Руханият

БЕКТАУАТА – белсенділердің қорғауында

Бүгінде Бектауата шатқалындағы үңгірлердің сиқын қашырып, сәнін кетірген түрлі бояумен жазылған жазулар өшірілуде. Бұл игі шараға облыстық мәслихат депутаты, Ақтоғай ауданының Шашубай кентіндегі «Мектеп-балабақша кешені» базасындағы Тірек мектебі» (ресурстық орталық) директоры Айман ТҮКБАЕВА мұрындық болып, айтулы білім ұясының ұстаздары белсене атсалысуда.

Еріктілердің айтуынша, елдегі көрікті жерлерден, тау мен тастан шимай-шатпақ суреттерді, адам түсініп болмайтын жазу мен өрнектерді, түрлі-түсті бейнелерді жиі кезіктіруге болады. Мұндай мазмұнсыз да ұсқынсыз сурет пен жазулар Бектауата тауында соңғы кезде көбейіп кеткен. Тіпті, саяхатшылар өз жазбасын қалдыруды әдетке айналдырған. Өткен жылы лагерьге Арыс қаласынан 200 бала келіп, демалған екен. Сол балалардың бірі: «Бізде де мұндай қасиетті жерлер көп. Бірақ, сіздер сияқты шимайлауға жол бермейді» деген сөзі еріктілерге ой салған көрінеді. Сонымен қатар, биыл тамызда алматылық Александр Петровтың желіге жариялаған көрікті жерлердің фотосуреттері үлкен қоғамдық пікір тудырды. Ол үңгірге жазылған кіреберісті түсірген. Бұған дейін осында болған туристер үңгірдің тастары мен қабырғаларына бояумен өз есімдерін, тегін немесе ойларын жазып, мәңгіге естелік ретінде қалдыруда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаған екен. Осыдан кейін Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінде шатқалға рейд жүргізілетінін мәлімдеді. Жартастағы суреттердің авторлары табылып, жауапкершілікке тартылатындығы ескертілді.

– Ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы тозатын қазақтың Ұлы даласының табиғаты қандай бай болса, ол небiр аңыз бен шежiреге, адам таңғаларлық таңғажайып кереметтерге де толы. Сондай қасиетті жердің бiрi – Бектауата тауы. Осындай ғажайып жерімізді шимайлап, бүлдірушілер кейінгі жылдары етек алды. Бұл жерде вандализм деректері өршіп тұр. Ақтоғай ауданының Шашубай кентіндегі «Мектеп-балабақша кешені» базасындағы Тірек мектебі ұжымының барлығы жұмылып, жазуларды өшіріп, үңгірлерді ретке келтіруге кірісіп кеттік. Түрлі дақ кетіретін ұнтақтар арқылы өшіріп көруге тырыстық. Бірақ, ұнтақтардың күші жетпеді. Қазіргі уақытта, газ баллондарын пайдаланып, бояумен жазылған жазуларды отпен өшіріп жатырмыз. Осымен үңгір басына сегізінші рет келіп тұрмыз. Толықтай жазуларды жою үшін екі күн жұмыс жасау керек, – дейді ерікті Дәулет Тәңірбергенұлы.

Шатқалдарға рейд жасап, тазалау жұмыстарына белсенді қатысып, игі іске бастама болған мәслихат депутаты Айман Түкбаева бұған дейін де қоғамдық жұмыстардан тысқары қалған емес. «Қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқықбұзушылықтар» қатарына жататын ұсақ бұзақылық, яғни, табиғатты ластау 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеліп соғатыны туралы айтып отыр.

– Қазіргі таңда бүлінген нысанды қалпына келтіру – өзекті мәселе. Оның ішінде, қасиетті жерлерді бүлдіретін адамдардың әрекетіне шара қолдану керек. Көрікті жерлердің сәнін кетірген бұзақылармен бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет. Жазуларды өшіріп, тазартқан соң ескерту тақтайшаларын орнатамыз. Шатқалды қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жоба бұдан кейінде жүзеге асырылатын болады, – дейді халық қалаулысы.

Айта кетейік, Бектауата Қазақстанның жүз киелі орындарының қатарына кіреді. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қорғауға алынған. Айтулы тау Балқаш қаласының оңтүстік шығысында 60 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше шоқыдан құралған тау солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырымға созылып жатса, ені 3 шақырым, ең биік нүктесі 1213 метрден асады. Бектауата тауының күн батыс тұсында етегінен 80-100 метр биіктікте әлем туристерінің назарын аударған үлкен үңгір бар. Үңгірінің жалпы ұзындығы – 45-48 метрге жуықтайды. Оған тас қорымы арқылы шығады. Үңгірге кірер қуыстың биіктігі – 3, ені – 1,5 метр. Онда 15-16 метрге дейін еш қиындықсыз кіре аласыз. Бұдан кейінгі бөлігі, яғни, 29 метрден ары үңгір түбін терең көлшік алып жатыр.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button