«КАВАСАКИ СИНДРОМЫ»: Бала денсаулығын бақылауға алған жөн

Әуелде коронавирус инфекциясының балаларға жұқпайтыны туралы ақпарат тарағанда елдің бәрі «бөркін аспанға атқан». Бала – бауыр етіміз болған соң, шырылдап қалса шыр-пыр күйге түсетініміз рас. Ауырмай, аман жүруін Алладан тілейміз. Десек те, кейіннен тараған Кавасаки ауруы көптің көңілін күпті қылды. Ілуде бір кездесетін бұл синдромның сипаты кәдімгі қауіпті індетпен бірдей көрінеді екен. Айтпақшы, бұл жайлы осыдан үш ай бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос ГЕБРЕЙЕСУС ескертіпті.

11 ЖАҒДАЙ АНЫҚТАЛДЫ

Бүгінде күшіне енген Covid-19 індеті талай ауруды тап басып, оны қоздырып, егде жастағылар мен денсаулығы сыр беріп жүргендерге әжептәуір тауқымет тартқызды. Балалар болса, көбіне індеттің симптомсыз, жеңіл түріне ұшырады. Ал, енді КВИ жұқтырған кішкентайларда қабыну синдромының байқала бастауы ата-аналарды алаңдатпай қоймайтыны анық. Бүгінгі күні елімізде «Кавасаки синдромын» жұқтырған және соның белгілеріне ұқсас 11 жағдай анықталып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, ел ішінде індет балаларға енді тісін батырады екен деген әңгіменің тарап жатқанына да біраз болды. Не керек, сирек кездесетін «Кавасаки синдромының» нендей дерт екенін жұрт жете біле бермейді. Осы орайда Қарағанды қалалық балалар ауруханасының директоры Перизат Ахметтті сөзге тартқанбыз.

Кавасаки ауруы аутоиммунды васкулит, яғни, коронарды артерияның зақымдануы. Бүгінгі таңда негізгі себептері әлі анықтала қойған жоқ. Клиникалык белгілеріне тоқталсақ. Балаларда дене қызуы 5 күндей көтеріледі. Денесі бөртеді. Аяқ-қол саусақтары ісінеді. Көпшілігі алғашқы 7 күнде екі көздің конъюнктивитін көрсетеді, сондай-ақ ауыз қуысының шырышты қабығының құрғауы мен қызаруы байқалады, ерін жарықтарынан қан кетуі де мүмкін. 80% жағдайда кеудеде, асқазан мен белде бөртпе пайда болады. Бұл өте өзгеше көрінуі мүмкін және скарлатина немесе қызылшаны еске түсіреді. Сондай-ақ, алақан мен табанға бөртпе пайда болады. Тері пиллингі – «Кавасаки синдромының» өте кеш белгісі, – дейді білікті дәрігер.

ДҰРЫСЫ – ДҮРЛІКПЕГЕН ЖӨН

Әлеужеліде әңгіме болған мына тұсын көрсете кетсем.

«Кеш жарық, ата-аналар. Ертең карантинді ашқанымен, 27-28 күні қайта жабады екен. Қытайдан Кавасаки деген ауру тарапты. Балалар ауырады екен. Суға улы зат қосыпты. Сондықтан, суды қайнатып ішіңіздер. Хилак-форте, Ферталь, Анаферон алып қойыңыздар».

Whatsapp желісінде тарап жатқан осы жазбаға қатысты маманның пікірін білген едім.

Негізі елді бұлай дүрліктірмеу керек. Мына ковидтан ел еңсесі түсіп қалғанда, тіпті де қажет емес. Әрине, сақтыққа шақырған жөн. Бірақ, бұл қате пікір. Себебі, бұл дерт бұрыннан бар. Мысалы, өзіміздің облыста жылына осы аурумен 5 бала ауырады. Яғни, олардың жасы 5 жасқа дейінгі балалар. Сол үшін тек сол саладағы маманның сөзіне иланған жөн, – дейді Перизат Ахмет.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, екі баладан Covid-19-бен байланысты мультисистемалық қабыну синдромы расталыпты. 2010 жылы туған бала амбулаториялық бақылауға алынған. Ал, 2013 жылы туған баланың денсаулығы жақсы. Жақында ауруханадан шығады екен.

ДЕРЕУ ДӘРІГЕРГЕ ЖҮГІНУ КЕРЕК

№5 қалалық емхананың «Ана мен бала ісінің» басшысы Айнагүл Балмағанбетова синдром байқалған сәтте бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керектігін айтады.

Кавасаки тәрізді синдромды тек аурухана жағдайында емдеу керек. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған алгоритм бар. Сол бойынша дәрігерлер емдеудің әрбір кезеңін жақсы біледі. Егер бала ауыра бастаса, кез келген ата-ана педиатрға баруы қажет. Егер, педиатр синдромды анықтаса бірден ауруханаға жатқызады. Ол жерде қажетті емдеу жұмыстары жасалады. Үй жағдайында емделуге мүлдем болмайды, – дейді Айнагүл Балмағанбетқызы.

«Бізге жеткен мәлімет бойынша жыл басынан бері 11 баладан синдром анықталыпты. Және соған ұқсас көпжүйелі қабыну синдромы диагнозы қойылғанын мәлімдеді. 11 баланың үшеуі Нұр-Сұлтан қаласында емделіп, жазылып шыққан. Қалғандары Ақтөбе, Қарағанды, Алматы қалаларында емделіп жатыр. Екі бала 5 жасқа толмаған, ал, 9 бала 5 пен 17 жас аралығында. Демек, бұл дерттің тек 5 жасқа дейінгі балаларға жұқпайтынын көріп отырмыз» – дейді «Ана мен бала ісінің» басшысы.

ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Мамандардың айтуынша, балада «Кавасаки синдромының» белгілері байқалған кезде жергілікті дәрігерге немесе педиатрға жүгіну керек. Мұндай синдроммен балалар міндетті түрде ауруханаға жатқызылады. Бірақ әдеттегі балалар ауруханасына түседі. Өйткені, бұл синдром бала коронавирус жұқтырып, екі-үш апта өткен соң, яғни, жазылғаннан кейін байқалады. Сондықтан, балалар ауруханасында алдын ала толыққанды диагноз бен зерттеулер жасалады. Яғни, бала биохимиялық қан талдауы, гемостазды бақылау, коагулограмма, эхокардиограмма, электрокардиография, ультрадыбыстық зерттеу, кеуде рентгені немесе компьютерлік томография сынды зерттеулерден өтеді. Себебі, мұндай балалардың бойында тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері және пневмонияның асқынуы болуы мүмкін. Сол себепті, ауруды асқындырып алмау үшін ауру белгілері байқалғанда балаға әртүрлі дәрілер мен вирусқа қарсы препараттарды ішкізе бермей, дереу дәрігерге қарату керек екен.

АУРУДЫ АСҚЫНДЫРМАУ – АСА МАҢЫЗДЫ

Не десек те, бала денсаулығын бақылауға алған жөн. «Сақтансаң – сақтайды» демекші, сақтық шараларына бейжай қарамаған абзал.

«Кавасаки синдромына» ұқсас мултижүйелі қабыну синдромының алдын алудың бір ғана жолы – баланы вирустан сақтау. Қоғамдық орындарда бетперде тағу, қолды жиі сабындап жуу, бөлмені жиі желдетіп тұру, дұрыс әрі уақытылы тамақтану, баланың өзгелермен байланысқа түспеуін қадағалау керек. Ал, синдром анықталған жағдайда, оны асқындырып алмау – аса маңызды, – дейді Перизат Ахмет.

Қасымхан ҒАЛЫМ.