Абай облысында үш теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды
Абай облысында Үшбиік, Шар және Жарма станцияларындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысандарды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.

Вокзалдарды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жолаушылар мен теміржол қызметкерлері үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасауға, сондай-ақ заманауи талаптарды ескере отырып, теміржол инфрақұрылымы нысандарын жаңартуға бағытталған.
1980 жылы салынған Үшбиік станциясының теміржол вокзалы 2-санатты вокзалдарға жатады. Қайта жаңғырту аясында сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің сыртқы инженерлік желілерін жүргізу, қосымша құрылыс салу, ғимараттың сырты мен ішін әрлеу, ішкі инженерлік коммуникацияларды жаңарту және перронды абаттандыру жұмыстары орындалды.

Станция арқылы Семей, Қызылорда, Алматы, Өскемен, Ақтоғай, Шу, Тараз, Шымкент, Түркістан, Павлодар және Қарағанды қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 10 жолаушылар пойызы өтеді.

1982 жылы салынған Шар станциясының теміржол вокзалы 1-санатты вокзалдарға жатады. Жөндеу барысында ғимараттың қаңқасы мен шатыры жаңартылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді, сумен жабдықтаудың сыртқы желілері мен ішкі инженерлік коммуникациялар жаңартылды, сондай-ақ перрон реконструкцияланды.

Станция арқылы Семей, Қызылорда, Алматы, Өскемен, Достық, Қарағанды, Астана, Ақтоғай, Балқаш, Шу, Шымкент және Түркістан қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 18 жолаушылар пойызы өтеді.

Жарма станциясында 1996 жылы салынған және 2-санатты вокзалдарға жататын нысан жаңартылды. Жоба аясында нөлдік цикл және ғимарат қаңқасын салу жұмыстары жүргізіліп, үй-жайлардың ішкі әрлеуі орындалды, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің сыртқы инженерлік желілері жаңартылды, сондай-ақ перрон реконструкцияланды.

Станция арқылы Семей, Қызылорда, Өскемен, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Достық, Ақтоғай және Балқаш қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 12 жолаушылар пойызы өтеді.

Осылайша, Абай облысында жолаушылар тасымалын және өңір елді мекендерінің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын үш теміржол вокзалы жаңартылды. Жобаларды іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыруға, вокзалдарда күту жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ нысандардың қауіпсіздік, жайлылық және қызмет көрсету сапасына қойылатын заманауи талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



