Бас тақырыпОблыс әкіміРесми

Жаңа кеңестің жүгі ауыр

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының орындалысын бақылайтын республикадағы алғашқы аймақтық Қоғамдық кеңес біздің облыста құрылды. Оның құрамында саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, үкіметтік емес ұйымдардың және өзге де азаматтық қоғам институттарының өкілдері бар. Кеңестің бірінші отырысы облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ басшылығымен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өтті.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

– Үстіміздегі жылдың ең маңызды шараларының бірі – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы». Әр бастама халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді. Бұл құжат шыққан сәттен бастап Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отан» партиясына Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен осы әлеуметтік бастамалардың орындалуын бақылауды тапсырды. Бұл мәселе Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы сессиясында да сөз болды, – деді Ерлан Қошанов.
Аймақ басшысы атап өкендей, бес әлеуметтік бастаманың әрқайсысы маңызды. Халық үшін. Мысалға, Астанаға бағыт алатын газ құбырының басым бөлігі біздің облыс аймағы арқылы өтеді. Бұл дегеніңіз, 800 шақырым көлеміндегі құбыр. Іске кіріскен Қоғамдық кеңестің төрағасы болып облыстық мәслихат депутаты Серғазы Әдекенов сайланды. Кеңес хатшысы – «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Бағыжан Сәдірбекова.
Алдағы уақытта нақты бағыттарға қадағалау жасайтын жұмыс топтары құрылатын болады. Бүгіннің өзінде әрбір әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру мақсатындағы әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақты айтсақ, облыста биыл шағын несиелеуге 5,7 млрд. теңге қарастырылған. Яғни, 1500 шағын несие беріліп, кәсібін ашуға ниетті екі мың адам қосымша оқытылады. Моноқалалар мен ауылдық елді мекендер тұрғындарының 200-ден астам стартап-жобасы қаржыландырылады.
Сондай-ақ, жатақхананы қажет ететін студенттер саны да анықталған. Сұраныс 2700 орыннан асады. Мәселені реттеу мақсатында биыл Қарағанды, Абай және Балқаш қалаларындағы колледждердің жатақханаларына арналып үш ғимарат қайта қалпына келтіріледі. Келер жылы 4 студенттік жатақхана салу жоспарланып отыр. Оның үшеуі мемлекеттік-жекеменшік
серіктестік арқылы салынса, бір жатақхана жергілікті бюджет есебінен бой көтермек.
Салықтық жүктемені төмендету мәселесі де қатаң бақылауға алынған. Тиісті құжаттар рәсімделуде. Алдын ала болжам бойынша, бұл облыстағы 80 мың жұмысшының еңбекақысына
оң өзгеріс әкелуі тиіс. Президенттің бес әлеуметтік бастамасында елді елең еткізген жағымды жаңалықтың бірі – «7 – 20 – 25»  бағдарламасын іске қосу. Жаңа шарттар бойынша несиелендіру жұмысы осы жылдың екінші жартыжылдығында басталады деген болжам бар.
Қоғамдық кеңес мүшелері, әсіресе, газдандыру жобасы төңірегіндегі мәселелерді қызу талқылады. Себебі, жоғарыда жазғанымыздай, газ құбырының басым бөлігі біздің облыс арқылы өтеді. Газ саласының ардагері Геннадий Овчаров «ҚарағандыОблГаз» мамандандырылған кәсіпорнын құруды ұсынды. Ал, облыстағы Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Николай Абтгаз саласына қажетті құрылғыларды жергілікті зауыттарда өндіру қажеттігін алға тартты. 

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі:
– Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға білек сыбана кірістік. Біздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Кеңестің бірінші отырысының өзінде пайдалы ұсыныс-пікірлер ортаға салынды, – деді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Ерлан Қошанов Қоғамдық кеңес, тек, Елбасы бастамаларының орындалуын ғана бақылап қоймайтынын айтты. 

– Ең бастысы, барлық күштерді біріктіріп, әр бағыттың орындалуына жауапты құрылымдарға нақты көмек көрсету қажет, – деді облыс басшысы.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button