Жаңалықтар

Жалпыхалықтық диктант қалай өтті?

Қарағанды облысының тұрғындары жалпыхалықтық диктант жазу науқанына белсене қатысып, жаңа әліпбиде жазуға машықтанды. Республикалық шараға Қарағанды облысы бойынша 120 мыңнан астам адам қатысқан. Олардың негізгі бөлігі, яғни, 31,2%-ы – жоғары сынып оқушылары, 30%-ы – мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері және 25,4%-ы студенттер. Қалған 6,6%-ы – мемлекеттік қызметшілер және 6,7%-ы бизнес өкілдері мен жеке тұлғалар.

Жаңа әліпбиге дағдыландыру, соның ішінде бүгінгі өткен диктантқа дайындық ретінде ұйымдастырылған семинар-тренингтер, шеберлік сыныптары өз нәтижесін беріп, жалпы мемлекеттік қызметшілер жаңа әліпбиде еркін жазғаны байқалды. Облысымыздағы ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдері де жалпыхалықтық диктантқа қатысуға ниет білдірді. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы да науқанға үн қосқанын айта кеткен жөн.

Диктант соңында қатысушылар Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі Ресурстық орталық дайындаған «Lатyn-каraokemen» «Атамекен» әнін шырқады. «Latynkaraoke» жобасы аясындағы әндер топтамасы YouTube желісіндегі Q-Ǵalam арнасында топтастырылған.

Республика деңгейінде өткен шараға тіл мамандары, тарихшылар жоғары баға берді.

Темірғали Аршабеков, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві басшысы:

– Бүгінгі диктант – келешек латын қарпіне көшудің алғашқы үлкен қадамы екені айдан анық. Қарағанды облысы жұртшылығы да жалпыхалықтық диктантқа ерекше леппен қатысты. Диктант жазу шарасының мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін тиімді оқыту алғышарттарын қалыптастыру. Республикалық акция аясында өткен диктант жазу шарасына тілек білдірушілердің бәрі де қатысуға мүмкіндік алды. Жалпыхалықтық диктантқа таңдалған мәтін тақырыбы «Рухани жаңғыру» аталу себебі жаңа әліпби жаңғырудың дара жолы екендігінде деп білеміз.

Бектұрсын Қалиев, ҚарМУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасының доценті:

 – Латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінде ел көлемінде өткізілген «Жалпыхалықтық диктант» республикалық акциясына академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің студенттері де өз үндерін қосты. Факультет студенттері «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы диктантты жаңа әліпбиге зор қызығушылық таныта отырып, бір демде жазып шықты.

Жалпы, тілдесімнің ауызша және жазбаша түрі болатыны белгілі десек, біз бүгінгі күні ауызекі тілдесімнен көрі жазбаша түрдегі тілдесімді жиі қолданатынымыз да ақиқат. Бүкіл ақпаратты электронды құралдар арқылы жібереміз, ал электронды ақпараттың тілі, негізінен латын қарпіне негізделген әліпби болып келеді. Сондықтан да, «көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң бәрі бекер» дегендей, ел келешегінің ертеңі студент жастар диктант жазу барысында қазақ сөздері мен сөз тіркестерінде кездесетін төл дыбыстардың қалай таңбаланатынын ой елегінен өткізіп, туындаған қиындықтар мен кемшін тұстарын бағамдады. Негізі, қай әліпбиде болсын қатесіз, сауатты жаза білу – ең басты ұстаным болғандықтан, «Мәңгілік елдің» әрбір азаматы мемлекеттік тілде айқын, сауатты жаза алуы тиіс.

Акция аясында әрбір студент өзінің жаңа қазақ әліпбиін қаншалықты меңгергенін сезініп, латыншаға негізделген қазақ тілі ережелерін қалай қабылдайтынын да байқатты. Осындай акциялардың жыл ішінде екі-үш рет үзбей өткізіліп тұруы көпшіліктің латынша жазуға деген еп-дағдысын қалыптастыра түседі.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button