АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысында туристерге қолайлы орта қалыптасуда

Қарағанды облысында туристік инфрақұрылымды дамыту, көлік қолжетімділігін арттыру және сервисті жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде Балқаш пен Қарқаралы сияқты бірегей туристік аймақтарды дамыту арқылы туризмді экономиканың маңызды драйверіне айналдыру көзделіп отыр.

Сурет өңірлік коммуникациялар қызметінен

Өңірде кешенді дайындық

Қарағанды облысы 2026 жылғы жазғы туристік маусымға кешенді түрде дайындық жүргізіп жатыр. Өңірде көлік қолжетімділігін арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті күшейту, сервисті жақсарту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған.

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысы еліміздегі ең көп турист қабылдайтын ТОП-5 өңірдің қатарына енді. Облыстың негізгі туристік бағыттары ретінде Балқаш пен Қарқаралы курорттық аймақтары айқындалған. Әрбір қала мен ауданда туристерді тартатын демалыс орындарын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Туризмді дамыту жөніндегі облыстық Жол картасы бекітіліп, барлық жұмыстарды үйлестіру үшін жедел штаб құрылған. Туристер үшін қолжетімділікті арттыру мақсатында Балқаш әуежайын толық жаңғырту жұмыстары аяқталды, қазіргі уақытта арнайы техника сатып алынуда. Маусым мен тамыз аралығында «Астана-Балқаш-Астана» және «Алматы-Балқаш-Алматы» бағыттары бойынша әуе рейстері іске қосылады. Болашақта Шымкент пен Жезқазған бағыттарына да рейстер ашу жоспарланған. 6 вагоннан тұратын қосымша «Қарағанды-Балқаш» пойызы қатынайды. Төрт жолаушылар платформасы жаңартылып, он теміржол вокзалын модернизациялау аяқталуға жақын. Туристік нысандарға апаратын автомобиль жолдары да жөнделуде, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Балқаш қаласынан Тораңғалық кентіне дейін магистральдық су құбыры тартылуда. Балқаш қалалық жағажайының жағалау аймағы абаттандырылып, Қарқаралы ауданындағы «Бұғылы» демалыс аймағында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынуда. Байланыс сапасын жақсарту үшін Балқаш бағытына 16 антенна-діңгек құрылысы мен бір базалық станция, ал, Қарқаралы ауданында екі антенна-діңгек орнатылады. Жол бойындағы сервисті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 11 жаңа жанармай құю станциясы салынады. Оның бірі – «Газэнерджи» жанармай бекеті Балқашта 26 ақпанда пайдалануға берілді. Бұл туристік маусымда жанар-жағармай тапшылығы қаупін төмендетеді. «Қарағанды-Балқаш» бағытында төрт электрлі көлікке арналған қуаттау станциясы орнатылған. Бес санитарлық-гигиеналық тораптың үшеуі пайдалануға беріліп, бизнеске жол бойындағы инфрақұрылым нысандарын салу үшін алты жер телімі ұсынылған.  

Туристік компания құрылды

Жаз мезгілінде туристер санының артуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Балқаш, Қарағанды, Приозерск қалаларында, Абай, Нұра және Бұқар жырау аудандарында коммуналдық жағажайлар стандарттарға сәйкес абаттандырылуда. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін туристік полиция құрылды. Мамыр айының соңына дейін жағалау аймақтарына қосымша 102 бейнебақылау камерасы орнатылады. Медициналық және құтқару қызметтері де күшейтілуде. Тораңғалық және Шұбартүбек елдімекендерінде тәулік бойы жұмыс істейтін екі жедел жәрдем бекеті ашылды. Демалыс орындарын медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету үшін 14 маман тартылды. Балқашта екі капсулалық-модульдік құтқару станциясы орнатылып, қолданыстағы құтқару бекеті жөнделуде. 70 қоғамдық құтқарушы тегін оқытылып, даярланады.

Мониторингтік топтар облыстағы 149 жаппай демалыс орнын тексеруде. Қазіргі таңда 83 нысан санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алып, туристерді қабылдауға дайын. Бизнес өкілдерімен жағажай инфрақұрылымының стандарттарын енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік, санитарлық талаптар және жайлы жағдай жасау негізгі басымдық ретінде белгіленген. Туристер үшін көлік, навигация, қауіпсіздік және демалысты қамтитын бірыңғай сервистік маршрут қалыптастырылуда. Биыл Балқаш қаласында және Қарағандының орталық саябағында екі визит-орталық ашылады. Теміржол вокзалдары мен әуежайларда ақпараттық орталықтар жұмыс істейді. Туризмді цифрландыру аясында Kaspi Travel сервисіне төрт кәсіпкер қосылып, тағы 32 нысан қосылу үстінде. Туристік көліктерді автоматты есептеу жүйесі енгізіліп, туристік нысандар Yandex, Google және 2GIS карталарына енгізілуде.

– Өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында жазғы маусымға арналған бірыңғай мәдени-іс-шаралар бағдарламасы әзірленді. Балқаш көлінің жағасында өтетін BalkhashTourFest фестивалі биыл төртінші рет ұйымдастырылып, 19-20 маусым күндеріне жоспарланған. Фестиваль республикалық деңгейдегі маңызды туристік оқиғаға айналып, маусым бойы қыркүйекке дейін жалғасатын мәдени бағдарламалардың бастамасы болады. «Бай қымыз – Қарқаралы», «Ұлы дала құпиялары – Талды», «Саяхатқа шабыт беретін Қарағанды» фестивальдері өтеді, – деді Ирина Любарская.

Жыл бойғы туризмді дамыту және инвестиция тарту бағытында да нақты жобалар іске асырылуда. «Balkhash» өңірлік индустриялық аймағы құрылып, инвестициялық жобалармен толықтырылуда. «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясымен бірлесіп, жалпы құны 4,1 млрд теңге болатын екі қонақүй салынуда. Балқаш пен Қарқаралы аумақтарын «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Қарқаралы ұлттық табиғи паркі аумағында алты кәсіпкерге 20-25 жылға ұзақ мерзімді жалға жер телімдері беріліп, бұл жобалар аясында 1,3 млрд теңге инвестиция тарту көзделуде. 2026 жылы туризм саласында 16 жоба жүзеге асырылмақ. Өңірге келетін туристер саны 600 мың адамға жетеді деп күтілуде, оның ішінде, 40 мыңға жуығы шетелдік қонақтар болады. Қытайдан келетін туристер саны 900 адамға өсіп, 4,5 мыңнан асты.

 Табыс молайып, инвестиция артады

Болжам бойынша, туристік қызметтен түсетін табыс 12 млрд теңгені, ал, тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Жүргізіліп жатқан барлық шаралар Қарағанды облысында заманауи, қауіпсіз және жайлы туристік орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да оң әсер етеді.

Өңірдің туристік әлеуетін жүйелі түрде ілгерілетуде Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығы маңызды рөл атқарады. Орталықтың негізгі мақсаты – ішкі және келу туризмін дамыту, туристік ағынды қалыптастыру және Қарағанды облысының табиғи, тарихи-мәдени және индустриялық мүмкіндіктерін кеңінен таныту. Бұл бағыттағы жұмыстар Балқаш пен Қарқаралыда жыл бойы туризмді дамытуға негіз қалап, маусымдық демалыс моделінен тұрақты төрт мезгілдік туризмге көшуге жол ашады. Осы мақсатта қысқы туризмді дамытуға арналған «Balkhash Winter Fest» жобасын іске асыру ұсынылуда.

– Цифрландыру бағытында туристер үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыруға арналған бірқатар заманауи құралдар енгізілді. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізіндегі ChatAI чат-ассистенті, Visit Karaganda туристік порталы, «Қарағанды-Балқаш» тасжолындағы LED-экрандардағы ақпараттық материалдар және халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан интерактивті терминал жұмыс істейді. Freedom Travel платформасымен туристік өнімдерді біріктіру және өңірді жаңа туристік бағыт ретінде таныту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы туроператорлар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тревел-блогерлердің қатысуымен төрт ақпараттық тур ұйымдастырылды. Олар Қарқаралының күзгі және қысқы маусымын, сондай-ақ, «Индустриалды Қарағанды» бағытын қамтыды. Туроператорлар мен жергілікті қонақ үйлер және демалыс орындары арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатылды. Жыл қорытындысында туризмді дамытуға бағытталған 60-тан астам жоба жүзеге асырылып, 20 туристік маршрут әзірленді және іске қосылды. Әлеуметтік желілерде 500-ден астам жарияланым жарық көріп, жалпы медиа қамту көлемі 30 миллионнан астам қаралымға жетті, – деді «Visit Karaganda» туристік ақпараттық орталығының директоры Бақтияр Бекмұрзаев.

Өңірге деген қызығушылықты нақты туристік ағынға айналдыру мақсатында әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың статистикасы мен аудитория географиясы талдануда. Бұл деректер Tripadvisor және Booking.com халықаралық платформаларында мақсатты цифрлық жарнаманы іске қосуға пайдаланылмақ.

Кадрлық әлеуетті дамытуға да ерекше назар аударылуда. Өткен жылы гидтерге арналған оқыту семинары өткізіліп, экскурсиялық қызмет сапасын арттыруға бағытталған кәсіби қауымдастық қалыптасты. Алғаш рет Қарағанды облысында гидтердің ресми тізілімі жасақталды.

Туристік нысандар дамиды

Қарағанды облысы арқылы өтетін транзиттік ағынды өңір экономикасына тарту мақсатында жол бойындағы туристік нысандарды дамыту қолға алынуда. Пилоттық жоба ретінде Бектау-Ата табиғи массиві маңында туристік тартымды нүкте құру ұсынылды. Шабанбай би, Өспен ауылдары мен Шұнақ кратері болашақтағы туристік өсу нүктелері ретінде қарастырылуда. Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен бірлесіп «Сапа белгісі» жүйесі енгізілуде. Бұл бастама қызмет көрсету стандарттарын арттыруға, туристердің сенімін нығайтуға және сапалы туристік нысандарды айқындауға бағытталған. 2026 жылы туризмді дамытуға арналған жаңа іс-шаралар легі жоспарланған. Олардың қатарында «TurStart 2026» көрмесі, «Талды Fest» аясындағы атпен саяхат туры, «Қарқаралы – 2026» туристік слеті, дроншылар фестивалі, Шет ауданындағы джип-тур, Абай ауданындағы Топар демалыс аймағына біркүндік сапарлар, Дүниежүзілік туризм күніне арналған «Saryarka Open Air: Туризм күні» фестивалі.

 Инфрақұрылым туристік мүмкіндіктерді қалыптастырса, Visit Karaganda орталығы сол мүмкіндіктерді нақты туристік ағынға айналдыруға жұмыс істеп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі шаралар Қарағанды облысының туристік тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының дамуына және халықаралық деңгейде танылуына жаңа серпін береді.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button