Руханият

Басқа Отан жоқ бізде

Айналайын, азаттық! Түркіден Қазақ болып шыққан Алашқа Тәңірінің қиған теңдессіз бағы! Сондықтан да, ел ерекше атайды сенің есіміңді. Төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей асқақтап, мұртымыз көкке шаншылып, алқалы жиында бұрын да сөйлесек, азаттықтың, дербес ел болғанымыздың арқасы, әрине. Елдің басына осынша берген дәулетті Қазақстан Республикасы деп жаһанға жария еттік. 1991 жылы. Бірінші болып біздің республиканы Түркия, Канада, АҚШ мойындады. Кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында байрағымыз көтерілді. Аллаға шүкір, аруақтарға құрмет сол үшін.

1990-1991 жылдары туған менің құрдастарым дүниеге Қазақстан Республикасымен бірге келіпті. Азаттықтың таңы қылаң бере бастағанда туған ұрпақ. Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің де дәл осы тұста ғарышқа ұшқаны тегін емес. Айға қонып, Абайдың әнін шырқап, елімен есен де сау қауышқан мерейлі тұста қазақ басынан қандай ғаламаттар өткеріп жатқанын байқамай қалуы да мүмкін. Айға жетіп, Абайдың әні шырқалғанда, қайтсе бір құбылыс тууы керек еді ғой мұнда. Дүниеге Алаш ақыл-ойының көрсеткіші (эталоны) Абай келмесе, Қазақ топырағына азаттық та келмеуі мүмкінді. «Абай тумаса, Әлихан көтерген Алаш идеясы да болмас еді» дегені сияқты. Осындай дерексіз құбылыстардың бәрі біртіндеп түзіле-түзіле дүниеге Қазақстан Республикасын әкелді. Алланың қалауы, атаның тілеуі, бабаның судай шашылған қаны мен ананың көз жасының өтеуі шығар, кім біліпті. Бәрін айт та, бірін айт, бізге бұдан қымбат, бұдан қастерлі, бұдан асқан құндылық жоқ әлемде. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақтың Қазақстаннан басқа ешкімге керегі жоқ. Ал, Қазақстан жерінің асты-үсті байлығы мен сұлу табиғаты кімге керек жоқ дейсіз? Жан-жақтағы жұрттың бәрі иемденгісі келеді. Үндістерді қырып тастап жерін иеленген ағылшындар сияқты. Қазақстан Республикасының Ата Заңы, Қарулы Күштері, білімді азаматтары – бәрі жабылып соны қорғауға күш салуы тиіс. Ол үшін, әрине, ұлтты біріктіріп, басын қосатын тіл тұтастығы керек. Ауызбіршілік деген сол. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Күллі қазақ даласы ауызбіршілікте болып, қазақша сайрамаса, ол да Қазақстан Республикасының соры, демек. «Қазақтың басы біріге алмады, азаттығынан айрылды» дегізбес үшін. Бұл тіл тұтастығы мен ұлт бірлігін мен аспаннан алғам жоқ, Мағжан Жұмабай айтады:

«Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың,

— Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың…

Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тiлiм,

Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!», – деп. Біздің қастерлі борышымыз қайтсек те Қазақстан Республикасын қорғап қалу болса, күш біріктіру үшін де тіл керек екен.

Тәуелсіздік алған тұста ғұлама Әбіш Кекілбаев «бізді бодандық қалай сынаса, бостандық та солай сынайды…» депті. Осы сөзді әр қазақ түйсініп, соған сай әрекет ететін заман. Қазір саяси тәуелсіздік өз алдына, экономикалық тәуелсіздік алға шығып кетіп отыр. Техника дәуірлеп, өркениет күрделенген сайын тамақ, киім, тұрмыстық техникалар, коммуникация атаулының бәріне тәуелділік туып отыр. Осылардың құрып кеткенде, 30-40 пайызы өзіңнен шығып, өндірілмесе, сенің тәуелсіздігің де уысыңнан сырғи бастайды. Президент қазақтарға кеше неге өзбектерді үлгі етті. Олар заманауи қажеттіліктің көбін өздері өндіріп отыр. Өз қолдары ауыздарына жетіп отыр. Палауын жеп, киімдерін тағы өздері тоқып киеді. Алдағы 20 жылда олар Қытайдан тауар тасымалын тоқтатуды жоспарлап отырғанын естігенде мен жағамды ұстадым. Осылай, Қазақстан Республикасын гүлдендіреміз десек, саяси тәуелсіздік пен экономикалық тәуелсіздікті де ойлауымыз керек. Онсыз да мұнай дәуірінің бір бұрышы омырылып тұр. Іші не боп жатқанын бір Құдай ғана біледі. Оның орнын басып келе жатқан ақпараттық-технологиялы ғасырда «баста ми – қолда малға талас қылған» мылтықсыз майдан күннен күнге күшеймесе, әлсіремейді. Ал, бізге Қазақстан Республикасынан басқа Отан жоқ.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button