Жаңалықтар

Атқарылған істер – ауқымды

Шет ауданында халықтың әл-ауқатын арттыру мен аудан экономикасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, экономикалық көрсеткіштер өскен. Өңірде кейінгі жылдары әлеуметтік нысандар салынып, қаймана халық бұл күнде игілігін көруде. Оның қатарында денсаулық сақтау, спорт, білім беру, мәдениет салаларына тиесілі нысандар бар. Дамудың даңғыл жолына түскен аймақта мұнан да өзге ауыз толтырып айтарлық жетістік көп. Бұл жөнінде Шет ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұхит МҰХТАРОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Мұхит Сайлауұлының айтуынша, аудан экономикасының нақты сектор саласында жыл басынан бері қыркүйек айына дейін 43 млрд. 273 млн. теңге өнім өндірілген. Өңірде тау-кен өнеркәсібі мен кен орындарын қазу шаралары қарқынды жүруде. Өңдеу өнеркәсібі де өрлеуде. Мәселен, жарты жыл ішінде кәсіпорындардың көрсеткіші 3,5 млрд. теңгеге жетіп, өз көлемін екі есеге арттырған.

– Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі де өсе түсуде. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 10 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. Жоспар 130 пайызға орындалмақ. Шет ауданында ауыл шаруашылығы саласында да игілікті істер қолға алынып жатыр. Биыл 9 айда 25,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 2,6 млрд. теңгеге артық. Ал, 10 айдың Нұрдос КӘРІМ, «Орталық Қазақстан» қорытындысымен жалпы өнім 28,1 млрд. теңгені құрамақшы. Осы жылдың 9 айында 15227 тонна ет, 68800 тонна сүт өндірілді. Аудан фермерлері мен жеке секторы Қарағанды, Астана қалаларында өткен бірнеше «Ауыл-береке» жәрмеңкелеріне қатысып, 90,5 млн. теңгенің өнімдерін төмен бағамен саудалап қайтты, – деді Мұхит Мұхтаров.

Спикер баспасөз мәслихаты барысында мал саны өсіп келе жатқандығын тілге тиек етті. Ауданда қазіргі таңда 79 мың сиыр, 45 мыңға жуық жылқы, 200 мыңға жетеқабыл қой бар. Өткен жылы ауданда 11 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, оған мүшелікке 324 адам тартылған. Құрылған кооперативтердің жетеуі ет, төртеуі сүт бағытында жұмыс жасауда. Облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие алған 8 кооперативтің 156 мүшесі 411 млн. теңге қаражат алып, оған 1949 мал сатып алған. 2017- 2018 жылдары кооперативтер 89 тонна ет, 102,5 тонна сүт тапсырыпты. Аудан бойынша 10 айда қаржылық институттар арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер әртүрлі бағдарламалар аясында жалпы көлемі 1,5 млрд. теңге көлемінде несие алып, жұмыстарын жандандырған. Аталмыш бағдарламаларға 136 шаруа қожалығы қатысып, 1852 асыл тұқымды ірі қара, сонымен қатар, 545 асыл тұқымды малға жатпайтын ірі қара және 84 жылқы сатып алынған. Мал шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруға қол жеткізген 510 шаруа қожалығына биыл 365,1 млн. теңге қаражат субсидия түрінде төленген көрінеді. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы бағдарламасы негізінде несие алып, асыл тұқымды мал басын көбейтуге бетбұрыс жасаған. Сонымен қоса, өсімдік шаруашылығы бойынша 6 шаруа қожалығына 2,8 млн. теңге субсидия берілген.

Мұнымен қоса, ауданда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді салу жұмыстары қолға алына бастаған. Атап айтқанда, 6 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы қолданысқа енгізілген. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақадыр кентінде 70 пәтерлі бес қабатты үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш үйді пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарлануда. Бұдан бөлек, С.Сейфуллин кентінде 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмекші. Мұнымен бірге, қазіргі уақытта Киікті кентінде 150 оқушыға арналған орта мектеп, Ақсу-Аюлы ауылында 100 орынға арналған интернат құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, С.Сейфуллин кентінде 12 пәтерлі тұрғын үй, АқсуАюлы ауылында 24 және 12 пәтерлі тұрғын үй құрылысына құжаттар әзірленген.

Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлыққа алу, арнаулы жабдықтармен қамтамасыз ету және сауықтандыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілген. Оларға қызмет көрсетуге, гигиеналық құралдар алуға жергілікті бюджеттен 3 млн. теңге бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі 8 балаға үйде оқуына жағдай жасалған.

– Әлеуметтік саланың маңыздысы – білім. Әлемнің дамыған мемлекеттеріндегі әрбір жаңашыл технология – сол білімнің жемісі. Ауданымыздың білім беру саласында барлығы 2,5 мыңдай адам істейді. Оның 1402-сі педагог кадрлар. Білім беру ісімен 52 мектеп айналысады. Бұдан тыс 1 өнер мектебі мен бір оқу өндірістік комбинат, 6 мемлекеттік, 2 жекеменшік балабақшалар бар. Бір ауысымда 30 мектеп, екі ауысымда 22 мектеп оқиды. Мектептердегі оқушы контингенті 7081 бала,– деді Мұхит Мұхтаров.

Спикердің айтуынша, биыл мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 136 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа осы жылы жаңа модификациялық құралдар мен интеллектуалдық кабинеттер, робототехникалар, музыкалық аппаратура, жиһаздар мен мультимедиялық жабдықтар алынған екен. Бүгінгі күні 1 компьютерге 5 оқушыдан келеді.

Ауданның көптеген өркенді істерін баяндаған спикер БАҚ өкілдері жолдаған сұрақтарға толымды жауап қайырды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button