Руханият

«Есерлік» синдромынан қалай құтыламыз?

Дүниеде «дарақылық» бәсекесі өтсе, оның бас бәйгесін шаппай аларымызға бәс тігер едік. Әттең, ондайдың жоқтығы қинап тұр. Үнем жарыста үмітіміз ақталмайды. Себебі, «үнем» сөзі соңғы жылдары қазақ лексиконының «Қызыл кітабына» еніп, «жойылуға» шақ қалған. Ал, бит терісінен биялай тоқыған Қытай, ішер ас-суын да қасықтап екшеген Еуропа, иығына ілер кебенегін үпілеп киіп, үнем қылған АҚШ – алда. Себебі, олар біздей емес. «Есерлік» синдромымен «ауырмайды»…

Мақтанға қымбат көлік, «дұшпан көзге» удай киім-кешек, біреуден қалмасқа әкесінің құнын сұраған құрал-жабдықтарды тыраштанып сатып алу – бізге ғана тән. Басқаға – жат. Өйткені, үнемшілдікті – сараңдықпен, ысырапты – байлықпен шатастырғанбыз.

«Өзге ел үнемді қалай қылды?» деп есебіне үңілсек, оның математикасы – қарапайым ғана. «Екіні екіге қоссаң, төрт» деген секілді, жарықты өшірсеңіз – үнем, суды текке төкпесеңіз – үнем, киіміңізді күтіп кисеңіз – үнем.

Мынау кәрі құрлық Еуропада үнемдеу мен ұқыптылықтың серкесіне айналған – немістер көрінеді. Ертеден әр затына аса ыждаһаттылықпен қарап, тиянақтылық танытқан гер мен фрау түймедей нәрсенің қадірін туғанынан санасына түйеді екен. Ашық ресрустардағы ақпарттарға үңілгенде, олардың кірпияздығына жаға ұстадық. Мақтансүйгіштікке мастанған кейпімізге ұялдық.

Ондағы деректер Германияның барлық жағынан үнем жасайтынын айтады. Соның нәтижесінде федералдық банкі немістердің 6 триллионнан астам еуро жинақтағанын көрсеткен. (Біздің қазақта триллион түгілі миллион бар ма екен жинағында?) Олар бала күнінен үнемшіл деседі. Оның қағидаты, жоғарыда айтқандай, қарапайым.

Қажеті жоқ құралдарды өшіріп тастайды. Бұл болса, жылына 100 еуроға үнем. Аяз қысқанша жылу жүйесін қоспайды. 70-80 пайыздық жеңілдікпен ұсынылатын жаппай сатылымнан киінеді. Киіміне ұқыптылықпен қарайды. Оны қажетсіз деп тапқанда тағы сатып жібереді. Қымбат қуат үнемдегіш электр құралдарын алады.

Мұнда біздегідей қонақтың аузынан ағызып тамақтандырмайды. Кафеге шақырса, оның пешенейін қонағы көтеріп келеді. Беталды қажетсіз азық-түлік емес, сапалы, арзан тағамды тұтынады. Дүкенге мейлінше жаяу, не велосипедпен барады. Сусындарды қораптап алады. Бірақ, шынысын 0,25 еуроға қайта өткізеді. Қойшы, тіпті, қызбен қыдыруға да арнайы есеп-қисаптарын құрып қояды-мыс.

Айта берсек, осындай ұсақ-түйектен үнемдеу арқылы олар демалыстарына қаржы жинақтап, саяхатқа ұдайы шығып тұрады. Бұған келгенде, олар өздеріне тыйым салмайды. Ал, сіз астыңызда бірнеше миллионның көлігі, үстіңізде пәленбай мыңның «шубасы», қолыңызда 400 мыңның ұялы телефоны бола тұра, ең құрығанда бір рет шетелге саяхатқа шықтыңыз ба?

Франция талғаммен үнемдейді деген ақпар бар. Францияда өмір сүру арзан емес екен. Десек те, француздар онда да үнемге ден қойған. Олар да тауарларға жасалған жеңілдіктерді үнемі назарда ұстайды. Тегін мәдени шараларға баруды қолай көреді. Алайда, тамаққа келгенде тарлық етпейді. Ең бастысы, француздар үшін – тамақтың сапасы. Францияда кешкі уақытта азықтүлік арзан. Сол себепті, бұл кезде дүкендерінде адам ағыл-тегіл дейді зерттеулер.

АҚШ-та клубтық карта арқылы құны қалтаға қонымды азық-түлік алса, киімге келгенде, таза қарапайым. Әншейін футболка, джинсы, бейсболка, рюкзак. Оның өзін арзандатылған бағамен табуға тырысады дейді. Бұдан соң әр той сайын бір көйлек деген ұстанымыңызға қарадай қысыласыз.

Аустралияның қыз-келіншектерінің үнемдегі әрекетін біздің жолы жіңішке қауым көрсе, ертесінде асылып өліп қалатын шығар. Мысалы, аустралиялық әйелдер ерлерінің жейдесін үтіктеуде қуатты үнемдеу үшін оны душ бөлмесіне қойып, бу арқылы қыртыс-тыртысын жазып алады екен. Үтікті аса қажет ететін қалың киімдерде де қуат үнемдеуге ұмтылады-мыс. Олар әуелі үтікті қатты қыздырып, сосын суырып тастап, қалған қызуымен жеңіл, жұқа киімдерді басады. Судың ағысын реттеп тұратын арнайы құрылғы орнатылады. Кірді суық суға жуады. Кірге арналған және ыдыс жуу машинасы түнде қосылады. Түнгі судың, қуаттың тарифы арзанырақ дегендей…

Қайсыбірін тізімдейік. Әйткенмен, әлем елдерінің осындай үнемшілдігінен соң, ойланбау мүмкін емес. Кедейдің таз кепешін басымызға біреу емес, өзіміз киіп алған екенбіз. Одан құтылу тағы да әркімнің өзіне байланысты.

Санадағы «есерлік» синдромын жеңбей жағдайыңыз оңалмасын ішіңіз сезген шығар, иә?!.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button