РуханиятТарих

Жаңа Астана Қазақстанға не берді?

Елорданың Алатау баурайынан Арқа төріне көшуі – тәуелсіздік алғаннан кейінгі елеулі тарихи оқиға болғаны рас. Ал, мұндай тосын шешім Қазақстанға не үшін керек болды? Әлемдік тарих не дейді? Осы жайттарға зер салып көрелік.

Қала атауы әуелде Ақмола, кейін Целиноград болып ауысқан. 1997 жылдан Астана болса, қазір Нұр-Сұлтан деп аталады.

Елбасы «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде «Қыпшақ хандығының астанасы болған ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал, оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазған екен.

Соған қарағанда бұл таңдаудың тарихи мәні де бар. Елордасын Ақмолаға көшірудің мұнан басқа да себептері бар.

Мамандардың пікірінше, Алматының астана ретінде ескіруіне – алдымен оның сейсмикалық қауіпті аймақ болғандығы, астана есебінде халық санының тым көптігі, мегаполис болуы, Қытай шекарасына жақындығы, саудаөнеркәсіптің негізгі шоғырланған орталығы екендігі, географиялық орталықта орналаспағандығы себеп болған.

Ал, бұрынғы Ақмоланың бас қала атануға үміткер болуына – қаланың жаңадан инфрақұрылымын құруға мүмкіндігінің болуы, географиялық аумағының орталықта орналасуы, инвесторлық қаржыны тартуға ұтымды жобалардың пайда болуының оң әсері болыпты.

Ел астанасының солтүстікке қарай ауыстырылуы геосаяси, нақтылап айтсақ, этносаяси негізде болды. Яғни, еліміздің өндірістік орыс тілді солтүстік пен аграрлы қазақ тілді оңтүстік болып бөлінудің алдын алу еді. Мысалы, тәуелсіздік алған жылдары Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарының 45-65 пайызын өзге ұлт өкілдері құраса, 17-28 пайызын ғана қазақтар құраған. Демек, тұтастай тыныштықты сақтау мақсатында, оған қоса, ұлтаралық байланыстың тұрақты болуына, аймақты қазақыландыруға негізделген басты жоба болды.

Көшу туралы бұйрық 1995 жылы шығып, 1997 жылы Ақмола қаласы Ақмола экономикалық аймағы ретінде құрылған. Содан кейін Елбасының қаулысымен мемлекеттік мекеме лер жаңа Астана қаласына көшіріле бастапты. Бүгінгі Елорданың қай деңгейге жеткені әлемге мәлім.

Ел астанасын бір қаладан екінші қалаға көшіру әлемдік мемлекеттер тарихында да болған.

Мәселен, 1959 жылы Пәкістанның астанасын оңтүстіктегі Карачи қаласынан елдің солтүстігіндегі Исламабадқа көшіру себебі қала халқының тығыздығы, теңіз жағалауы мен әскери қаланың қасында орналасуы болды. Бұл астана бүгінде дамыған әлемдік қалаға айналған. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік.

Алайда, астана ауыстырған елдердің бәрі бірдей ойлағандарына жете бермеген.

1970 жылы Танзанияның астанасы Дар-эс-Саламнан орталық жағалауда орналасқан Додомаға көшкенімен, бұл мәселенің нүктесі әлі күнге дейін қойылмапты. Демек, сәтсіздікке ұшыраған.

Ал, астанасын мемлекеттің орталық аймағынан таңдап ауыстырған Испания сияқты елдер де бар. Испанияның сол кездегі королі ІІ Филипп қиын жағдайға қарамастан, ел астанасын Толедодан елдің орталығындағы Мадридке көшірген. Бұл бастама да біздегі сияқты сынның астында қалыпты. Дегенмен, екі елдің бұл мәселеде адаспағанын уақыт дәлелдеп берді.

Ал, Американың астанасы Вашингтон қаласы да тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның тапсырмасымен бой көтерген екен. Вашингтонның бүгінгі дәрежесін әлем көріп отыр. АҚШ үшін жаңа астана саяси тәуелсіздікке жетуде үлкен рөл атқарғанын да айта кеткен жөн.

Астанамызды Алатаудан Арқаға көшірудің де осындай саяси маңызы бар екенін де біле жүргеніміз дұрыс. Орыстанып бара жатқан солтүстік аймақты дамыту, қазақыландыру, жаңа қалада жаңа идеяларды жүзеге асыру оңай болған жоқ, әрине…

Бұл туралы Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Қазіргі уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі» деп жазған еді.

Сонымен қатар, ол астананы таңдауда қаланың географиялық жағдайы, табиғаты мен климаты, әлеуметтік-экономикалық, әскери-стратегиялық, көлік және инженерлік инфрақұрылым, құрылыстық, демографиялық, ғылыми және мәдени даму мүмкіндіктері басты назарда болғанын айтқан болатын.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы әлемге нұрын шашып тұр. Оның алып ғимараттары мен әдемі көшелері, тарихи нысандары – тәуелсіздіктің символы іспеттес.

Астананы көшірудің демографиялық дамуға да зор ықпалы болды. 2000-2013 жылдар аралығында Астана тұрғындарының саны 300 мыңнан 800 мыңға жетіпті. 2016 жыл еліміздегі екінші миллионер қала атанса, бүгінде халық саны 1 200 000-ға шамаласып отыр.

Деректерге сүйенсек, қазір Қазақстан әлемнің 120-дан астам елімен жоғары дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Еліміздің сыртқы саясат мекемелері 60-қа тарта мемлекетте болса, Қазақстанда әлемнің 60-тан астам елінің елшілігі мен 20-дан астам халықаралық ұйымы еңбек етуде.

1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағын иеленді. Мұндай марапат қысқа уақытта әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда айтарлықтай жетістікке жеткен әлемнің жас қалаларына беріледі екен. Қысқа уақыт ішінде Астана әлемнің көзтартар елордаларымен иық теңестіріп, халықаралық диалог алаңына айналды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button