Бас тақырыпЖаңалықтар

Сахнадағы сұлу тағдыр

…Қателеспесем, 1978 жыл болуы керек. Сол жылы Баянауыл өңіріне бір айлық гастрольдік сапармен барған едік. Елдімекендерді аралап, театр өнерін ауыл-аймаққа жеткізіп, спектакльдер қойып жүрдік. Кеңес дәуірінің тұсында жазғы демалыс уақытында театрлар мен филармония ұжымдары бірнеше айлап елдімекендерді аралайтын дәстүр бар болатын-ды. Өнер адамдары ауылдарға барып, спектакль қойып, концерт беріп, халықпен етене араласатын. Ол кездің өзіне тән қызығы да, қиындығы да бар еді.

Сурет автордан

Сол жылдардың бірінде С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының бір бригадасын талантты актер Жанас Ысқақов бастап, Павлодар облысының елдімекендерін аралауға шықты. «Кубань» автобусы зырғып келеді. Ұжымда он шақты актер бар. Әркім өз костюмін, өз реквизитін арқалап, ауылдан ауылға көшіп жүріп, талай сапарларды бастан өткердік. Бүгінде сол күндердің бәрі алыста қалған жастық шақтың аяулы естелігі болып артымызда қалды.

Сол сапарлардан есімде ерекше сақталған бір сәт бар. Бүгінгі кейіпкеріміз – Бижамал Далабайқызы да сол бір кездейсоқ кездесудің естелігімен байланысты.

Мен алғаш рет Бижамалды Павлодар облысындағы Қазақ елінің ең көрікті, сұлулығымен таңдай қақтыратын Баянауыл баурайында 1975 жылы көрдім.

Театрдың жас актерлері Қ.Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясымен гастрольге Баянауыл ауданының орталығына барғанбыз. Сұлу табиғатқа ашкөзденіп, Сабынды көлінің жақпар тастарының үстіне шығып отырғанымда, көңілдері шат, үш-төрт қыз бала қуаныштың қызуымен аяқ киімдерін қолдарына ұстаған күйі көлдің мүйісіндегі биіктеу тастың үстіне жүгіріп шығып, екі қолын ұшар құстың қос қанатындай кең жайып бар дауысымен: «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам! Қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам?!» – деп С.Торайғыровтың өлеңін асқақ қуаныш үнімен оқи жөнелді.

Дауысы саңқ-саңқ етіп, теңіз жағасында қалықтаған шағаладай ап-анық екпінмен естіліп тұр. Төменде отырған бізді көріп қысылып қалған қызға: «Керемет, нағыз әртіс болатын бала екенсің», – деп бас бармағын көрсеткен Жанас әріптесімізге: «Бүгін спектакль қоятын әртістерсіздер ме?» – деп қарсы сұрақпен жауап берді.

Жанас та өлең оқыған қыз баланың дикциясымен анық жүректен шыққан сөзіне ризалығын білдіріп: «Мен Торайғыров ауылынанмын, Қызылшілік» бөлімшесінен. Қазір Қарағанды театрында қызмет істеймін. Кешке ойынға келіңдер!» – деді.

Өлең оқыған қыз бала: «Міндетті түрде барамыз. Бүгін аттестат алып, ауылға қайтпай класс жетекшіміз бастап, кешке спектакльге барамыз деп шештік. Ағай, қалай әртіс болуға болады?» – деді қасындағы қыздардың бірі.

«Біздің Бижамал өлеңді жақсы оқиды, сахнада Мәншүкті ойнады, аумайды солдат киімін кигенде», – деп құрбылары мақтауын асырып жатыр.

Жарас та әлгі қыз баланың өнерге құштарлығын сезіп: «Алматыда консерваторияда актерлер факультеті бар. Әуезов театрының жанында актерлер студиясы бар, мен соны оқып тауыстым. Бірақ, биыл қабылдамайды. Екі жылда бір рет қабылдайды. Есесіне биыл Қарағандының Сәкен театры жанында студия бар. Әлі қабылдап жатырмыз. Келіп түс, оқуың сәтімен аяқталған соң консерваторияға баруға болады», – дегенде өлең оқыған қыз баланың көзі жарқырап, қуаныштан жүзі балбұл жанып кетті.

«Рас па аға?! Қарағандыда әртіс дайындайтын оқу бар ма? Үйдегілер Қарағандыға жібереді. Жақын ғой», – деп қуанып кетті.

Содан Баянауыл ауданының барлық ауылдарын аралап, Қарағандыға қайтар жолда Сәтбаев ауылына аялдадық. Клубқа кірсек, жастар кезекті репетициясын өткізіп, ән салып жатыр екен. Баянның сүйемелдеуімен өлең айтып тұрған екі қыздың бірі көзіме оттай басылды.

Жарас: «Өткендегі Сабындыкөл жағасында өлең оқып әртістік оқуға барам деп ниет еткен қыз ғой, әнді де тамылжытып айтады екен», – деп ризашылығын білдіріп жатыр.

Сахнада тұрып бізді байқап қалған көзкөрген қыз бала жүгіріп келіп жайдары амандасып: «Бізге де ойын қоясыздар ма? Ой, жақсы болды!» – деп клуб меңгерушісіне мақтап жатыр.

Меңгеруші де: «Рабочком бізге жібереді, ағайларды орналастыру керек», – деп айтқаны мұң екен, көзкөрген қыз бала: «Мен үйге апара аламын», – деп бірден кесіп айтты.

«Бижамал-ау, он адам көп қой, қыздарды ал, ұлдарды мен алайын» дегенімде, «Жоқ, ағай, мен баяғыдан сіздермен таныспын ғой. Күзде әртіс болуға оқуға Қарағандыға барамын. Бәріңізді де өзім қонақ етемін» – деп бәрімізді үйіне алып барды.

Көңіліміз күпті болып үйге кіргенімізде, жадырап құшағын жайып алдымыздан шыққанда, сағынған бауырларын көрген әпкеміздей күлімдеп қарсы алған анасын көргенде, өз үйімізге келгендей қуанып кеттік.

Көпбалалы үйдің іші-сырты жинақы. Тазалығы тіптен ерекше. Ауылға келген аудан, облыс басшылары көбіне осы үйге түседі екен. Аз уақытта дастархан мәзірі дайын болып, тамақтанып алып аулаға шықсақ, айналаға су шашып көлеңкеге отыратын орындық қойып, үстіне көрпеше төсеп дайындап қойған. Кішкентайлары сүлгі ұстап, ұлдары құманмен су құйып, әркім өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, мәз болып жүр.

Біз келгенде жайлаудағы әкесіне хабар беруге кеткен үлкен ұлы Өсербай (өздері Алеша дейді екен) мал ала келіп, қой сойып мүшелеп жатыр екен. Анасының айтқанын іні-сіңілілеріне жеткізіп, орындалуын қадағалап жүрген Бижамал екен.

Үйдегі сегіз баланың бәрі бір-біріне көмектесіп, бауырмал қалпымен бізді таң қалдырды. Ата-ананың тәрбиесі ұрпақтарына бұлжымайтын заңдай қабылданары бізді қайран қалдырды.

Содан бері елу жыл өтсе де, Далабай аға мен жеңгейдің балалары күні бүгінге дейін бауырмал тату-тәтті. Ауылдағысы қаладағыларға, қаладағылар ауылға көмектесіп, қол ұшын беріп, бауырмалдық үрдісті жалғастырып келеді. Бәріне ұйтқы болатын Бижамал болатын.

Әке-шешелерінің тұңғышы Бижамал болғандықтан, барлық той-томалақтың тұтқасын Бижамал мен Қайрат ұстайтын. Шіркін, қазақы тәрбиенің үрдісін жалғастырып, ұрпағының бойына дарытып, сабақтастырып отырған осындай отбасыларынан қалай айналмайсың?!

Бижамал сол жылы (1975 ж.) Қарағандыға келіп, біздің театр студиясына түсті. Режиссер Жақып Омаровтың, Жәмила Шашкинаның дәрістерін тыңдап, спектакльдерде көпшілік сахнасына шығып, алдыңғы толқын апа-ағалардың шеберліктерін көріп, тәжірибе жинақтап өсті.

Студияны оқып аяқтаған соң театрда қалып, бірнеше кейіпкерлерді сомдады. Сомдағанда да өте керемет сомдап шықты.

Балаларының бәрі жан-жаққа тарап бара жатқанда, қанша қимаса да, бақыт тілеп, жүрегі жылап тұрып ғибратты ғұмыр тілеген ана бейнесін көріп отырып, аруананың балаларына деген ішкі жан дүниесінің кеңдігін, жүрек жылуының ерекшелігін көріп, «Ана» деген үш әріпке махаббатың артады.

Бижамал Кесария образын ойнап, әйел бақытына қол жеткізген, ұрпағы үшін бар қиындықты жеңе білген, бірбеткей, қиқар күйеуі Агобомен бала-келіндерінің арасын шиеленістірмей, тек татулық сақтау үшін «жамандықтарын жасырып, жақсылықтарын асырып» отырып, отбасының берекесін келтіріп отырған тағдырлы ананың бейнесімен ыстық қошеметке бөленді.

Ұлы Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясында, А.Чеховтың «Шағаласында», Ә.Несиннің «Өлтірші мені, көгершінімдегі» бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, ұлттық санасы да, заманы да, салт-дәстүрі де бөлек кейіпкерлер галереясын, ішкі жан дүниесінің байлығы мен білімділігінің әрі қажымайтын еңбекқорлығының арқасында актерлік шеберлігінің биіктерін бағындырып, көрермендердің ризашылығын иеленді.

Қазақ актрисаларының көбінің арман рөлдерінің бірі – М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Мөржан бейнесі. Режиссер Қ.Қасымовтың қойылымындағы Мөржан бейнесі Бижамал Кемалованың сомдауында алдыңғы толқын амалдарынан бөлек, бар жағдайды ішіне түйіп, тек көз жанарымен ықтырып, басынан сөз асырмайтын, бір рулы елді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын» әмірлі әйелдің толыққанды бейнесі болып шықты.

Бижамал бұл бейнені жәй басқан, бірақ нық жүрісі, ұнамай қалған іс-әрекеттерге ызалы жымиыспен қарап, ал, сөз жарысына келгенде әрбір сөзін нығыздап, бет қаратпайтын ызғарлы желдей есіп, қаққан қазықтай жерге қаратып жіберетін айбарлы қатыгез бәйбіше образына дейін көтерілген айтулы шеберліктің биік шыңына жеткізді.

Ал, комедиялық образдарды сомдауда ерекше жеңіл, тартымды, сөз саптауы зілсіз, бірақ, күлдіріп отырып, «шымшып» алатын, «тотияйын» тілді болатын. Сахнадағы қимыл әрекеті, жеңіл жүріс-тұрысы нағыз қазақ әйеліне тән.

Әсіресе, режиссер Д.Еспаев қойған, Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі» комедиясындағы Биғаным, Б.Ұзақовтың «Қалқаның талқанындағы Советкүл», М.Ахунзаденің «Масталишах дәруішіндегі» Шахрабану ханым образдары өзінің табиғилығымен ерекшеленеді.

Бижамал қандай кейіпкерлерді сомдаса да, сахнада табиғатынан байсалды, ұлттық салт-дәстүрді терең игерген, сахна төрінде де сезімге бай, мәдениеті жоғары, ой-өрісі кең және сахнадан ішкі жан дүниесінің тазалығы, рухани байлығы әрдайым сезіліп тұратын актриса еді.

Театр сахнасында әрбір спектакльдерде рөлдері бола тұра ең басты жауапкершілік отбасылық жағдайда екенін ол әсте естен шығарған емес. Жолдасы Қайрат Кемаловтың еңбек жолындағы өсуіне жағдай жасап, Отелло, Абай, Бәйдібек, Бақтықұл, Мәди образдарын дайындағанда күндіз-түні театрдан шықпай, әлсін-әлсін ыстық шайын әкеліп, қамқорлық көрсетіп жүргеніне талай куә болғанбыз.

Үйдегі балалары Саяты мен Әнелінің тәрбиесі де мойнында. Атам қазақ айтпақшы, «Еркек – асыраушы, әйел – тәрбиелеуші». Ал, Қайрат ұзақ уақытқа киноға түсуге кеткенде, үй шаруасы мен театрдағы жұмыс бәрі де Бижамалдың мойнында-тұғын. Қала берді колледждегі сабағы тағы бар.

Тіршіліктің барлық ауыртпалығына еш мойымай, бәріне үлгеріп, тиянақты атқарып жүрген өте іскер, еңбекқор адам болатын.

Осыдан тура бір жыл бұрын 2025 жылдың 19 шілдесінде аяулы жолдасы Қайрат өмірден өткенде оған да, қараша елге де қатты соққы болды. Қырық жылдан астам сүйікті жары, отбасының арқасүйер тірегінен айырылған сәтін естігенде: «Мен енді қайтемін?!…» деп жанұшыра есінен танып қалған Бижамал, сол кезден оңалмай, сырқатқа шалдығып жатып қалды.

Қайратсыз өмірін еш елестете алмай, жылын өткеріп он күн өткенде сүйікті жарының соңынан кете барды.

Өнер жолындағы көптеген нәзік жандылар дәл осы тұста сағы сынып, сахнадан алыстап жатады. Тұрмыс құрып, бала тәрбиесіне байланысты талай талантты актрисаның өнерден біржола қол үзгенін көзіміз көрді. Өкінішті, әрине! Ал, Бижамалдың бағы Қайрат болды. Ол оның өнерін де, өмірін де түсінген жан серігі еді.

Бұрынырақ үлкендердің аузынан: «Егіз туған кейбір балалардың бірі ауырса, екіншісі де ауырып, бірі мұңайса, екіншісі қанша қашықта жүрсе де, көңілі құлазып, мазасы кетеді», – дегенді еститінбіз. Мұндайды ел ішінде «кіндігі бір» деп жататын. Медицинада мұның атауы қалай екенін білмейміз.

Бірақ, екі адамның бір-біріне деген ыстық махаббаты мен жан байланысының сондай бір тылсым сырын Қайрат пен Бижамалдың тағдырынан көргендеймін. Бәлкім, бұлардың да махаббаты бір кіндігі болған шығар. Апыр-ай…

Былтыр ғана Қайраттан айырылып, оның қазасының қайғысын көтеріп жүрген Бижамалдың араға жыл салып, соңынан аттанып кеткені қалай? Еріксіз Шахбозбек Рахмановтың:

«Жалғыз аққу көрдім айдын бетінде,
Бейнесі оның ұқсап кетті жетімге.
Күз келгенде өзге құстар топтанып,
Үйірімен жылы жаққа кетуге…»

деген әні еске түседі.

Дүниеде жалғыз қалмау екен ғой аққулардың арманы. Өмірде де, өнерде де жұп жазбай бірге еңбек еткен қос жүректің бір-бірінен көп ұзамай арамыздан аттанып кеткені қалай?! Жаратқанның жазғанына дәрмен бар ма?!

Шүкір, соңдарында бір ұл, бір қызы қалды. Екеуінің де азамат болып, ел санасатын ер-азамат болып өсуіне әке-шеше бар ғұмырын арнады. Балаларының басын құрап, төс түйістіріп құда-жекжат болуға да үлгерді. Әттең, енді сол ұл мен қыздың балаларын көріп, немере сүйіп, тәтті қылығына мәз болып, қызығына ортақтасу бұйырмады.

Қайрат пен Бижамалдың ғұмыры – сахнадағы қос өнер иелерінің ғана емес, өмірде де бір-біріне сүйеніш болған қос жүректің тағдыры. Олар өнерде де, өмірде де жұптарын жазбай өтті. Енді сол қос аққу мәңгілік сапарға бірге аттанғандай…

Жандары жәннатта, рухтары шадыман болсын. Артында қалған ұл-қызына, туған-туысына Жаратқан сабыр берсін. Ал, ел есінде олардың өнері де, адамдық болмысы да, бір-біріне деген мөлдір махаббаты да мәңгі сақталғай.

Сахна төрінде де, өмір айдынында да қатар жүзген қос аққудай өмір сүрген аяулы өнер қайраткерлері еліне өнегелі іздерін қалдырып, театр тарихында қатталып қалды. Өткен өмірлерін саралап қарасаңыз, өнер қамытын мойындарына іліп, ауыр жүгін тартып, мерейлі даңқын асырған Қайрат болса, отбасылық ауыртпалықтың мехнатын тартқан Бижамал екені сөзсіз.

Әйел бақытын асқан ақылмен, тәрбиелігімен, кішіпейілдігімен, ең бастысы, шыдамдылық жігерімен көтере білу – асқақ абырой. Халқымыз айтқандай, «Кез келген еркектің артында, мықты әйел тұрады».

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның Халық әртісі,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button