Қауымның қамын кім ойлайды?

Елге індет кіргелі сақтық шарасы қатаң жүзеге асырылуда. Бірнеше айға созылған карантиннің өз талаптары бар. Оны орындау тура «қағазда жазылғандай» жүзеге асып жатыр ма? Әсіресе, халық көп шоғырланатын, қызметіне жүгінетін орындар қауіпсіз бе?.. Санадағы сан сұраққа жауап іздедік.

Қаладағы халық қызметіне жүгінетін әлеуметтік мекеменің бірнешеуіне бас сұқтық: карантин басталғалы ұзын-сонар кезектен арылмайтын «Халық банкі», пошта бөлімшесі мен халыққа қызмет көрсету орталығы. Аудан халқының басым бөлігі осы мекемелердің қызметін тұтынады. Әлеуметтік төлем мен зейнетақы алады, несиесі мен коммуналдық қызмет ақысын, салық, айыппұл төлеп, хат жіберіп, құжаты мен тапсырысын алады. Бұл – мен білетін күнделікті жұмыс үдерісі. Осындай қызметті тұтынатын халық ауа райының ешқандай қолайсыздығына қарамайды.

– Пошта үш түрлі қызмет көрсетеді: қаржылық, хат-хабар тасымалы және агенттік. Бүгінде қызмет көрсететін 4 терезенің екеуі істеп тұр. Халықтың басым бөлігі зейнетақы алуға, несиесі мен коммуналдық қызмет ақысын төлеуге келеді. Ғимараттың сыртына банкомат қойылған. Ішінде кассада көрсетілетін барлық қызмет түрі шоғырланған терминал тұр. Алайда, халық бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланбайды. Егер банкоматтан ақшасын алып, қажетті төлемді терминалға салса, уақыттан ұтар еді. Ауданда 21 филиал бар. Ауыл адамдары да жергілікті жердегі тура жоғарыдағыдай қызмет түрін көрсететін пошта бөлімшесіне баруына болар еді. Алайда, орталыққа келіп, ұзын-сонар кезекке тұрады, – дейді пошта бөлімінің басшысы Ахат Баяндин.

Пошта алдындағы қалың кезек пен халыққа қолайлы жағдай тудыру мақсатында таяуда мекеменің алдына екі шатыр қойылды. Орындыққа тапсырыс беріпті. Заманның тыныш кезінде де осы поштаның іші адамнан арылмайтын еді. Бүгінде сол кезек карантиндік талапты орындау үшін сыртқа шығарылды. Күзетші біреуден кіргізеді. Залда арақашықтық сақталған 5 орын бар. Ал, сыртқы жабық дәлізде иық тірескен адам. Қойылған қос шатыр күн жылыда пайдаға жарар, ертең күн суытып, жауын-шашын жиілегенде пана бола ма? Әрі жоғарыда айтылған терминалға жеке бір кеңесші қоймаса, кез келген адам оның тілін түсіне бермейді.

Адамның көп шаруасының шешімін табуы халыққа қызмет көрсету орталығының тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Көп мәселе қағазға қараған уақыт. Бұл мекеменің де аядай дәлізінде ине шаншар жер жоқ. Басшысы Ерслан Мұздыбай:

– Бізде қазір 10 терезенің төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Әр секторда бір адамнан ғана. Мамандар жетіспейді. Карантин салдарынан жұмыс уакыты сағат 14:00-ге дейін қысқарды. Осы уақытта үзіліссіз 150-200 адамға дейін қабылдаймыз. Негізі әр ауылдың әкімдігінде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы бар. Онда egov.kz арқылы қажетті анықтама алуға болады, – дейді.

Бірақ, ауылдан келгендер жергілікті әкімдікте көрсетілетін электрондық үкімет порталының қызметінен бейхабар болып шықты.

– Мен сырттағы кезекке таңертең сағат тоғызда келіп тұрдым, екі сағат өткенде ішке кіріп, талон алдым. Алдымда әлі талай адам бар. Түскі сағат екіге дейін үлгерем бе, білмеймін. Жеке кәсіпкермін, ЭЦП алуға келдім. Одан кейін пошта мен салық басқармасына баруым керек. Ауылдан аудан орталығына барып-қайту жолақысы – 3 мың теңге. Егер жұмысым бітпесе, ертең тағы келемін, – дейді аудан орталығынан 165 шақырым қашықтықтағы «Бесоба» ауылының тұрғыны Гүлден Ахметбекова.

Сыртта тұрған басқа адамдар да «Ауылдан такси жалдап келеміз. Екіге дейін үлгермесек, ертеңінде қайта келеміз. Неге жұмыс уақытын бұрынғыдай қалыпты жағдайға келтірмейді? Сонда әуре-сарсаңға түспес едік» дейді. Жергілікті басшылардың айтуына қарағанда, бұл тек Қарқаралы емес, жалпы ел бойынша қалыптасқан қиын жағдай.

«Халық» банкіне де ат ізін салдық. Бұл жерде де ұзын-сонар кезек. Әсіресе, айдың ортасында тиісті төлем түскен кезде банкоматқа маңайлау мүмкін емес. Алайда, пошта қызметіне қарағанда, жеделдік байқалады. Ішке бір-бірлеп кірген адамдар кассаға барады немесе терминалда арнайы кеңесшінің көмегімен жұмысын лезде бітіріп шығып жатыр.

Халыққа қызмет көрсететін үш мекемедегі жағдай үш түрлі. Жұмысқа кедергі келтіріп тұрған мәселені тізбектеп өттік. Ортақ кемшілік — карантин талабы толық сақталып отырған жоқ. Тұтынушыларға деп қойған поштаның шатыры, Халыққа қызмет көрсету орталығының аядай дәлізі мен «Халық» банкінің банкомат орналасқан тар орны санитарлық талапқа сай ма, белгіленген уақытта залалсыздандырыла ма? Ал, сақтауға тиіс арақашықтық туралы айтып қажеті жоқ. 

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.