Шет

Көшелерінің аты көрінбейтін кент

Педагогикада «көрнекілік» деген ұғым бар. Көрнекі құралдарды пайдалану оқушының тақырыпты тез ұғып алуына, сабақтың тартымды өтуіне ықпал етеді. Қоғам осы тәртіппен мемлекеттік рәміздерді белгілейді, ономастика саясатын жүргізеді. Тәуелсіздікке бет бұрған кезде мемлекеттік Ту мен Елтаңба жасалды. Елді мекендер мен көшелерді қайта атау қызу қарқын алды. Тарих шаңдағында қалып кеткен қазақ батырлары – Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шұбыртпалы Ағыбай батырларға ескерткіш қойылып, көше атаулары беріліп жатты. Кенесары хан рухы тірілді. Қазақ елінің іргесін бекемдеген Жәнібек пен Керей ханды ортамызға әкелдік…

Шет ауданы Ақадыр кенті

Бұл үрдіс ауылдарға да жетті. Кезінде аудан орталығы болған Ақадыр кентіндегі Ленин көшесін Абай атына ауыстырдық. Кейін Ақадыр ауданы Шет ауданына қосылды да шаруашылығы сан салалы ірі ауданның жабылғаны тұрғындарға қиын соқты. Содан әлді де болса Ақадыр тұрғындары өз-өзіне келе алмай жатыр. Бұрынғы аудан орталығы Ақадырды қатты құлдырап кетті деуге келмейді. Көше жолдары ретке келіп, асфальттанып жатады. Құрылыста ілгерілеушілік бар, жаңа үйлер бой көтерді. Көшедегі шамдар жарқырап тұр. Соған қарамастан, кенттің архитектурасы бүгінгі талапқа сай келмейді. Біз мұны жиі айтып жүрміз, бірақ соған мән беріп жатқан жергілікті әкімшілік жоқ, жүре тыңайды.

Амалсыздан қолға қалам алуға тура келді. Біз деген (кәрі-құртаңдарды айтам) кешегі тоталитарлық жүйені көргендерміз. Ол қоғам (сәбет өкіметі) дұшпан көзі болса да көпшілікпен санасып, ардагерлерден ақыл-кеңес сұрайтын. Бүгінгі жүйе (әкімшілік) тұрғындармен санасуды көбінесе көз алдауға құрады. Осы келеңсіздік ауылдық жерлерде де қайталанып жүр. Жасыратын не бар, жөн-жоба білетін дуалы ауыз үлкендер ауылда қалмай барады. Құтты мекен Ақадырды «сөзге қалдыру» менің арыма сын, дегенмен, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырының» кері боп тұр. Кент тұрғындарының пікірмен санасуды ұмытқан жергілікті аудан, кент әкімдігі «өзім білемге» салынып, іргелі кентті «өлі ескерткіштерге» толтырып жіберген. Онсыз да ала-құла кент ұлттық рухқа септеспейтін ауылдық (рулық) деңгейдегі жайдақ ескерткіштердің ұясына айналып барады. Тарихи мәні бар бірді-екілі ескерткіш кенттің архитектурасына үйлеспей сойдиып сөлекет тұр. Соның көзге шыққан сүйелдей боп тұрғаны қуғын-сүргін құрбандарына қойылған «дар ағаш». Ескерткіш өз орнына қойылмаған. Оның оң қанатында балалар спорт мектебі иық тіресіп тұрса, сол қанатында балабақша бар. Ескерткіштің қарсы бетінде Ю.Гагарин атындағы орта мектеп тұр. Біздің ойымызша, бұл орын «дар ағашы» ескерткішіне сай емес. Бұл аздай-ақ, кенттің бір көшесіне бұрынғы партия шонжары И.Колбасин есімі берілгені мүлде түсініксіз. Жергілікті әкімшілік бұл көшені әлі күнге қызғыштай қориды, жоғары талапқа сай абаттандырып, төңірегін гүлмен көмкеріп, балаларға арналған ойын алаңын да тұрғызып тастады. Кент әр кезеңде үкімет назарында болған, болып та келеді. Көшелерге белгілі тұлғалар – Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев, Сәкен Сейфуллин, Орынбек Беков, Тоқтар Әубәкіров есімдері берілуі соған айғақ. Тәуелсіздік алған жылдарда есімдері ел есінде жүрген Жарылғап батыр, Байғозы батыр, Күшікбай батыр, Ағыбай батырларға көше атауы берілген еді. Алайда, осы көшелер бүгінде жергілікті (кент әкімнің) басшылықтың назарынан тыс қалған. Сорақысы сол, белгілі тұлғалар есімімен аталған көшелерге жөні түзу тақта да ілінбеген. Жарылғап батыр көшесіндегі үй саны елуден асып жығылады. Олардың анық онына көше атауы жазылған тақтайша ілінбеген. Соның кесірінен батыр атындағы көше бұрынғы «пемка» атауынан арылмай келеді. Байғозы батыр көшесі де аты-жөнсіз тұр (бірді-екілі батыр есіміндегі ескірген тақтайшалар көзге зорға шалынады). Мұны да тұрғындар бұрынғыша «кооператив» деп атап жүр.

Кенттің түстігінде бөлек ауыл бар, үй саны қырыққа жетіп қалады. «Валиханов» көшесі деп аталады. Атау кеңестік кезеңде берілгендіктен Уәлиханов делінбей, сіресіп тұрғаны содан. Үйлердің бірде-біреуінде көше атауы жоқ. «Хат-хабар, газет-журнал алмайсыңдар ма?», – деген сұраққа тұрғындары жүре жауап береді. Жастар жағы Валиханов атауын түсініксіз деп күмілжиді. Тоқтар Әубәкіров көшесі де күзелген жылқыдай сымпиып тұр. Бірен-саран үйге көңілсіздеу іліне салған ғарышкер есімі жазылған тақтайшаның да тозығы жеткен.

Көше атаулары да мемлекеттік идеологияның бір бөлшегі. Оған жүрдім-бардым қарау отаншылдыққа көлеңке түсіреді. Жас ұрпақты елін, жерін сүюге баулу осындай кішкентай белгілерден бастау алатынын біле тұра, салғырт болу – жауапсыздық. Өз еліне еңбегі сіңген тұлғаларды елемеу.

Үкімет тарапынан ауылға көрсетіліп жатқан көмекке таласымыз жоқ. Үйлер салынып, жолдар тәртіпке келіп жатады, кенттерде көше шамдары жарқырап тұрады, волейбол алаңы тұрғызылып спортқа көңіл бөлінеді.

Мектеп пен балабақшаларда да оң өзгеріс бар.

Дегенмен, көше атауы жазылған тақтайша ілу секілді азғантай жұмысты тез әрі кент ішінде-ақ шеше салуға болады ғой…

Ол үшін жоғарыдан тапсырма түсу керек емес шығар, сіз не дейсіз, әкім мырза?!

Өмір КӘРІПҰЛЫ, жазушы.

ШЕТ ауданы Ақадыр кенті.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button