Тарих

КЕЙКІНІҢ ОРАЛУЫ: үңгірден кесенеге дейін

Оның азан шақырып қойған есімі — Нұрмағанбет.

1871 жылы «Байтума» қопасында (қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданы аумағы) кіндік қаны тамған ол аймақтың адуынды да ауқатты адамы Рахмет Шашамбайұлының малын қорып, барымтаға аттандыратын білекті де жүректі жігіті болған. Жастайынан аңшылығы, мергендігі, өжеттігімен аймаққа танылған.

Кейкі Көкембайұлы 1916 жылғы «Маусым жарлығына» қарсы Ұлт-Азаттық көтерілісіне белсене қатысып, ұйымдастырушы қатарынан табылды. Ол – Әбдіғапар ханның досы, серігі. «Мергендер жасағын» басқарды. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмасын орындап, жиі-жиі барлауға шықты.

«Күйік» қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядына қарсы «Доғалдағы» соңғы ұрыста ерекше ерлік көрсетті. Кейкіні көрген, соңынан ерген ел, әсіресе, мергендігін жыр қылып айтады екен.

ҮҢГІРІ

Ол қара тасына дейін тарихтан сыр шертетін қасиетті Ұлытаудың бір пұшпағы — «Шеңбер» ауылынан ат шаптырым жерде. Ал, тарихы тамсандырған шежірелі «Шеңбер» кезінде шаруашылығы шалқыған керемет кеңшар болған.

Қазір де «көштен қалған» күйі көрінбейді. Үш жүз мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Үш мың гектар егістігі, қырық мың гектар жайылымы, бір мың гектар шабындығы бар. Шаруашылық тірегі — шаруа қожалығы. Ұзын-ырғасы елуге жетіп жығылады. Екі мыңдай ірі қара, алты мыңнан астам қой-ешкі өріске шығады. Тебіндеген жылқы мыңға жуықтайды.

Жарты мыңға жетер-жетпес жаны бар шағын ауылдың өз қызығы өзінде. Мәдениет үйі мереке сайын қызықты кешке кенеледі. Жылда Жеңіс күні аймақтық аламан бәйге ұйымдастырады. Оған жан-жақтан үмітін үкілеген атбегі ағылады. Биылғы карантиннің кедергі келтіргені болмаса…

Ұлытау өңірінде 700-ден астам археологиялық және архитектуралық тарихи ескерткіш бар. 12-сі республикалық маңызға ие. Оны қорғау мен күтіп ұстау бағытында белгіленген бағдарлама бар. «Кейкінің үңгірі» ешбір мәртебеге ие болмаса да, ауылдың бас көтерер бірнеше белсенді азаматы ешкімге алақан жаймай-ақ, қия шыңдағы үңгірдің желкесіндегі биік жотаға ескерткіш-белгі қойыпты. Шаттығы сарқылмаған «Шеңбердегі» шырайлы шараның бірегейі осы.

Есімін естігенде «сары орыс» селк етіп, «қызылдың» қаны басына шапқан Кейкі «Қараторғай» өзенінің бойындағы шатқалда бой тасалаған. Екі бөлмелі үңгір жасырынуға, қорғануға, атысуға өте оңтайлы әрі қолайлы болғаны қазір де көрініп тұр. Тура төбесінен түспесе, тірі жан таппайды. Ескерткіш-белгіге мынандай бір шумақ өлең жазылыпты:

«Ел емес пе ек: «батыр ортақ» дей-тұғын,

Ерлер өткен елдің қамын жейтұғын,

Ей, жолаушы, аттан түсіп тағзым ет,

Үңгірі бұл Көкжал – Құлан – Кейкінің!».

БАС СҮЙЕГІ

Өзінің үзеңгілесі Аманкелді Иманов пен Әбдіғапар хан қайтыс болғаннан кейін Кейкі Кеңес Үкіметіне қарсы шығып, қуғынға ұшырады. Едәуір уақыт Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалап, «қашқын» атанды. Ақыры, 1923 жылы көктемде арнайы тапсырмамен шыққан комиссар А.Токаревтің жазалаушы жасағы алыстан аңдып, түнде қоршап, қапыда айуандықпен өлтірді. Мергеннің екі қолы мен басын шауып алды.

Кейін Кейкінің басын Орынборға жөнелтті, Қазақстан астанасы 1926 жылы Қызылордаға көшкенде, Санкт-Петербордағы Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейіне алып кетті. Хан Кененің басын іздеп жүріп жазушы, зерттеуші Д.Рамазан Кейкінікіне кезігеді. «Нөмiрi – 3383. «Череп знаменитого бандита казаха Кейки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Советский период» деп жазылған құжатта» дейді ол.

Антропологиялық қордың кунсткамерасында 93 жыл сақталған Кейкі батырдың бас сүйегі бұдан төрт жыл бұрын елге қайтарылды. Қазанның басында Астанаға жеткізілді. Сосын ДНК сараптамасын жасау және қалпына келтіру үшін Мажарстанға жіберілді. Екі айдан кейін бірқатар БАҚ қалпына келтірілген бас сүйектің суретін жариялады. Жазуына қарағанда, мажарлық ғалымдар көп еңбек сіңірген.

Өйткені, бас сүйек қатты зақымданған еді. Антрополгтардың айтуынша, соққы жеті жерден тиген. Бас сүйектің сол жақ бөлігі мен шүйдесі опырылып қалған. Алдыңғы тісі түгел талқандалған. Осының бәрі пластикалықантропологиялық келбетін жасау кезінде көп қиындық тудырған.

Кейкі батыр бас сүйегінің елге оралуы — елеулі тарихи оқиға. Оны қазақ халқы зор қуанышпен қарсы алды. «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлағандай, мемлекеттік комиссия оның сүйегін туған жеріне жерлеу туралы шешім қабылдады.

КЕСЕНЕСІ

2005 жылы Аманкелді ауданының «Тасты» ауылында Кейкіге табиғи тастан кесене тұрғызылып, ішіне мүсіні қойылды. Ал, бұдан үш жыл бұрын сол сағананың жанынан, қырдағы «Жалдама-Арқалық» тасжолының бойынан демеушілер қаржысына жаңа кесене салынды. Қыркүйекте мергеннің сүйегін жерлеу рәсімі өтті.

Кесене салуды ұйымдастырған астаналық «ЕL-DAANA» архитектуралық бюросы. Басшысы — Эльвира Нұралиева. Бұған дейін өзінің сәулет өнеріндегі жетістігімен танылған бұл бюро Арқалықтағы «Аллюминстрой» компаниясымен келісім-шартқа отырып, құрылыстың біраз бөлігін, атап айтқанда, кесененің күмбезі мен белгілі бір машық пен шеберлікті қажет ететін басқа да бірқатар жерін өзі салды.

Айта кетейік, 2017 жылы маусымда Кейкі батырға қатысты тың дерек табуды алдына мақсат етіп қойған бір топ қоғам қайраткерлері енген экспедиция жолға шықты. Торғай даласын, Жыланшық өзенінің бойын сүзіп шықты. Сондай-ақ, тарихи оқиға төңірегінде пікірталас өткізді. Арқалық педагогикалық институтының ұжымымен кездесті. Қаладағы өлкетану музейіне көмек көрсетті.

Қазақтың қатпары қалың тарихы кеңестік кезеңде қатты бұрмаланып, елі үшін еңіреп өткен талай ер «жауыз», «бұзақы», «банды» атанды. Соның бірі – Кейкі. Ол – есімі жаманатқа телінген, бар ісі-әрекеті теріс бағаланған, патша ағзам мен Кеңес Үкіметінің саясатымен санаспай өткен тұлға. Тәуелсіздіктің арқасында ғана қолмергеннің елі қастерлеген есімі таза ақталды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button