Жаңалықтар

«Қанты жоқ дүкендердің сөресіндей…»

Самарқанның көк тасы жібіп, қар көбесі сөгілер Наурыз мерекесі қарсаңында Арқа төсі айрықша дүбірге бөленетіні бар. Облыстық «Армысың, әз-Наурыз» атты айтысты айтамыз. Бірақ, жасыратыны жоқ, биылғы айтыстың дүбірін сезіне қоймадық. Дегенмен, орап та, борап та жырлаған, астарлап ақиқатты да айтқан жас шайырлар болды. Соларға қол соғып қайттық. Қазылар алқасы һәм санаулы көрермен…

Суреттер ұйымдастырушылардан

 

Ақындар жеребе арқылы жұптасты. Алғаш болып теміртаулық Төрехан Совет пен Шахтинск қаласының үкілі үміті Мұхтар Ұлғаспаев сөз барымталасты. Мұхтар шымшып алып отырды. «Таксистсің» деп тиісті. Ал, Төрехан ұтымды жауап қайырды. Халықтың сүйікті ұлы, белгілі атымтай азамат Ерлан Әшім де таксист болып жұмыс істегенін айтты. «Тілім» деп тіліп отырды. «Анаңның тіліменен сөйлемесең, атаңның кім екенін білмегенің» деген сынды түйдек-түйдек ойларын ортаға салды. «Қалаңда 10 мектеп бар, оның жетеуі орыс» деді. Алайда, Төрехан ұлттық мәселе төңірегінде сөз қозғап, көші ілгері көрінді.
Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан ауданынан келген Нұрсұлтан Рымбай мен нұралық Жандос Бақытұлының айтысы тартысты өрбіді. Нұрсұлтан 5-ші арнаның тілшісі боп қызмет атқаратын, Жандосқа «пәтер мен көліктің қымбаттағанын, теңгенің құны төмендегенін, қыста Майқұдықтағы үйлердің жылуы нашар екенін билікке жеткізе алдың ба?» деп қағытпалап бастады. Жандостың осал емес екенін жауабынан аңғардық. Ол да өзінің қызметі барысындағы көтерген өткір мәселелерін жіпке тізгендей қып берді. Әсіресе, оқулықта қателіктің өріп жүргенін жеткізе алды. Ал, Нұрсұлтан Ахаңның ән өнеріне деген махаббатын айтып, тақырыпты аша білді. Ұлт ұстазының мысалдарын келтіре отырып, қоғамдағы ахуалды мысқылдап жырына қосты. Бабушкина көшесін Міржақыпқа, К.Маркс көшесін Ахметке берсе, Майқұдықтың Алаштың алып шаһарының біріне айналатынын айтты.
Шахтинск қаласының дүлдүлі Нұрмұхамед Байсүгіров Мәди Олжабайдың айтыстағы тұсауын кесті. Жезқазғаннан келген жас Мәди де жалындап тұр екен. Нұрмұхамед бірден «Сен келіп Жезқазғаннан, бүгінгі айтыс республикалық болып кетті» деп бастады сөз сайысын. Және де «Наурыз мейрамында ғана оюлы шапан киетінімізді, айтысқа ат басын бұра алмайтынымызды, ал, эстрада әншісі келеді десе, билетін бір ай бұрын сатып алатынымызды» айтты. Жас Мәдиге «Болман мен Шынболаттай сұрапыл, артынан сөз еретін емес, артынан сөзі қалатын ірі ақын бол» деген ағалық тілегін жолдады. Мәдидің де алғашқы қадамы көрерменді тәнті етті.
Шахтинсктен келген тағы бір ақын Думан Саматұлы қарсыласы Мұхтар Әділовтің салмағына тиісе берді. Бірақ, Мұхтар «Ахаңның тойында семіздікті айтқанша, ұлттың қамын ойлап, семіз сөйле» деген жауап қайырды. Бұл жұп Талдырқорғандағы ұстазын боқтаған мектеп оқушысын жырмен сыбады. Ахаңның ұлылығын да қоса кетті.
Ал, теміртаулық қос ақын Еркеғали Бекболат пен Әлихан Ерғалиев өзара сөз сайыстырды. Жеребе солай түсті. Бұл жұп та Ұлт ұстазын сөздеріне тиек қылды. Соңғы жұп жаңаарқалық Сырым Нығызбай мен ақтоғайлық Әлихан Нығметолла тамаша өнер көрсеттті. Сырым ақын феминизм мәселесін өткір айтты. Кітапханалардың бос екенін де қоса кетті. Ал, Әлихан білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовті қудалап, петиция ұйымдастырушыларды тоқтамға шақырды.
Ақтық сында Еркеғали Бекболат пен Мәди Олжабай, Нұрмұхамед Байсүгіров пен Нұрсұлтан Рымбай жолықты. Алғашқы жұп Ахаңның өнегелі жолын өлеңмен өрсе, екінші жұп өзара әсерлі айтыс жасады. Екеуі де үзеңгі қағыстырып келді, мәреге. Нұрмұхамедтің талай додада топ жарып жүргенін білеміз. Тауып айтқаны сол, «Қанты жоқ дүкендердің сөресіндей, залда да біраз орын бос қалыпты» деді. Бірақ, өз жолын Нұрсұлтанға берді.
Сонымен қатар, жыр додасында облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов та төбе көрсетті. Ақындарға құттықтауын жеткізді.
Филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асан, профессор, ғалым Берік Рахымов, ұлт жанашыры Бекзат Алтынбек, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы, белгілі қаламгер Ерсін Мұсабек және айтыскер ақын Мақсат Аханов айтысқа қазылық етті.

Сонымен, шешім бойынша Бас жүлдені қарағандылық Нұрсұлтан Рымбай иеленді. I орынды теміртаулық Еркеғали Бекболат жеңіп алса, II орынды Мәди Олжабай мен Нұрмұхамед Байсүгіров өзара бөлісті. III орынға Төрехан Совет пен Әлихан Нығметолла, Жандос Бақытұлы лайық деп танылды. Ал, Ғабиден Мұстафин атындағы арнайы жүлдені Думан Саматұлы, Шортанбай Қанайұлы атындағы жүлдені Сырым Нығызбай, Доскей Әлімбаев атындағы жүлдені Мұхтар Әділов иеленді. Жүлдегер ақындарға қаржылай сыйлық табысталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button