Руханият

Қаламдастар қалжыңы

Қалам ұстаған қауымның арасында түрлі әзіл-қалжыңы аралас, бірақ өмірлік мәні бар дәмді әңгімелер жүретіні хақ. Өйткені, сүйектеріне сөз сіңген журналистердің ішіндегі айтқыштар сол ұтымды сөздері арқылы жас буынға бағыт-бағдар беріп отырады. Өмірдің өзі естеліктерден тұратынын ескеріп, қаламы қарымды ағаларымыздың естен кетпейтін әзіл әңгімелерін іріктеп, назарыңызға ұсынғанды құп көрдік, ардақты оқырман…

ТӨРТ ШҰБАР

Қали Садықов ( 1907-1978) деген ардагер журналист ағамыз «Орталық Қазақстанның» іргесін қаласқан қаламгер. Көп жылдар өнеркәсіп, көмір өнеркәсібі бөлімдерін басқарды. Зейнетке шықса да, 70-ші жылдары жаз айларында демалысқа кеткен журналистердің орнына екі-үш ай жұмыс істейтін. Біреудің бір қылығы ұнамай қалса, мінез-құлқына, түр әлпетіне қарап, қолма-қол бір-екі шумақ өлең немесе естен кетпес теңеу таба қоятын. Ол кезде редакцияда мінездері әртүрлі, бетінде секпілі бар төрт кісі істейтін. Бірі ешкімді менсіне қоймайтын, өзін Мұхтар Әуезовтің күйеу баласы есептейтін, кейін ғалым, жазушы болған Әмен Әзиев. Екіншісі – шаруаға пысық журналист Базарбай Мұстафин, үшіншісі – құлағы мүкіс аудармашы Жанабек Түсіпбеков, енді бірі – үнемі көңілі толмай дауласа беретін газет шығарушы Темірғали Шайхин ағаларымыз еді. Осы мінездеріне сай Қалекең оларға тиісінше – «дәу шұбар», «жау шұбар», «әу шұбар» және «дау шұбар» деп ат қойып кеткен екен…

БІР ТАЛ ШЫЛЫМ – БІР СОМ

1979 жылдың жазында Баспасөз күні мерекесінің құрметіне Қарқаралының ПТО – кәсіптік-техникалық білім саласының демалыс аймағына демалуға бардық. Таза ауада ән айтып, серуен құрып, түні бойы көз ілмедік. Оның үстіне маса да маза бермейді. Біраздан кейін «бура» деп аталатын карта ойынын ойнауға көштік. «Көнге» бір сомнан қоямыз. Түннің бір уағында елдің темекісі біте бастады. Сол кездегі «Лениншіл жастың» облысымыздағы меншікті тілшісі Шайхан Жандаев (1944-1991) ағамыздың қолы шығып, ұта бастады. Әрі темекісінің де қоры мол екен. Сонда қайдан пайдакүнем бола қалғанын білмейміз Шәкең темекінің бір талын көнге қоятын 1 сомға бағалап, сата бастады. Ешкім ренжіген жоқ. Осы оқиға еске түскенде, «қазіргі заман болса, коммерсант болып кетер ме едің?» деп еске алып күлетінбіз.

 Салыстыру үшін айта кетейік, ол – ақшаның құнды кезі. Мысалы, 3 сомға (рубль) бір шиша арақ сатып алуға болушы еді. Ал, «дефицит» саналатын «Қазақстан» темекісінің бір қорабы 30 тиын («копеек) тұратын.

«ЛАДЬЯМ ҚАЙДА?»

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің мәдениет бөлімін басқарған, қазір Қызылжар қаласында тұратын профессор Зарқын Тайшыбай ағамыз сөзге шешен, пысық, әзіл-қалжыңға жүйрік еді. «Қудың қуы, зудың зуы» деп атайтын оны үлкендер. Замандастарын әжуалап, бізді күлкіге қарық қылатын. Ол кезде жұмыстан ептеп қолымыз босай қалса, суретші Жуковтың бөлмесіне барып шахмат ойнаймыз. Менің шахматтан «спорт шеберіне кандидат» атағым бар. Төреші болып, турнир ұйымдастырамын арасында. Зарқын да аңда-саңда келіп тұратын. Шахматқа онша жоқ. Одан гөрі Шайхан Жандаевтың әжептәуір түсінігі бар. Бірде жарыста Зарқын мен Шайхан кездесті. Зақаң ұтылып бара жатқан еді. Бір кезде тақтаның шетінде тұрған қарсыласының ладьясын тыға қойды. «Не болар екен» деп біз де тына қалғанбыз. Анау көпке дейін байқамады. Зақаң бастырмалатып барады. Сонда ғана шетте тұрған ладьясы есіне түсіп «Ладьям қайда?» деп дау салды. Төреші ретінде маған әділ шешім шығаруға тура келді…

Әзірлеген Аман ЖАНҒОЖИН.

Басқа материалдар

Back to top button