Облыс әкіміРесми

Қарағандыда үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Қарағандыда үздік дәрігерлер облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды. Медицина қызметкерлері өз кәсіби мерекесін қиын кезеңде қарсы алуда. Дәл осы күрделі уақытта олар өз мамандығына және Гиппократ антына адалдығын дәлелдеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марапатталатынын лауреаттардың бір бөлігі жұмыс орнында жүріп білді. Медицина қызметкерлеріне құрмет көрсету жаңа форматта өтті. Байқау жеңімпаздары нағыз тележұлдыз болды. Олардың есімін жергілікті телеарналардың прайм-тайм эфирінде атап өтті. Ол үшін марапаттау рәсімінің арнайы тележобасы дайындалды.

«Мен бүгін сіздерді, біздің қымбатты дәрігерлерімізді, фельдшерлер мен медбикелерді құттықтап отырғаныма қуаныштымын. Әрқайсыңыздың қолыңызды алып, алғысымды айтқым келеді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, уақыт талаптары мен сіздердің талаптарыңызды сақтай отырып, біз сіздерді бейнебайланыс арқылы құттықтауға мәжбүрміз. Жалпыға ортақ күш-жігеріміздің арқасында біз жақында бұрынғы өмірімізге қайта ораламыз деп үміттенемін», – деді бейнеқұттықтауда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы атап өткендей, облыстың 18 мыңнан астам медицина қызметкері алдыңғы қатарда қызмет етуде. COVID-19-бен күреске 3 500 маман тартылды. Олар туыстары мен жақындарын ұзақ уақыт көрмейді және халық денсаулығын қорғау және өмірін құтқару үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда.

«Біз сіздердің жұмысыңызды барынша жеңілдетуге тырысамыз. Соңғы жылдары облыс медицинасы алға жылжыды. Қарағанды ең мықты медицина кадрларының ұстаханасы болды және солай болып қала береді», – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту және жаңа медициналық мекемелердің құрылысы туралы айтты.

Өңір басшысы дәрігерлерге мықты денсаулық, амандық және үйреншікті өмір ырғағына тезірек оралуын тіледі.

7 номинация бойынша жеңімпаздар 500 мың теңге көлемінде сыйақы алды.

«Кәсібіне адалдығы үшін» арнайы сыйлығы мен миллион теңге сертификатының иегерін Жеңіс Қасымбек телеэфирде жариялады. Бұл марапатқа Денсаулық сақтау ардагері, дәрігер-кардиолог Елубай Әбжанов ие болды.

1981 жылы ол еліміздегі алғашқы облыстық кардиологиялық диспансерді басқарды. Оның басшылығымен облыстың кардиологиялық қызметі жетілдірілді. Жоғары санатты кардиологтың марапаттарының ішінде КСРО ХДХ күміс медалі бар.

Жасы ұлғайғанына қарамастан, денсаулық сақтау ардагері қазір де сапта, денсаулық сақтау қызметінде қалып отыр. Елубай Әбжанов Мақажанов атындағы ауруханада еңбек етіп, Қарағанды медицина университетінде ғылыми жұмыстар жүргізуде.

Биыл облыс әкімі сыйлығының лауреаты атанғандар:

«Үздік терапевт» номинациясында – Сандуғаш Асанова, Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың терапевтік бөлімінің меңгерушісі;

«Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» – Валентина Гурр, Бұқар жырау ауданы Самарқанд ауылының дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері;

«Үздік орта медицина қызметкері» – Сәуле Жораева, Теміртау орталық ауруханасының жан сақтау және қарқынды терапия бөлімшесінің аға медбикесі;

«Үздік акушер-гинеколог» – Лидия Глазун, Шахтинск орталық ауруханасының акушерлік-гинекологиялық бөлімінің меңгерушісі;

«Үздік педиатр» – Қарлығаш Шариязданова, дәрігер-педиатр, облыстық балалар клиникалық ауруханасы директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары;

«Үздік хирург» – Еркебұлан Төлеубаев, облыстық клиникалық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі;

«Денсаулық сақтаудың үздік ұйымдастырушысы» – Баян Даниярова, облыстық клиникалық аурухана директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары.

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің күні жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау қызметкерлеріне сыйлығы 2006 жылы бекітілді.

ҚазАқпарат.

Басқа материалдар

Back to top button