Руханият

Тәбәрік – тағдыр жолында

«Алысты жақын қылған қыздан, астың дәмін кіргізген тұздан айналайын» дегендей, дәм-тұз тартып, 1985 жылы Сыр елінен қасиетті Қарқаралы ауданы, Аппаз ауылының тұрғындары атам – Орал Қойшыбеков пен енем – Мағираш Бошанованың отбасына келін болып түстім. Содан бері отыз бес жыл уақытта өзім де келін түсіріп, немере тәрбиелеп отырмын, тәубе.

Жат жерге жаутаңдап келген жас келіннің ең бірінші арқасүйері, әрине, ата-енесі. Әке орнына – әке, ана орнына ана болған атам мен енем – киелі Ақтоғай елінің тумалары. Атам Қарқаралы зооветтехникумын бітіріп, еңбек жолын «Жамбыл» совхозы «Саз» бөлімшесінің зоотехник мамандығынан бастаған. Сол кездегі Жамбыл совхозының басшысы Сейілхан Қашқынбеков атамыздың тәрбиесін, жас маманның кадр болып қалыптасуында тегеурінді талаптарының орны ерекше екенін әрдайым құрметпен еске алып отырғаны құлағымда. Атамыз Кеңес Үкіметінің білікті маманы ретінде «Прогресс», «Киргизия» совхоздарының бас зоотехнигі қызметін атқарған. Облыстық ауылшаруашылық басқармасында қой шаруашылығы бөлімінде атақты ғалым Мыңжасар Әдекенов атаның қарамағында қызмет жасап, қарапайымдылығы мен кішіпейілдіктері ерекше есте қалған кісілердің үйінде бірге тұрған.

1980-ші жылдары жаңадан ашылған «Талды» ауданының бас зоотехнигі қызметін атқарған. Одан кейінгі еңбек жолы өзі алғаш бастаған Жамбыл совхозының бас зоотехнигі қызметімен жалғасып, 1993 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.

Екінші анамдай болған енем хақында да талай дүние айта аламын-ау. Балалары анасын «тәте» деген соң, мен де енемді «тәте» деп кеттім. Еңбек жолы бір кітап боларлық, сан қилы оқиғаларды тілге тиек етуге болады. 1960 жылы Қарағанды медицина училищесін бітіріп, еңбек жолын Ақтоғай ауданының емханасынан бастаған. Одан кейінгі медицина саласындағы жұмысы Саз, Жалпақшілік, Жамбыл ауылдарының сан-фельдшер мамандығы бойынша жалғасқан. Ол кездерде бір ауылдың бір фельдшері дәрігер деңгейінде жұмыс жасаған еді. Түк көрінбейтін боран, сықырлаған сары аяз бен құйып тұрған жаңбыр болсын, көмек қолын созуға асыққан абзал жан трактор ма, ат шана ма, ол да жоқ болса, қиналған науқасқа омбы қармен жаяу жететін. Саз бөлімшесінде бір күнде төрт әйелдің толғағы қатар келіп, төрт сәбидің дүниеге аман-есен келуіне көмектескенін айтып отырады. Ауыл балаларының көбіне енем кіндік шеше болды десе, артық айтқандық емес.

Тәтем жаратылысында өте тиянақты, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін зор жауапкершіліктің адамы. Денсаулық саласы қай кезде болмасын шұғыл шешім қабылдауды талап ететін, біліктілігің мен біліміңмен қоса жанашырлық пен жанкештілікті талап ететін аса жауапты мамандық. Тәтемнің басында осы қасиеттің барлығы бар. Тәтем медицина саласында тура 40 жыл қалтқысыз қызмет қылып, талай адамның батасын алған. Бірқатар мақтау қағаздары мен бағалы сыйларға ие болып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Өз әкем де көп жылдар ел басқарып, маман мен ұрпақ тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлген азамат. Мен үшін отбасындағы әке орны өте ерекше еді, әкемнің әрбір сөзі, «айналайыны» өмірімдегі ең үлкен сағынышым болды. Сондықтан болар, атамнан да, айналасындағы жолдастарынан да, көрші ата-ағалардың бәрінен әкемдегі жылылықты көріп тұратынмын. Біреуі, «айналайын» десе, төбем көкке бір елі жетпей қалатын. Сол ағалардың бірі де, бірегейі, ауыл дасымыз – Кәмен аға. Жылы жүзі мен жұмсақ үні әлі есімде. Құдайы көршілеріміз Қасым Жақыпбеков аға мен Күләш тәтенің орны тіпті бөлек, ағаны көргенде әкем тіріліп келгендей толқимын. Жақсы көрші мен салиқалы ағалардан жолымыз болған. Ауылымыздың ардақты атасы болып отырған салмақты да сабырлы Қабдікәрім Есенқабылов аға мен ұстаздардың ұстасы болған Мараш тәтені қалай айтпаймын?! Төкен есімді жан тәтемнің, иманды болсын, «айналайыны» естен кетпейді. «Ой, шіркін, дүние-ай, балаларым жас болды, көршіменен күн көрдім» деп, тәтем Ғайын, Бижан, Рысжан есімді жолдастарын еске алғанда, көкірегі қарс айрылып отырады. Әрдайым ауыл адамдарының, замандастарының жасаған сан қилы еңбектерін жырдай қылып айтып отырады.

Бүгінде Қарағанды қаласының тұрғындары атам Орал 82 жасқа, ал тәтем Мағираш маусым айының 6-сында 80 жасқа толды. Құдай қаласа, қараша айында отбасын құрғандарына да 60 жыл толмақ. Ата-енем дүниеге 5 перзент әкеліп, бәріне жоғары білім беріп, 4 келін түсіріп, немере, шөберенің қызығын көріп отырған баталы ата, ұлағатты әже. Төріміздегі қазынамыз болып, күні-түні ұрпағының амандығын тілеген ата-анамызға денсаулық, бақытты, баянды ғұмыр тілейміз. Балаларының жақсылығына ғана куә болса екен.

Ләззат Орал келіні ҚҰРМАНБАЕВА.

Басқа материалдар

Back to top button