Облыс әкіміРесми

Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ардагерлері!

Бүгін – жоғары кәсіби шеберліктері мен адал еңбектерімен адам өміріне араша болып жүрген дәрігерлер қауымының кәсіби мерекесі. Сіздерді осы мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.

Сіздердің жоғары біліктілік пен мейірімділікті, мамандыққа адалдықты қажет ететін, күн сайынғы адам өмірін сақтаудағы ерлікке толы қызметтеріңіз – қоғам үшін аса маңызды. Бұл күнде коронавирус індетінің таралуын алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар сіздердің қызметтеріңіздің қоғам алдындағы маңызын тағы бір мәрте айқындап берді. Өз өмірлеріңізге төнген қауіпке қарамастан бұл індетпен күрес шараларына бір кісідей жұмылып, қауіпті инфекцияның таралуына тосқауыл болып, өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып жатырсыздар.

Қысқа мерзім ішінде денсаулық сақтау саласының мамандары науқастарға медициналық көмек көрсетуді тоқтатпастан, ауруханаларды жұқпалы және провизорлық госпитальдарға айналдырып, емханаларды карантин жағдайына бейімдеді. Стационарлар мен емханалар дәрігерлерінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында біз төтенше жағдай режимінен ең аз зардаптармен шыға алдық.

Пандемия кезінде біз денсаулық сақтау жүйесінің олқы тұстарын анықтап, қазіргі уақытта аймақтың денсаулық сақтау жүйесін күшейту бағытында жұмыс істеудеміз.

Денсаулық сақтау жүйесін коронавирустық инфекция індетінің екінші толқынын қоса алғанда, орын алуы мүмкін жаңа қауіп-қатерлерге дайындау үшін біз инфекциялық қызметті қалпына келтіру және дамыту жөніндегі өңірлік жоспарды іске асыруға кірістік.

Осы мақсатта биылғы жылдың қараша айына дейін 7 жұқпалы аурулар госпиталі мен бөлімшесін қайта жаңарту және жөндеу, сондай-ақ, жарақтандыру жоспарлануда. Сонымен қатар эпидемиологтар мен инфекционистердің кәсіби деңгейін арттыруға қаражат бөлінді. Осы жұмыстардың нәтижесінде болашақ сын-қатерлерге қарсы тұруға қабілетті инфекциялық қауіпсіздіктің тұрақты жұмыс істейтін инфрақұрылымы құрылатын болады.

Құрметті достар!

Бұл мереке күні біз ардагерлер мен отандық медицинаның негізін қалаушыларға, өз еңбегімен Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласын дамытуға баға жетпес үлес қосып жүрген барлық дәрігерлерге, медициналық университет пен колледж қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз.

Бүгінгі жүрекжарды құттықтауларымыз бен тілектеріміз мерекеге қарамастан қызметте туыстары мен жақындарынан жырақта жүріп, инфекциялық госпитальдарда вахтаны жалғастырып жатқан, ауруханалар мен перзентханаларда, жедел жәрдем бригадаларында кезекшілік етіп жатқан барлық азаматтарға арналады.

Облыс тұрғындары атынан Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздерге зор денсаулық, бақыт пен бақ-береке тілейміз!

Жеңіс ҚАСЫМБЕК,

Қарағанды облысының әкімі.

Серік ӨТЕШОВ,

Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button