайыны табылмаса, чип тағып, қайтадан еркіндікке жіберіледі. Біраз уақыттан кейін бұл итті ұстап әкеліп, тағы қамауыңыз әбден мүмкін.
Ал, шотқа қағайық… Қарағандыда салынуы тиіс панажайдың мысалында қарабайыр есеп жүргізіп көрелік.
Панажай құрылысының құнын жоғарыда келтірдік. Итті жуындыруға, зарарсыздандыруға жұмсалатын сабын-ұнтақтың бағасын былай қоя тұрайық. Қаншықтың жатырын алу – операция. Бір жатырды сылып тастау құны, шамамен, 25 мың теңге тұрады. Бір еркекті қысу – 5-6 мың теңге мұғдарында. 510 иттің жартысы қаншық болса – жатырды алудың өзіне 6,3 млн. теңге қаржы қажет.
Ал, иттің бір күндік тамағы – 700 теңге. Ол 60 күн панажайда қамауда тұрады. Яғни, екі айда 42 мың теңгені итаяққа саласыз. Чип – 1 мың теңгеге бағаланады. 510 итке – 510 мың теңгені байлау керек.
Иттің ішіп-жемінен бөлек, коммуналдық төлем, жұмыскерлердің еңбекақысы, дәрі-дәрмек сынды өзге де шығындарды қозғамай-ақ қоялық. Бұл – бүгінгі баға. Ертеңгіні Құдай біледі…
Тірінің жанын алуға сол Құдайдың ғана қақысы бар. Бірақ, үйір ит бір күні жалғыз-жарым жаяуды мерт қылмасына кім кепіл?! Министрлік, оған қарасты комитеттегілер де уайымдап отырған болар?! Жаңа заңды іске асыру тетіктерін тездетіп әзірлемесе, іс насырға шабарын олар да түсінуі тиіс.
Ал, бізге ерік берсе, қаңғыған иттің көзін жою тәртібін халық талқысына шығарар едік. Қоғамдық резонанс тудырған мәселе ғой, министрлік оңаша отырып пішіп-кесе алмас. Оң-терісін бірігіп шешейік. Әйтпесе, біздің қоғамның ит тұрмақ, мүгедекті мүсіркеуде де мүмкіндігі шектеулі… Бұл, енді, басқа әңгіме…
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.