АймақЖаңаарқа

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қандай да бір себептерге байланысты орын ала қалған өрттерді жедел ауыздықтау – әкімшілік бірліктердің атқарушы билігі мен салаға жауапты мемлекеттік органдардың басты міндеті. Себебі, оның арғы жағында адам өмірі мен қоғам мүлкін сақтау талабы тұрады. Осынау маңызды қажеттілікті негізге ала отырып, Жаңаарқа ауданының Айнабұлақ ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекеті қолданысқа берілді.

Маңызды нысанның салтанатты ашылу рәсімінде жергілікті тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Айқын Елеусізов, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы Арман Қазыбеков, аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы Қуаныш Дүйсенбеков және аталған ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдижан Сейдахметов құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Лентасын қиып, құрылым мамандарына сәттілік тіледі.

Аудандық және селолық мәдениет үйлерінің өнерпаздарының ән-шашуы жағымды жаңалыққа риза пейілдегі ауыл тұрғындарының қуанышын еселей түсті.

Уақыт тынысымен үндесе қадам басып, даму жолына түскен ауылды мекендейтін қалың қауым алдағы уақытта осы тектес көңілге қонымды істердің орнықты жүзеге асырылып, ел мұқтажы өтеле береріне сенімді. 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button