Saryarqa арнасы – сапа биігінде

Жұртшылықтың телеарна журналистерінің жұмысына қызығатыны рас. Ол сырт көзге оңай жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда, кадр сыртында қандай тынымсыз еңбектің жатқанын біле бермейді, көбіне. Оның үстіне, қазіргі сәт сайын жаңарып отыратын ақпарат дәуірі телеарна қызметкерлерін бұрынғысынан да қырағылыққа үндеп отыр. Берік ДҮЙСЕТАЕВТЫҢ басшылығымен заман талабынан сапа биігіне көтеріліп, облыс жұртшылығының сүйіктісіне айналған аймақтың басты «SARYARQA» арнасының тыныс-тіршілігімен танысайық, ендеше…

Қарағандыда жүзден астам ұлт өкілі өмір сүреді. Сондықтан да, аймақтың басты арнасы жұмысының шамамен 70%-ы мемлекеттік тілде жүргізілсе, қалған 30%-ы орыс тілінде эфирге шығады.

Жоғарыда айтқанымыздай, телеарнаның барлық әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Сол парақшалар арқылы көрермендермен үнемі байланыста. Күн-түн демей, пікірлер жазылып, түрлі сұрақтар келіп түсіп жатады. Бастапқыда кезекшілікпен желіден түскен сұрақтарға жауап берсе, қазір оған арнайы мамандар бекітілген. Олардың өзі кейде үлгермейді.

Ал, ақпараттық редакцияның «Жедел желісіне» түсіп жататын қоңыраулар мен хаттарда есеп жоқ. Көрерменмен кері байланыс осылайша, оң жолға қойылған.

Бұл телеарна жұмысының бір қыры ғана. Бұдан бөлек 30-ға жуық арнайы бағдарлама бар. Ол бағдарламалар саяси, мәдени, спорттық, балаларға арналған, танымдық-сараптамалық және басқа да көптеген бағыттарды қамтиды. Оларды жүргізетін тіс қаққан мамандарды аймақ жұртшылығы танып та алған, бұл күнде. Мәселен, мен өзім жаңалықтарды есептемегенде, «Uaqyt.kz», «Аrqa.life», «Ой-талқы», «Шаңырақ» сынды бағдарламаларды шамам келгенше өткізбеуге тырысамын.

Жалпы, 100-ге жуық қызметкер еңбек ететін үлкен ұжым – бұл. Оның 50-ден астамы – шығармашылық топқа жатады. Журналистер, операторлар, монтажшылар, режиссерлер, дыбыс мамандары, жарық берушілер және тағы басқа қызығы мен шыжығы мол жұмысты сүйсіне атқаратын көптеген мамандар, қасиетті қара шаңырақ жұмысының көрігін қыздырып жатады.

Негізінен, телеарна ұжымының басым бөлігін жастар және орта жастағылар құрайды. Арнаның М.Ахметова, Г.Рахимова, В.Жоров, С.Тарасова, И. Тишмағамбетов сынды алғашқы дикторлары салып берген сара жолды бүгінде болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар жалғауда. Оларға көпжылдық тәжірибесі бар, жұртқа кеңінен таныс Сейтқали Әшімов, Әли Тойжігіт, Әшімхан Жампейісов сынды білікті мамандар жол көрсетіп, бағыт-бағдар береді.

Олардың арасында Қазақстанның Құрметті журналистері, 30-дан астам «Алтын Сұңқар» сыйлығының иегерлері бар. Ондаған редакторлары «Құрмет» грамоталарымен Алғыс хаттарға ие болған. Бұған қоса жыл сайын арнаның шығармашылық топтары министрлік өткізетін түрлі байқаулардан жеңімпаз атанып, өз қарым-қабілеттерін танытып жүр. Ұжымның «Тарихы терең – дәстүрі бай» дейтін ұранының өзі алдымен жұмыстың сапасына мән беретінін аңғартады.

65 жылға жуық тарихы бар ұжымның ынтымағы мен бірлігі жарасқан бұл күнде. 1958 жылы 31 тамызда Кеншілер күніне арналған алғашқы телебағдарламадан басталған арна тарихына қарап отырып, еске алатын елеулі сәттердің мол екеніне көз жеткіздік.

Телеарна ұжымы әр жылдары өндірісті өлкеміздің еңбек адамдары жайлы хабарлар топтамасын дайындай жүріп, 60-тан астам жеке телевизиялық фильм түсірген. Олардың қатарындағы «Через годы», «Ленинград – Караганда», «Битва за хлеб» сынды бірқатар республикалық телеарналардан көрсетіліп, конкурс жеңімпаздары атаныпты. Телестудияның алғашқы директоры Қ.Аманбаев болса, тұңғыш телеоператоры В.Холодков болған екен. Бұл жайттарға біз арнаның 60 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «60 жыл эфирде» атты еңбекті парақтап отырып, көз жеткіздік. Айта берсек, ұжымның жетістігін санап тауысу мүмкін емес.

Карантин кезінде «SARYARQA» арнасы өз ұйымшылдықтарын көрсете білді. Халыққа аптасына 7 күн, тәулігіне бұрынғыдай 14 сағат ақпарат тарата берді. Әлі де сол берік ұстанымдарынан айнымай ел игілігі үшін еңбек етіп келеді.

Арнаның ғимаратында үлкен мұражайы бар. Онда сақталған арна ашылған сәттерден бергі техникалары мен құрылғылары және жұмыс сәтінен түсірілген суреттер телестудияның таңғажайып тарихына жетелей жөнеледі. Әр дәуірдің өзіне лайық құрал-жабдықтарын көріп, таң қаласыз, тамсанасыз.

Негізі қаланған сәтте телевизиялық қондырғылармен жабдықталған радиотелеорталық 1975 жылы жаңа заманауи техникамен толық қайта жаңартылыпты. Жылжымалы телевизиялық станция салынып, монтаждалған. Сол сәттерден бастап, бейнемагнитафондар мен телекамераларға қол жеткізіп, шалғай елдімекендерден түрлі репортаждар жасай бастаған екен.

Алматы және Өскемен қалаларынан кейінгі еліміздегі алғашқы телестудиялардың бірі болған аймақтың басты арнасы бүгінде өзінің жаңа даму жолына түскен. Қазір телеарна «OTAU TV», «ID TV», «ALMA TV» секілді кабельдік операторлардың құрамына кіреді. 3-4 жыл бұрынғы зерттеу жұмыстары бойынша, республика аумағындағы басқа облыстық арналардан бәсі биік, сапасы жоғары, ең үздік арна екендігі анықталған.

Арна басшысының орынбасары Жәнібек Махмұдұлы бүгінгі таңда телеарна техникалық құрал-жабдықпен толық қамтылғанын айтады. «Қажет болса, журналистер кез келген жерден арнамен байланысып, тікелей эфирге шыға алады. Сондай-ақ, тілшілер сюжетті монтаждауда баяғыдай монтажшының қасында отырып, кадр таңдамайды. Түсірілімнен келген сәтте, түсірілген жазбадан өзіне қажетті тұстарын оп-оңай таңдап, кесіп алады. Кейін, сол нұсқаны монтажшыға ұсынады да, қысқа уақыт ішінде сюжет дайындайды. Бұл қазіргі сандық технологияның арқасында, оның ішінде, «Cineqy» жүйесі арқылы мүмкін болып отыр. Жалпы, базаға өтіп, қалаған сюжеттің атын жазсаңыз жылдам тауып береді. Сонымен қатар, монтаждалып жатқан жазбаның өзін көріп, енбей қалған жерін айтып, толықтыруға да болады» деді ол.

Ал, «Жаңалықтар» бөлімінің редакторы Мақсат Бейсенаевтың айтуынша, тележурналист алдымен психолог болуы керек. «Өйткені, ол бүгін жоғары лауазымды шешеуніктен сұхбат алса, ертең жер астына түсіп, шахтермен әңгімелесуі мүмкін. Кез келген сала өкілімен тіл табысып, онымен өз деңгейінде сөйлесетін өресі болуы тиіс. Cондай-ақ, бұрынғы журналистер 3 минуттық сюжет дайындау үшін 3 күн жүрген кездері де болған. Өйткені, олардың техникасы сондай болды. Түсіріп келгенде, күйіп кеткен сәттер де кездескен. Және камераларының сақтау жады аз болған. Ал, бізге техника дамыған заманда жұмыс істеу бұйырды. Біз уақыттың қадірін жақсы білеміз. Өйткені, әр секундқа мән-мағына, факт жүктейміз. Бастысы, оқып тұрған мәтінің, көрсетіліп жатқан жазбаңмен сәйкес келуі керек. Мәтінде де қысқалық, нақтылық болуы тиіс. Тексерілген мәтінге интонацияны дұрыс қойып, мәнерлеп оқу да көрерменге әсер етеді. Сондықтан да, жан-жақтылық, терең білім қажет. Әр дәуірдің өз сұранысы мен талабы бар. Сол үшін де, босаңсымай, мұқият жұмыс істейміз. Себебі, талай дүлдүлдер қызмет еткен киелі орда – бұл» – деп тебіренді ол.

Бүгінде телеарнада қызмет етіп жүрген мамандардың осалы жоқ. Көбісі республикаға танымал шеберлер. Осындай сапа биігіне көтерілген ұқыпты ұжымның еңбек жолына көз жүгірте отырып, елдің сұранысына толық жауап беретін телеарнаның жұмысына риза болдық. Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, талғамды талап аймақтың басты арнасын әлі де талай биіктерге жетелейтініне еш күмән жоқ!

Жәлел ШАЛҚАР.