Байқау

Арулар – ақын жандар

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кеншілер аймағының 16 ақын аруының шығармашылығын насихаттау мақсатында «Арқаның ақын арулары» атты қалалық байқау өтті. Демеушісі – ҚР Білім меценаты «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының иегері Бекзат АЛТЫНБЕКОВ.

Қалалық кітапханалар жүйесінің Өлкетану бөлімінің ұйымдастыруы һәм Бекзат Қомарұлының демеушілігімен аймақ қаламгерлерінің өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын бұл дәстүрлі жоба осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін Қасым Аманжолов, Мұхтар Әуезов, Бағдат Мүбәрәк, Серік Сағынтай сынды ақын-жазушылардың туындылары насихатталған еді.

Байқаудың қазылар алқасында жазушы Сүйіндік Жанысбай, ақын Бағдат Мүбәрак, Біліктілікті Арттыру Ұлттық Орталығының Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Ғазиза Смағұлова, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Күліш Толеуханова болып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады.

Байқауға 15 пен 35 жас аралығындағы 35-ке жуық оқырман қатысты. Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін жаттаған өлеңдерінің саны мен сапасы, мәнерлеп оқу шеберлігі, сахна орындаушылық шеберлік деңгейі бойынша бағалады.

III орынның 30 мың теңгелік 3 сертификаты Қарағанды медицина университетінің 3 курс студенті Сапар Лаура, «Ануар» сауда орталығының қызметкері Аружан Бастами және Ж.Букенов атындағы Қарағанды Банк колледжінің II курс студенті Айдын Айымға табысталды. Ал, II орынның 35 мың теңгелік 2 сертификаты А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының «10» сынып оқушысы Орынбай Мерей мен №61 мектептің «8» сынып оқушысы Наурызбай Алинаға бұйырды. Көп ішінен суырылып шығып, үздік атанып, I орынның 70 мың теңгелік сертификатын Жамбыл атындағы ММИ «9» сынып оқушысы Базарбай Айым жеңіп алды. Басқа қатысушылардың барлығына Алғыс хаттар табысталды.

Шараға өлеңдері оқылған 16 ақынның алтауы арнайы келіп қатысты. Атап айтсақ, «Ай дидарлы арманым» өлеңдер жинағының авторы Айнұр Жапбарқұлова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Руза Алдашева, Салтанат Смагұлтегі, Жадыра Байбұланова, Ж.Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының иегері Кәмшат Хасен, «Өмірімді өлеңмен өрнектедім» жыр жинағының авторы Мөлдір Әлжанова шараға арнайы қатысып, өз туындыларын жатқа оқыған жас буынға ризашылық білдірді.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button