Руханият

Қайран ауыл, қайран сол қариялар…

Балалығымды еске алсам, ойыма аяулы әжем түсер еді. Әжемді еске алсам, аулақтағы ауылымды аңсайтын болыппын. Алаңсыз күндерімді, уайымсыз түндерімді сағынамын. Қолыма қалам алғызған да осы сартап сағыныштың құдіреті ғой…

Ойын қуған балдырған үшін қаланың тымырсық ауасына, мектептің төрт қабырғасына қамалып отырудан асқан азап бар ма? Созбақтап соғылмай қоятындай қоңыраудың да соңғы сыңғыры құлаққа майдай жағып бара жатады. Мамырдың соңы – мамыражай. Аңсарым ауылға ауып тұрған кез. Боқшаға киім-кешек, көйлек-көншегімді, анамның қояр да қоймай салып берген сәлемдемесін сыйдырып, Қарағанды автовокзалына томпаңдап бара жатамын.

Күндізгі сағат 12.45 шамасында автобекеттен аттанатын «Урожайный» дейтін автобус бар еді. Соған асыққан түрім ғой. Түс ауа автобус қазіргі Уызбай – бұрынғы Маржанкөл ауылына келіп тоқтайтыны жадымда жатталып қалды. Әдеттегідей, аялдамада автобустың алдын күтіп атам мен әжем тұрады. Қос қария мені бірінен бірі қызғанып, екі бетімді кезек-кезек сүйіп, үйге келеміз. Алда – үш ай демалыс бар…

Есейіп, етек-жеңімізді жиған сайын кешегі оқиғаны бүгін ұмытамыз. Ал, бала кезде көрген қызық пен шыжық өмір бойы ұмытылмайды екен. Қой қайырып, сиырға барған, бұзау іздеп, қаз-үйрекке жем берген кездерім құдды бір бүгін болғандай санамда сайрап жатыр. Әжемнің қаз-үйрегі көп болушы еді. Қарақаты қалың өсетін бау-бақшасы қандай еді, шіркін…

Бірде қызық оқиға болды. Әр жазғы демалыс сайын ауылда жүретін мені ауыл жастары танығанымен, ара-тұра бір келіп жататын бөлелерімді жіті тани қоймайды. Еріккен ер балалардың ермегі бірін-бірі сөзбен мұқатып, жұдырықпен жасыту ғой. Ауылдың сондай «атамандары» менің орныма бұзау іздеп барған бөлелерімді мұқатқысы келсе керек. Алайда, Сартай әжем аса адуынды, қайратты адам еді. Ол қасиетін ауыл жастары да жақсы біледі. Сөйткен жастар бөлелерімнен қайдан, қалай жүргендерін, кімнің үйіне қонаққа келгендерін сұрап, сәті түссе ықтырып алмақ болады. Сол сәт олардың Сартай әжемнің немересі екенін естіп, «Сартай әженің немересі болсаңдар тиіспей-ақ қояйық, басқа айтарымыз жоқ» деп бұрылып кете барыпты. Әжеміздің ауыл азаматтары арасында қаншалықты сыйлы болғанын осыдан-ақ аңғара беріңіз.

Ауылға қысқы каникул кезінде де жиі қатынаушы едім. Ауыл тұрғындарының соғымдары сойылған, қысқа деп жиған азықтүлігі енді-енді дастарқанға қойыла бастаған кез. Ағайынжұрағат, көрші-қолаң, таныстамыр, жалпы ауыл адамдары бірін-бірі шекеге, той-томалаққа шақырып жатады. Ата-әжеме еріп, сол басқосулардан мен де қалмаймын. Қайда барса да қолымнан жетектеп, ертіп жүреді. Соның арқасында ауылдың барлық шал-кемпірлері мені жазбай танитын еді. Тіпті, әр әңгімені бір қозғап, ауыз жаппай сөйлей берсем керек, «Сайрауық» деп лақап ат та қойып берді. Енді, міне сол ауылда қалған ата-әжелердің батасы болса керек, есейіп, ер жете келе небір салтанатты сарайларда, мәрмәрмен апталып, қызыл барқытпен күптелген мәдениет ошақтарында «сайрап жүрміз». Ауыл адамдарының аузы дуалы ғой, шіркін…

Ойыма оралып отырған тағы бір дүние бар. 2000-шы жылдардың басындағы ауыл баласымыз ғой. Арманымыз – велосипед. Бірен-саран балада ғана бар. Жанарымыз жаутаңдап, солардың соңынан шұбырған шаңға қараймыз. Соны сезіп, бір күні атаәжем «Думанымыз ауыл балаларының қатарынан қалмасын» деп, «Айст» велосипедін алып берді. Сол сәттегі қуанышымды ауызбен айтып та, қаламмен жазып та жеткізе алмаймын. Құдды бір автокөлік мінгендей әсерде болғаным есімде. Оның құны мен үшін сондай еді. Бәлкім автокөлік әперсе де осылай қуанбайтын ба едім? Кім білсін…

Қаладан келген баланың қабырғасын санау – ауылдағы қариялардың әдеті. Күн демей, түн демей дедек қағып жүгірген баланың бойына қайдан шыр бітсін? Сондықтан болар, ауылдағы үйде бұлжымайтын режим болды. Режим деп отырғаным – таңғы ас, сағат тілі 10-11-ді көрсете бере тағы бір мәрте жүрек жалғап алып, күн қақ төбеге көтерілгенде түскі ас ішу еді. Бұдан соң режим бестің шайына жалғасып, жатар алдында кешкі асты ішеміз. Тоярдай-ақ тойып тұрғанымызбен қоймай, қауынқарбыз жейтінімізді айтсаңшы. Қаланың қазағы бұлай тамақтана алмас еді. Ауылдың таза ауасы, мөлдір суы, бойға қайрат бітіретін қасиеті асты бірден тарқатады. Сартай әжем үнемі дүкеннен үйіп төгіп әкелетін, әрі өзі сондай жақсы көретін «Барбарис» кәмпитімен сораптап, бір шәугім шәйді жалғыз өзі тауыса алатын. Ол да бір өткен дәурен…

…Жылыстап өткен жылдарай! Бұл күнде ардақты атам да, аяулы әжем де жоқ. Бал күнім өткен ауылға да сирек баратын болдық. Осының бәрін жазбауыма да болар еді. Тек, ата-әжеме, қайта оралмас балалығыма бір із, соқпақ салып алғым келді. Сол ізбен тағы бір мәрте жүріп көргім келді. 29 мамыр – аяулы Сартай әжемнің туған күні еді… Алланың ісіне амал бар ма?! Ет жүрегім езіліп отыр. Жанарым жасқа толып, әжемді сағынамын. Сол сағыныш мейлі қанша жылдар өтсе де басылмайтын секілді. Ыстық құшағын ғұмыр бойы ұмытпаймын. Бақұл бол, аяулы әже…

Думан ӘКІМ,

немересі.

Басқа материалдар

Back to top button