Апат айтып келмейді

Теміржол төңірегінде сақтық шарасының сақталмауы, соның салдарынан тиісті Ереже бұзылуының жиілеуі бізді қатты алаңдатып отыр. Дистанция мамандары жол полициясымен бірлесіп автокөлік жүргізушілермен, жергілікті әкімдік арқылы теміржол бойындағы тұрғындармен, әсіресе, мал ұстайтын адамдармен қауіп-қатердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуіне қарамастан ережені өрескел бұзу тиылар емес.

Биыл 8 айда Жаңаарқа жол дистанциясының телімінде малдың бірнеше мәрте жолға шығып кетуі орын алды. Соның салдарынан поезды апатқа ұшырату қаупі төнгендіктен, оның алдын алу үшін локомотив машинистері 72 рет шұғыл тоқтау тетігін қосуға мәжбүр болды. Поезды бұлай шұғыл тоқтату вагондағы адамның жарақат алуы мен жүктің соқтығысуына әкелуі, оның зардабы оңайға соқпайтыны өзінен-өзі түсінікті. Ал, поездың мал басуы дөңгелектің рельстен шығуына апарып соқтыруы әбден мүмкін.

Бағусыз, қараусыз жүрген малдың теміржолға шығып кетуі Өспен, Көктіңкөлі, Ералиев, Түгіскен, Байдалы би, Ақтүбек ауылдық округтері, Қызылжар кенті, Мыңадыр, Жомарт, Жеңіс, Қызылжар, Түйемойнақ станциялары маңайында өте жиілеп кетті. Өйткені, иелері таң атысымен өріске шығарып жібереді де, кейін қарамайды. Бұл поезд қатынасына кедергі келтірумен қатар, адам өміріне де қауіп тудырады. Мұндай жауапсыздықтан, жаны ашымастықтан арылған абзал.

Жалпы теміржол бойында мал бағуға арналған арнайы ереже де бар. Мәселен, малды жол табанынан 300 метр қашықтықта арқандап жаюға болады. Ал, бос малды бағуға теміржолдан екі шақырым қашықтықта ғана рұқсат етіледі. Ескерту белгісі немесе арнаулы өтпесі жоқ жерден мал айдауға мүлде болмайды. Кейде көп малды келесі бетке өткізуге тура келеді. Ондайда мал иесі міндетті түрде жергілікті жол шеберлеріне алдын ала ескертуге тиіс. Өкінішке орай, осы қарапайым қағида сақтала бермейді.

Автокөлік жүргізушілері де алаңсыз. Өткелге жақындағанда екі жақтан келе жатқан поездың бар-жоғына назар аудармайды. Тоспа мен бағдаршамға кемі 5 метр жер қалғанда, олар болмаған жағдайда шойынжолға кемі 10 метр қалғанда тоқтау керектігін ескермей, автокөліктің тұмсығын тіреп қояды. Тіпті, өткелден өтерде теміржол табанында тоқтап қалса да шұғыл шара қолданудың немесе қауіпті жерге қоршау белгісін қоюдың орнына автокөлігін тастап кеткенді де көрдік.

Апат айтып келмейді. Ал, теміржол бойынша оның ықтималдығы еселене түседі. Сондықтан, «Сақтансаң — сақтайды» деген қағиданы естен шығармайық. «Теміржол қатынасы қауіпсіздігіне қатысты ережені қатаң сақтайық», дегім келеді.

Ғабиболла МҰҚАШЕВ,

жол дистанциясының басшысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.